Күткеніңіз БОЛМАЙ ҚАЛДЫ, не ІСТЕУ КЕРЕК?

0
2 061

Бұл күйзелістің алдын алу ғана емес, өзгеріске қадам


Күткеніңіз БОЛМАЙ ҚАЛДЫ, не ІСТЕУ КЕРЕК?

Фото: pixnio.com

Емтихан, тест тапсыру, жоба қорғау, ем қабылдау, жүктілік, жұмыс немесе отбасылық өмір бастауда да белгілі бір жағдайларға байланысты жақсы нәтиже күтеміз. Бірақ нәтиже әрқашан адамның ойлағанындай бола бермейді.


Сіз күткендей нәтиже болмаса, не істейсіз? Жорамал жасап көрейік:

  • Өзіңізді немесе басқа біреуді жазғырасыз;
  • Ашуланасыз, жылайсыз;
  • Барлық нәрседен түңіліп жата бересіз;
  • Ешкіммен сөйлеспей қоясыз;
  • Өмірге қызығушылық жоғалады;
  • Тамақ ішпейсіз;
  • Үйден шықпайсыз...

Әрине, өзін-өзі қолға алғанмен, күткені болмай қалған адам бұндай эмоцияларды басынан өткізбей қоймайды. Ең жаманы, жағымсыз эмоциялардың күйзеліске қарай жетелеуі. Оның соңғы аялдамасы – суицид. Міне, осыдан сақтану керек.

Ал бұның ең оңай әрі дұрыс жолы – күтуді доғару. Иә, белгілі бір нәтижені күтпеңіз. Бұл күйзелістің алдын алу ғана емес, өзгеріске қадам. Ешнәрсені, ешкімді күтпей өмір сүрудің пайдасы туралы психологтар былай дейді.



Құдайға сенім артады

Қай дінде де «Өміріңді реттегің келсе алдымен құдаймен қарым-қатынасыңды ретте» деп айтылады. Тәрбиеге байланысты немесе басқа да жағдайдың әсерінен құдайдың бар екеніне сенбейтін шығарсыз. Дегенмен, барлық адам әйтеуір бір құдыреттің, тылсым күштің бар екеніне сенеді. Күтіп өмір сүруді тоқтатқанда адамның осы бір сенімі күшейеді екен де ол оның көзқарасын өзгертеді. Содан соң ол адамда «Бұл өмірге қиналу үшін келмеген шығармын», «Тағдырға жазылғаны болады», «Бұның да бір қайыры болар» деген түсінік қалыптаса бастайды. Осындай түсінік арқылы адамның құдайға сенімі (пайда болады) артады. Ал сенім үміт отын жағады. Сенімі артқан адамның өмірі біртіндеп реттеліп жатқанын кейінірек түсінеді.

Бұл орайда сананы жаулап алған жағдайды, ойды «Бұйырса болар...», «Бір құдайдың қолында ғой» деп еркіне босатып жібергенде, ұзақ жыл күткені көп ұзамай орындалғанын таңдана айтатындар аз емес. Бұл қалай орын алады?

Адам тілегін күндіз-түні ойлай беретін болса, оны ойымен матап қозғалтпай тастайды екен. «Көп ойлау арқылы тілектің қуатын сорып сарқиды» дейді кей мамандар. Ал «Болса жақсы, орындалмаса реніш жоқ, разымын», «Бұйырғаны», «Бұған да шүкір» деп жағдайды ұмытқанда, күтуді тоқтатқанда, тілек қозғалысқа түсіп қуаттанып, «пісіп» алдыңыздан шыға келеді. Сондай-ақ жағдайды, өміріңізді құдайға сеніп тапсырып, өмір сүруді жалғастыру жүректі тыныштандырады. Жүрек тыныштық тапса, жан-дүниеңізге үңіліп, әр нәрсенің себеп-салдарын табу жеңілдейді.



Өмірлік құндылықтар ауысады

Табиғаттың төрт мезгілі белгілі бір реттілікпен ауысып отырады. Күн мен түн де дәл солай. Осы секілді өмірдің де өз жоспары, әр нәрсенің өз мезгілі бар. Бұны күтуді тоқтатқан адам түсінеді. Ол жер бетіндегі бүкіл тіршілік адам азғасы мен ондағы әрбір жасуша сияқты бір-бірімен байланысты екенін ұғады. Мысалы, ағзаңызға, оның жұмыс тәртібі мен он екі мүшеңізге зерделей үңіліңізші. «Мынау мүше артық, бұның түкке қажеті жоқ» деп айтатын бір нәрсе таба аласыз ба? Жоқ! Артық ешнәрсе таба алмайсыз. Бұл денеңізде ешнәрсе бекерге жаратылмағанына дәлел. Сол сияқты айналаңыздағы таныстарыңыз, туыстарыңыз, тіпті сіз де ойда-жоқта себепсіз өмірге келмегенсіз. Бәрі бір-бірімен байланысты.

Осыны ұққан адам ата-анасымен, араздасып жүрген ағайынмен, көрші-қолаңмен байланысын түзеуге кіріседі. Жылдар бойы жиналған реніштерді көңілден босатады.

Сонымен қатар ешнәрсе, ешкім мәңгілік емес екенін ойлап, татулық, денсаулық, отбасы, жақсылық жасау, алғыс алу, қайырымдылық, адами құндылықтарына көңіл аудара бастайды.

Біртіндеп оның мінез қасиеттері, ниеті де өзгеріп, жасаған жақсылықтары өмірдің «Қайтарма заңымен» алдынан шығады, тілегі орындалады.



Қорқыныштар жойылады

Жақсы нәтиже, мақтау мен марапат күтпей жұмыс істейтін, өмір сүретін адам сәтсіздіктен, қателіктен қорықпайтын болады. Уақыт өте келе не істесе де оны ол тәжірибе деп қабылдауды үйренеді.

«Неге бұлай болды?», «Менің күткенім басқа еді» деп мұңаймайды. Керісінше, басқаша істеп көруді немесе басқа іспен айналысуды ойлайды. Осылай ол білмегенін үйреніп, қабілетінің шыңдап, ой-өресі дамып жатқанын байқамайды.

Сәтсіздіктен қорықпайтын адам біртіндеп басқа да қорқыныштарынан арыла бастайды. Ал барлық қорқынышын жеңген адам бұрын істеп көрмеген жұмыстар мен қадамдарға тәуекел ете алады.

«Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің. Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің» дегендей, оның жасырын жатқан қабілет көздері ашылып, өзін басқа қырынан танып, өзіне деген сенімі нығаяды. Ал өз күші мен қабілет қарымына сенімі оянған адам өмірін жарқын жаққа өзгертпей қоймайтыны анық.



Бақыттың дәмі байқалады

Адам болашағын ойлап, ертең бір кереметтің болатынын күтіп жүріп, дәл қазіргі шақтың қадірін білмей, бақытын сезбей қалады екен.

«Қолыма диплом алған соң...», «Жақсы адаммен отбасы құрып алайыншы, сосын...», «Балалы болғаннан кейін...», «Балалар өссін алдымен...», «Ұлды үйлендіріп алайын...» деп күтіп жүргенде, қамшының сабындай қысқа өмірдің қалай зуылдап өтіп кеткенін аңғармай қалады. Сосын қартайғанда «Төрт жыл оқығанымды қайтейін, мамандығыммен жұмыс істеп те көрмеппін», «Сүйген адамым үйленген соң өзгерді», «Балам үмітімді ақтамады», «Келін жақсы боп шықпады» деп, өмірі өзі ойлағанындай болмағанына ренжиді, кезінде өзіне көңіл бөлмегеніне, саяхаттамағанына, сүйікті ісімен айналыспағанына өкінеді.

Әрине, бұндай өкінішті сөздерді тағдырыңыз айтқызбасын. Алайда күткеніңіз дәл сіз ойлағандай бола бермейтіні де рас екенін естен шығармаған жөн. Жантану мамандары «күтіп» өмір сүру салтын өзгерткен адам ғана осы шақты, қайта оралмайтын уақытты бағалайды және әр сәттің бақытын сезе алады дейді.



Өзгеріс міндетті түрде болады

Бұл өмірдегі жандыда да, жансызда да қуат бар. «Сөз – қуат, ой – қуат», «Дұға тілек – қуат» дегенді ата-бабаларымыз айтып қалдырған. Ғалымдар да бұны зерттеп анықтаған. Ал қуат қозғалуы керек, сонда ғана тілек күші еселенеді. Ендеше, тілегіңізді ойлай бермей, оның нәтижесін күтуді доғарыңыз.

Жалпы күтуді тоқтатудың пайдасы көп-ақ. Оны жақсы нәтиже күтіп өмір сүруді доғарғанда білесіз. Бұған сынақ жүргізіп көрем десеңіз, тым болмаса алты ай ешнәрсені, ешкімді, жұрттың көзқарасын, жақсылығыңыздың қайтарымын, керемет нәтиже күтпей өмір сүріп көріңізші. Өзгеріс болады, күмәніңіз болмасын дейді психологтар.


Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


НЕГЕ балаға бұл сұрақтарды қою маңызды?


Өзіңді СҮЮ арқылы өміріңді өзгерт