​Мен күйеуiммен қалай татуластым?

0
5 089

Күйеуіңізбен ренжісіп немесе ұрысып қалған жағдайда қанша уақыт тоңтеріс боп жүресіз?


​Мен күйеуiммен қалай татуластым?

фото: bigger-tattered.ml

Күйеуіңізбен ренжісіп немесе ұрысып қалған жағдайда қанша уақыт тоңтеріс боп жүресіз? Татуласуға алғашқы қадамды кім жасайды? Есіңізге түсіріңізші, татуласуда сізге не немесе кім көмектесті?

Мен күйеуiммен сезiм жарастырып, «бақытты жұппыз» деп, неке сарайының табалдырығын бiрге аттағанғаннан кейiн мүлде керiскен емеспiз, ренжiспегенбiз деп айта алмаймын. Бiздiң өмiр-өзен арнамыз әрдайым кемерiнен тасып тыныш та тұнық болды деп айту қате. Бүгiнде «Қосылған қос өзен секiлденiп» бiр арнамен болашаққа ағыс-сапарымыз басталғанына 8 жыл уақыт болса, жұбайлық өмiрдiң алғашқы жылдарында-ақ бiз түсiнiсе алмай, бiраз уақыт бiр-бiрiмiзден суып жүрген едiк.

Сол уақыттағы iшкi қиналысым мен күйзелiсiмдi айтып жеткiзе алмаймын. Ол бiр азапты күндер мен түндер едi. Үйленгенге дейiнгi iңкәр махаббаттың қайда жоғалғанын бiлмей, өзiме-өзiм сұрақ қоюмен болдым. Арамыздағы кiрбiң, ұрыс-таласымыздың түп-төркiнi отбасылық кiшiгiрiм бiр мәселеден басталған едi. Екеумiз түсiнiсе алмай келiспей қалғанбыз. Сол керiстен соң екеумiз салқын қабақ күйге ауысқанбыз. Ашықтан-ашық бiр-бiрiмiздi ғайбаттайтын болдық. Бiр шаңырақ астында, ата-енеден бөлек тұрсақ та, бiз ол уақытта бiр-бiрiмiзге бөтен адамдар секiлдi едiк.

Бiр күнi үйге күйеуiмнiң жақын досы келдi. Екеуi түн ауғанша теледидар көрiп, әңгiмелесiп отырды. Мен жатын бөлмеде жатырмын, ұйқым келер емес. Күйеуiмнiң досымен әңгiмесiн тыңдап жатырмын. Есiк ашық тұрғандықтан, олардың басқа бөлмедегi әңгiмелерi анық естiледi. Бiр уақытта күйеуiм досына «Қателесiппiн. Әйелiм тiптен мен ойлағандай болмай шықты. Қыз кезiнде жадырап жүрушi едi, қазiр қабағы түюлi, ашушаң. Шынымды айтсам, мен әйелiмдi сүйемiн бе, сүймеймiн бе әлi де бiлмеймiн» дедi. Осы сөздi естiгеннен соң одан сайын сезiмiм мұздап сала бергендей күй кештiм. Мен ешқашан сүйiспеншiлiк сезiмiмiз ортаймаса екен дейтiнмiн. Ал, мынандай сөздi естiгеннен кейiн «некелiк ғұмырымыздың өте қысқа болғаны ма?» деп, қыстығып жыладым. Бiзде жайлы үй де, жақсы мүлiк те бар. Екеумiздiң де қызметiмiз, табысымыз жақсы. Бiрақ, бұның ешқайсысы да бақыт болмайды екен.

Көп ойланып, күйеуiммен татуласуды, сезiмiмiздi жылытуға әркеттендiм.

Бiр данышпаннан шәкiртi «бақыт деген не?» деп сұрағанда, данагөй «Таңертең жұмысыңа, ал кешке үйiңе асығуың – бақыт» деп жауап берген екен.

Расында да, жұмыстан кейiн жайлы да жылы ұяңда мейiрiмдi жарың күтiп отырғанын бiлу және алдыңнан балаларың мәз-мейрам боп жүгiре шығып қуанысуынан артық бақыт жоқ шығар, сiрә?!

Бақыт пен махаббаттың бiр-бiрiмен тығыз байланыста екенiне көзім жетті. Бақытты байлықтан немесе сырттан iздеп шатаспаңыз. Бақыт – жарыңыздың сiзге деген сүйiспеншiлiгiнде. В. Пеккелистiң «Дарынсыз адам жоқ, өзiнде барын дамыта алмағандар ғана дарынсыз» дегенiндей, ерлi-зайыптылар арадағы сезiмдi де ұдайы дамытып отыруы тиiс. Қалай дейсiз бе? Жарыңызды қалай жақсы көретiнiңiздi, ол жұмыста кезде аз уақыт аралығында-ақ сағынып қалғаныңызды, қысқасы, оған деген сезiмiңiздi ауызша айтып отыру керек екен. «Мен сiздi жақсы көремiн!» деген бiр ауыз сөздiң құдiретi қандай екенiн, оны сүйiктiсiне айта алған адам ғана түсiнедi.

Түсiнемiн, басқа отбасында тәлiм алған екі адамның бiрге тұрып, отбасылық тiрлiктi дөңгелетiп әкетуі оңай емес. Бiрақ, көзқарастар және сезiмдер бiрлiгiне ұмтыла берсең әйтеуір бір нәтиже шығады екен.

Өзiмдi шыдамдылыққа, кешiрiммен қарауға үйретiп, өзара түсiнiсушiлiк орнатып, оның кемшiлiктерiн толықтыруға тырысып бақтым.

Күйеуiммен алшақтаған сезiмдер арасын жақындатуда маған жақсы көмектескенi – «Мен сенi қатты жақсы көремiн!» деген сөзiм болды! Осы сөздi ерлi-зайыптылар бiр-бiрiне жиi айтуы керек екен.

Ал, сiз жан жарыңызға «мен сенi жақсы көремiн!» деген сөздi күнiне неше рет айтып жүрсiз? Еріңізбен қалай татуласқаныңыз туралы әдісіңізбен бөлісіңіз.

Табиғат ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ