​Өмірді ӨЗГЕРТУ үшін ТӨРТ ҚАДАМ жасасаңыз жетеді

0
5 323

Әр күн - өзгеруге, алға жылжуға жаңа мүмкіндік.


​Өмірді ӨЗГЕРТУ үшін ТӨРТ ҚАДАМ жасасаңыз жетеді

Індет кезінде ауырып жатқан адамның талайынан «Осыдан орнымнан тұрайын, басқаша өмір сүремін» дегенді естідім. Бұл сөзді өмір мен өлім арасында жатқанда сіз де айтқан боларсыз?! Сауығып орныңыздан тұрдыңыз ба? Ендеше бұны дұрыс өмір сүруге берілген бір мүмкіндік деп қабылдаңыз.


Олай болса, қиналып жатқанда Жаратушыға жалбарынып берген уәдеңізде тұрыңыз, бұрынғыдан «басқаша» өмір сүруді бастаңыз! Қалай?


Бірінші қадам

Ең алдымен иманды болуға өзіңізді тәрбиелеңіз. Өйткені иманыңыз бұл өмірде ғана емес, о дүниеде де серік болады. Иманды болу иман немесе тақуа адам болу емес, әдепті болу.

Хазіреті Мәуләнә Жәләладдин Румиден бір шәкірті «Иманды адам қандай болады? Иман деген не?» деп сұраған екен. Сонда Руми: «Жүрегіме қарап иман не?» - деп сұрадым, жүрегім: «Әдеп! Әдеп! Әдеп!» - деп үн қатты» деп жауап беріпті.

Адамның әдептілігі ең бірінші оның сөзінен байқалады, былапыт, балағаттармен сөз арасын былғауды доғарыңыз. Тілдік қорыңызды паразит сөздерден тазартыңыз. Күнделікті аузыңыздан шығатын сөздеріңізді сүзгіден өткізіп отыруға дағдыланыңыз.

Әдепті болудың ең бірінші шарты – жақсы сөйлеңіз немесе үндемеңіз. Ал психологтар адамның сөзі өзгермейінше әдеті мен мінезі де, өмірі де өзгермейді дейді. Олай болса, дұрыс өмір сүруді дұрыс сөйлеуден бастаңыз.


Екінші қадам


Ұлы қаламгер Мұхтар Әуезов "Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан кейін – күш керек, одан соң – тәртіп керек" деген.

Өмірді тәртіпке келтірудің бір қадамы – салауатты өмір салтына көшуден басталады. Кішкентай ғана «шыбын жаныңызды» өлімнен алып қалған – дәрі емес, ағзаңыз, ағзаңыздың қорғаныс қабілеті екенін ешқашан естен шығармаңыз. Ауырған кезіңізде бар күш қуатын салып вирустармен күрескен ағзаңыздың еңбегін бағалап, оны құрметтеңіз. Ал құрметтеу – зиянды химикаттармен, спиртті ішімдіктермен және темекімен уламау, ауыр салмақпен қинамау.

Қарынды кере тамақтану да, ұйықтарда асқазанды тағаммен толтыру да – ағзаны азаптау екенін есте ұстаңыз.

Ағзаңыз ұнатпайтын тағамдардан бас тартыңыз. Түнде тамақ ішуді тоқтатыңыз. Суды көбірек ішіңіз. Жеңіл дене жаттығуларын жасауды немесе жүгіруді қолға алыңыз. Табиғат аясында серуендеңіз. Күн сайын душ қабылдауды әдетке айналдырыңыз.

Есте ұстаңыз: дұрыс өмір сүруді бастау үшін тамақтану мен ұйқы тәртібі, дене тәртібі де дұрысталуы қажет. Әйтпесе бәрі бекер.


Үшінші қадам


Ешкімге зияныңызды тигізбеңіз. Зиян тигізбеу – өзгенің тыныштығын бұзбау, уайымға салмау, жүйкесін тоздырмау, ашуландырмау, қарғыс айттырмау. Бұны өз отбасыңыздан, ата-анаңыз бен бауырларыңыздан бастаңыз. Ол үшін бірінші бойдағы жаман әдеттерден құтылу керек.

Мысалы, күйеуі немесе ұлы сыра ішіп келген күні басқалар түнді ұйқысыз, уайыммен өткізеді. Немесе ойланбастан қарыз ала беретін болсаңыз, оны уақытылы қайтармағаныңыз үшін басқалар ашуланады, күте-күте жүйкесі тозады.

Осы секілді өз өміріңізге ғана емес, айналаңыздағыларға да зардабы, кесірі тиіп жүрген жаман әдеттеріңіз болса, құтылыңыз.


Төртінші қадам


Дұрыс өмір сүруді бастаудың тағы бір шарты – бұрынғы қателіктерді қайталамау. Ойланып көріңізші, қай жағымсыз нәрсе сіздің өміріңізде қайталана береді? Мысалы:

  1. Достарыңыз, ағайын-туысқан «Сен мен туралы не дегенсің?», «Пәленше түген деп айтыпсың ғой...» деп, үнемі басыңыз дауға қалып жүре ме? Онда біреудің сөзін келесі адамға жеткізуді, өсек айтуды, ғайбаттап жатқандардың сөзіне қосылуды доғарыңыз.
  2. Қарыздарын сұрап келетіндер шаршатты ма? Есіңізде болсын, көп табыс табатын адам емес, үнемдеп жұмсайтын адам бай болады. Кіріс пен шығысқа есеп жүргізіп отырыңыз. Қарыздарыңыздан түгел құтылмайынша, жаңа бұйым, киім, телефон т.б. сатып алуды тоқтата тұрыңыз. Қарызыңыз бола тұра тағы да қарыз алу әдетінен арылыңыз.


Есте ұстаңыз: Ең алдымен қателіктеріңізді мойындаңыз. Өз қателігін мойындаған адам оны түзеудің жолдарын, мүмкіндіктерді көре алады. Қателігін мойындамайынша адамның көзі соқыр, құлағы керең болады дейді психолог мамандар.


Әрине өмірді басынан бастай алмайсыз, бірақ, оны басқаша өмір сүріп жалғастыруға болады. Бұрынғы өмір сүру дағдысын өзгерту үшін осы төрт-ақ қадамды жасасаңыз болғаны. Дұрыс өмір сүруге қадамды бүгін бастаңыз.

(Суретер ашық дерекөздерден алынды)

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Індетті қайтаруға ұсынылған ДҰҒА

ПНЕВМОНИЯны АФФИРМАЦИЯмен ЕМдеуге бола ма?