​Өмір-дәптеріңізге не жазып жүрсіз?

0
3 750

Мен әр жылды 365 беттен тұратын қалың дәптерге ұқсатамын. Осы уақытқа дейін мен 33 қалың дәптерді толтырып үлгеріппін. Қазір қолымда 34-ші дәптер. Оның біраз бетіне әлі із түспеген, таза. Екі айда бұл дәптерді жауып, жаңасын бастаймын. Ал, сіздің қолыңызда нешінші өмір-дәптеріңіз? Оған не жазып жүрсіз?


​Өмір-дәптеріңізге не жазып жүрсіз?

Мен әр жылды 365 беттен тұратын қалың дәптерге ұқсатамын. Осы уақытқа дейін мен 33 қалың дәптерді толтырып үлгеріппін. Қазір қолымда 34-ші дәптер. Оның біраз бетіне әлі із түспеген, таза. Екі айда бұл дәптерді жауып, жаңасын бастаймын. Ал, сіздің қолыңызда нешінші өмір-дәптеріңіз? Оған не жазып жүрсіз?

Жыл басында, яғни қаңтар айында жер бетiндегi барлық адамның ұстазы – «Өмiр» әрбiрiмiздiң қолымызға тап-таза, 365 беттен құралған дәптердi ұстатады. Оған не жазасыз – өзiңiз бiлесiз. Шимай-шатпаққа толтырасыз ба, ондағы жазба көркем жазумен жазыла ма, бәрi де өз қолыңызда. Тек оның бетiн өзге бiреудiң сызып бүлдiруіне, парақтарын жыртуына жол бермеңiз. Өйткенi, бұл дәптер сiзге ғана тиесiлi, оған сiз ғана қолтаңбаңызды қалдыра аласыз. Жай сөйлеммен немесе құрмалас сөйлеммен толықтырасыз ба, ол да өз еркiңiзде.

Сондай-ақ, оның ұнамаған бетiн жыртуға тек сіз ғана құқылысыз, осыны есте ұстаңыз.

Егер, тартымды бiр жазбаны жазып отырып, аңдаусызда сия тамып кетсе, жағымсыз сөз жазылса, уайымдамаңыз. Келесi бетiн ашып, әсерлi әңгiмеңiздi басынан бастап жазуға болады. Өмір-дәптеріңізге өзгелерге қызық болатын «әңгімені» емес, өзіңізге ұнамдыны жазыңыз. Өйткені, бұл сіздің жеке өміріңіз.

Міне, тағы бір жылдың парағы таусылуға шақ тұр. Өмiр-ұстаз қолымызға тапсырған «2017 жыл» деп аталған қалың дәптердің бүгiнге дейiн 285 беті пайдаланылыпты. Уақыт тауып басынан бастап парақтап шығыңызшы. Не жазыпсыз? Өзіңіз жаздыңыз ба, әлде біреудің дәптерінен көшірдіңіз бе? Қызық па? Ұнады ма? Қандай тыныс белгiлердi көп қолданыпсыз? Дәптеріңізді әрiптесiңiздiң, туысқаныңыздың немесе көршiңiздiң, құрбыңыздың өмiрiне арнапсыз ба? Кім туралы көп жазылған? Өміріңізді кімге арнап жүргеніңіз анық болады.

Есiңiзде болсын, бұл өмiр-дәптерi тек сiздiкi, өзгелерде де мұндай жеке дәптер бар. Олардың да өмір-дәптері 365 беттен тұрады, бұдан көп те емес, кем де емес. Сондықтан, өмiр-дәптерiңiздің беттерін тек өзiңiзге ғана арнаңыз.

Егер кейбiр беттерi қалам iзi түспеген тап-таза болса, онда сонша күндi босқа өткiзгенiм деп бiлiңiз. Дегенмен, мұңаймаңыз! Қалың дәптерiңiздiң әлі 80-ге жуық таза беті бар. Өзiңiзге ғана тиесiлi дәптерiңiзге тек әдемi, тәтті естеліктерді, бағыты айқын мақсаттарыңызды жазуға 80 бет те аз емес. Тек әр сөйлемiңiздi, сөзiңiздi мұғалiм қызыл сиямен тексеретiндей сауатты, ұқыпты, қате жiбермей жазуға ұмтылыңыз демекпін.

Өмiр-дәптерiнiң әр бетiн – бiр күнiм деп есептеңiз. Әр сөйлемдi леп белгiсiмен аяқтауға тырысыңыз. Ендеше, қаламыңыз қолыңызда. Өзіңіз туралы әңгімеңіз де, жазуыңыз да ӘДЕМІ … ӘДЕМІ болсыншы!

Жазира СМАҒҰЛОВА