​Махаббаттың 5 сынағынан өтсеңіз, жігіт сөзсіз үйленеді

0
30 766

Еркек пен әйелдің тәнінде ғана емес, психологиясында да айырмашылықтар бар. Психолог мамандарының пайымдауынша, махаббат тұрғысында еркектер мен әйелдердің түсінігі сәйкес келе бермейді екен.


​Махаббаттың 5 сынағынан өтсеңіз, жігіт сөзсіз үйленеді

Еркек пен әйелдің тәнінде ғана емес, психологиясында да айырмашылықтар бар. Психолог мамандарының пайымдауынша, махаббат тұрғысында еркектер мен әйелдердің түсінігі сәйкес келе бермейді екен. Қарапайым мысал, қыздар тұрмысқа шығарда көп жігіттің арасынан уақыты мен көңілін өзіне көп бөлгенін таңдаса, ал жігіттер керісінше...

Қадыр Мырза Әлидің «Махаббаттың тұңғыш жыры – тіл қатпау...» деп басталатын өлеңін білетін шығарсыз. Осы өлеңінде ақын атамыз:

«Махаббаттың соңғы жыры – үйлену,

Күйеу болып, келін болып үйге ену», - дейді. Махаббаттың осы соңғы жырына ғашық жүректің бәрі жете бермейді. Психологтар бұл тұрғыда көп нәрсе қызға байланысты екенін алға тартып, «келін болып үйге ену» үшін бойжеткен махаббаттың 5 сынақ кезеңінен сүрінбей өтуі керек дейді. Ол қандай сынақ кезеңдері? Сынақтан сүрінбеу үшін бойжеткен нені білуі тиіс?

Бірінші сынақ кезеңі

«Киіміне қарап қарсы алады...», «Адам көркі – шүберек». Сұлу болыңыз, сәнді болыңыз. Меніңше, бірінші сынақ кезеңінен барлық қыз өтеді, өйткені қыздың бәрі әдемі. Алайда табиғилығын жасандылықпен жоюға тырысқан кейбір қыздар бұл сынақ кезеңіне жолдама ала алмауы да мүмкін. Сондықтан да, киіміңіз де, әдетіңіз бен сөзіңіз де бітім-болмысыңызға сай болсын. Мысалы, қара торы болсаңыз, шашыңызды, тырнағыңызды ашық түске боямағаныңыз дұрыс. Ашық-шашық, қысқа етек киіп еркек атаулының көңілін өзіме аударамын деп келте ойламаңыз. Назар аудару бір басқа да, көңіл аудару басқа. Тым қысқа киім мен тым қысқа қиылған шаш саяз түсінік секілді еркекті қашыратынын есте ұстаңыз.

Екінші сынақ кезеңі

Бұл кезеңде «Бір қадам алға, екі қадам артқа» ережесін ұстанған дұрыс. Бүгін кездесуге шықсаңыз, келесі кездесуде орынды бір сылтау тауып айтып, жолығуды ертеңіне немесе келесі аптаға қалдырыңыз. Кездесу барысында аз сөйлеп, көп тыңдаңыз. Вацаппен таңертең бірінші боп «қайырлы таң» деп сәлемдессеңіз, ұйықтарда «қайырлы түн» деп жазуды оған қалдырыңыз. Нақтырақ айтқанда, бір қадамды сіз, екінші қадамды ол жасауы тиіс.

Иіс суды шамадан көп сепсеңіз, ол қаншалықты қымбат сапалы болса да жүректі айнытады. Дәл сол сияқты, «Қалай жағдайың?», «Не істеп жатырсың?», «Қайдасың?» т.б. деп күніне мың рет қоңырау шалып, миллион смс-хат жазу жігітті айнытады. Психологтардың айтуынша, бір тәулікте 3 рет қоңырау шалу, 7 смс-хат жазу жеткілікті.

Үшінші сынақ кезеңі

Бұл кезеңде жігітте «Бір-бірімізге сәйкес келеміз бе?», «Мінездеріміз үйлесе ме?», «Қандай жар, қандай келін болады екен?» деген сұрақтар туындай бастайды. Сондықтан да ол енді сізді достарымен таныстырады. Туған күн кешіне, өз ортасына шақырады, қасына ертіп жүреді. «Адамды сөз бұзады», сіз қаншалықты ұнап тұрсаңыз да достарының, басқаның сөзі оның ойын өзгертуі әбден мүмкін. Сол үшін, оның достары мен туысқандары туралы теріс пікірлеріңізді іште сақтаңыз. Достарымен сөз таластырмаңыз. Жігіттің әр қадамын аңдып, қатаң бақылауға алмаңыз. Достарымен араласуына, сүйікті ісімен айналысуына кедергі болмаңыз.

Бұл кезеңде жігіттің хоббиін, қызығатын саласын, армандарын сұраңыз. Қандай тағамды сүйіп жейтінін, қандай сусынды жақсы көретінін, болашақ жарын қалай елестетінін сұрап білгеніңіз жөн-ақ. Егер, оған тұрмысқа шыққыңыз келсе, оның талаптарына сай болуға тырысыңыз. Оған ұнамайтын әдеттеріңізді тастаңыз. Яғни, қалауына қарай икемделе алатыныңызға, айтқанына құлақ асып, нәтиже шығаратыныңызға жігіттің көзін жеткізе біліңіз.

Махаббаттың келесі кезеңіне өту үшін, көп нәрседен бас тартып, көп нәрсені үйренуіңізге тура келеді.

Төртінші сынақ кезеңі

Махаббаттың төртінші кезеңінде «барлық нәрсенің шекарасы бар екенін» қатаң есте ұстағаныңыз абзал. Иә, еркеліктің де, қызғаныштың да өз шегі бар. Бұл кезеңде міндетті түрде ренжісу, келіспеушілік, түсініспеушілік, сенімсіздік орын алады. Сынақтан сүрінбеу үшін, ұрыс-керіс барысында үйлену мен ақша тақырыбын қозғаудан, ренжісіп қалған жағдайда ұзақ уақыт сөйлеспеуден және достарын кінәлаудан сақтаныңыз.

Есенин «Өзімнің көкіректігімнен бақытымды айналып өтіппін» деген екен. Сынақ кезеңінен өткізіңіз келсе, көкіректік, қырсықтық керек емес. Ренжітіп алсаңыз, тез кешірім сұраңыз. Қателессеңіз, қателігіңізді жылдам мойындаңыз.

Психологтар қыздардың көбісі төртінші кезеңде сүрінетінін айтады. Ал, сіз махаббаттың осы бір қиын кезеңінен өтуге бар күшіңізді салыңыз. Сүйетініңізді жиі айтыңыз. Қолыңыздан келгенше қарым-қатынасты сақтауға ұмтылыңыз. Өйткені, алдыңызда бір-ақ сынақ кезеңі қалды.

Бесінші сынақ кезеңі

Сонымен, махаббаттың бесінші кезеңіне өттіңіз делік. Бұл жан жақындығын дәлелдейтін кезеңде жігіт үшін сіздің киіміңіз, бетіңіздегі бояуыңыз маңызды емес. Орыс халқында «любовь для тела, любовь для души» деген сөз бар. Жігіттің жанына үңіле біліңіз, оған жанын түсінетін адам керек.

Ең мықты еркектің де көпке айта бермейтін жан жарасы болады. Махаббаттың бесінші кезеңінде жігіт жан сырын, жүрек түкпіріндегі өзгеге, өмірге деген өкпесін ашып айта бастайды. Бақытсыз балалық шағын, бір сәтсіздігін еске алуы да мүмкін. «Оныкі дұрыс, сенікі бұрыс» дей көрмеңіз. Үйленуге бір-ақ қадам тұрғанда «дұрыс», «бұрыс» сөздерін ұмыта тұрыңыз. Тек қолдап-қуаттауды, мұңайса жұбатуды, қиналса немесе ауыра қалса жанынан табылуды ғана ойлаңыз. Ол сіз секілді жанашыр, жақын адамды таба алмайтынын, сізбен танысқалы жүрегінің бақытты екенін, екеуіңізде бір жүрек екенін ұғуы тиіс. Егер, жігіт ақымақ болмаса, онда көп ұзамай міндетті түрде сізге үйленеді.

Әрине, махаббаттың сынақ кезеңі жалғаса берер, бірақ мен жігіт болсам осы бесінші сынақ кезеңінен сүрінбей өткен қызға дереу үйленер едім. Ал, сіз ше, жар іздеген жігіт?

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ