​Күзгі МҰҢНАН қалай шығуға болады?

0
2 202

Өзіңді өзің құтқара аласың...


​Күзгі МҰҢНАН қалай шығуға болады?

Фото: belle-online.ru

Психологтардың зерттеуінше, адам күз айларында ашу, реніш пен торығу, өкіну, агрессивті эмоцияларға көбірек беріледі екен. Егер осындай реакциялар бірімен бірі жалғаса берсе, ағза әлсіреп, күйзеліске, апатияға түседі.

Қауіптілігі – адамның өмір сүруге қызығушылығы қалмайды, жағымсыз ойлар торлап алады. Өзіне өзі қол жұмсау осы кезде көп орын алады.

Бұндай жамандықтардың алдын алу үшін, жантану мамандары әркім өзінің психологиялық жағдайын бақылауда ұстауды ескертеді. Сондай-ақ өзінің ішкі күйіне үңіліп, міндетті түрде психотерапиялық әдістерге жүгіну керектігін айтады. Ал біз күзгі маусымдық мұңнан шығудың мынандай жолдарын ұсынамыз.



Түстер терапиясы: Киім, шай ішетін бокал, сөмке, басқа да күнделікті пайдаланатын заттардың жаныңызға жылулық сыйлайтын ашық түстеріне басымдық беріңіз. Бұл ауа райы салқындаса да, жаныңыздың жаурамауына жәрдемдеседі.


Физикалық белсенділік: Өзіңізге ұнайтын спорт түрімен айналысыңыз. Мысалы, фитнес, би, бассейн, йога, жүгіру т.б. Кез келген дене шынықтыру жаттығулары, қимыл-қозғалыс көңіл күйді көтеретін эндорфин гормонын бөледі.


Тамақтану: Ағзада бақыт гормоны деп аталатын серотониннің көбірек бөлінуіне көңіл бөліңіз. Ол үшін банан, қара шоколад, жаңғақтар, цитрустық жемістер, балық пен көкністер дастарханыңыздан үзілмесін. Сонымен қатар, күз айларында диета ұстамай-ақ қойғаныңыз дұрыс екенін есте ұстаңыз.


Демалыс: Күнде бір уақытта ұйқыға жатып, бір уақытта оянуға тырысыңыз. Бұл күзгі ұйқышылдықпен күресуге көмектеседі. Лажы барынша түн ортасына дейін компьютер алдында отыруды, кітап оқуды, сүйікті фильмдеріңізді көруді қыс мезгіліне қалдырыңыз. Ал күзде ұйқыңыздың қанық болуына, жүйкеге салмақ салмай көбірек демалуға көңіл бөліңіз.


Серуендеу: Сенбі, жексенбі күндері жылы оранып үйде жатқаннан гөрі, аулаға шығыңыз. Жақын маңда саябақ болса, күніне бір рет аралаңыз. Мұң мен қайғы аяғыңыздың астында жатқан күзгі жапырақтар деп елестетіңіз де, ары-бері жаншып ұзағырақ сыртта жүріңіз. Күзгі салқын ауамен терең-теерң тыныс алып, оның рақатын сезініңіз.


Медитация: Бұлшықеттерді босаңсытатын медитациялар орындаңыз. Мысалы, мынандай медитацияны жағымсыз ойлар маза бермегенде орындаған дұрыс.

Денеңізді қысып тұрмайтын киім киіңіз. Өзіңізге ыңғайлы қалыпта отырыңыз. Шалқаңыздан жатсаңыз да болады. Көзіңізді жұмып, терең-терең тыныс алыңыз. Бүкіл денеңізді босатыңыз. Іштей мына сөздерді қайталаңыз:


  • Менің жаным тыныш!
  • Аяғым, қолым ауыр әрі жылы!
  • Жүрегімде тыныштық әрі ол бірқалыпты соғуда!
  • Мен терең тыныс алып жатырмын!
  • Жүрегімнен жылулық шуағы айналама тарап жатыр!
  • Бақыттымын!


Енді бұл сөздерді дайыстап, асықпай қайталаңыз. Бұл сөздерді өзіңізге ұнайтын басқа сөздермен алмастырсаңыз да болады. Көзіңізді ашып, күлімдеңіз.


Дайындаған: Т. Қалыбек,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Күйзелістен құтқаратын 7 амал

Сіздің БАСҚАЛАРДАН АРТЫҚШЫЛЫҒЫҢЫЗ қандай? (тест)