​"Өшейін" деп тұрған ЕРКЕКТІ өсіріп отырған ӘЙЕЛДІҢ сыры неде?

0
3 261

"Әйелінің айтқанынан шықпайды", "әйелі ғой оны адам етіп отырған?!", "әйелі болмаса кім ол?!"...


​

Шаңырақ көтерген соң сол отбасының арбасы алға қарай дөңгелеп кетуі, жолында кездескен ой-шұңқырға сүрінсе де, қайта жолға түсіп тоқтамай алға басуы - үйдің отағасы мен отанасына бірдей байланысты.

Бұл турасында ақыл айтуға келгенде бәріміз ұстамыз.

"Өй, еркек қой, асырасын! Бала туып беріп, көйлек шұлығын жуып отырғаның жетпей ме? Асырай алмаса, үйленбесін! " деген сияқты "қанатты сөздерді" екінің бірі, бестің төртеуі айта алады. Бірақ сол айтқандардың өмірінде солай болып жатыр деп ойлайсыз ба? Ері уыстап ақша тауып, әйелі бала туып, көйлек жуып қана отыр дегенге сенесіз бе?

Әлбетте, бар ондайлар. Бірақ әңгіме басқа жайлы...

"...Сен туралы жазайықшы. Нағыз үлгі болатын әйелсің ғой", - деймін бір танысыма кездескен сайын қалжыңдап. "Қойшы, осындайыңды" деп ол басын ала қашады. Мен де әр сайын жазғым келетінін әңгіме арасында бір қыстырып қаламын. Ол туралы жазып қойғанымды, тек рұқсатын ғана күтіп жүргенімді қайдан білсін?!

Анар (есімін өзгертіп алдым) - жұрт айтқандай "күйеуін адам етіп отырған" әйел. Оны жұрттың бәрі солай айтады. Жақын араласымыз болған соң мен олар туралы көп еститінмін де, бір отбасының ер-азаматының намысына тиер сөз айтатындарға ызаланатынмын. Себебі, Анарды да, күйеуі Маратты да жақсы танимын. Олардың қандай қиындықтан өткенін, қалай жеңгенін де жақсы білемін.

Аузы жүйрік, тілі тікенектердің демегені де жоқ.

"Айлас әйел мұңдас", оның да, менің де балаларымыз қатар болған соң ортақ әңгімеміз көп. Соның бір шеті, әрине, күйеуге келіп тірелетіні шындық. Төрт құбыласы түгел кім бар, арасында жамандап алатынымыз да рас. Бірақ маған қарағанда ол мүлде жамандамайды деуге болады. Күйеуі Марат көп сөйлемейтін, ортаға көп шыға бермейтін жан.

"Осы тұйықтығы ғой. Әйтпесе біздің Мәкеңнің қолынан келмейтіні жоқ..." деп бұрынның өзінде оған шаң жуытпаушы еді. Қазір мүлде, "күйеуіне табынып отыр" деуге болады.


"...Білесің ғой, сол ашыла бермейтіндігінен қанша жұмысқа кірсе де шығып кетіп жүрді. Жұмысқа орналасуға да тіл керек адамға. Ал Мәкең көп сойлемейді. Жұртпен салғыласып та жатпайды, өзін ақтамайды да. Сосын ғой, көп жұмыстың басын шалып жүріп қалғаны. Үшінші баламды туғанда шын қиналдық. Жас босанғанмын, екі үлкенім мектепке барады. Олардың керегінен бөлек нан тауып жеуіміз қиынға соқты...

Қиналғанда жыласам да, Маратқа көз жасымды көрсетпеуге тырыстым. Оны көрсе одан сайын жігері құм болар дедім. Ақыл айтып, "өйтпейсің бе, бүйтпейсің бе?" дегенді қаламайды. Оның да шын қиналғанын сезіп-ақ жүрмін. Түнде кейде күрсінісін естіп қаламын. Үйде жатпайды, бірақ. Таңмен шығып кетіп біреудің құбырын жөндесе де 500 теңге тауып келеді. Бірақ ол жұмырымызға жұқ болсын ба?

Бірақ "өзім жұмысқа шықпасам болмайды" деп сілкініп шықпадым. Неге екенін, "күйеуім жақсы көретін жұмысты қайдан тапсам болады?" деумен болыппын. Күндіз-түні ойлап тапқандағым - күйеуімнің қолынан келетін, бір бастаса бітірмей қоймайтын жұмысты анықтау. Құрылыс, сантехника жағы... Бірде "үйдегі орындықтарды бір жөндеп тастайын" деп қолына балға-шегесін алғанда қуанып кеттім.

Иә, ол жиһаз жасағанды, жөндегенді қатты жақсы көретін және өте тындырымды етіп жасаушы еді. Қолы қалт етсе үш тақтайдың басын біріктіріп, жамбас басатын отырғыш істеуді қатыратын.

"Жиһаз жасаумен айналыссаң қайтеді?" дедім балалар жатқан соң шай демдеп әкеп қасына жайғасып. "Оған да ақша керек қой" деп қантсыз шайды сораптап отырған Мараттың көзінен "олай болса, қанекей" деген қуанышты үміттің жылт еткенін байқадым. Ендігі бар ойым - оны жиһаз жасайтын жерге орналастыру болды. Бірге жаяу жүріп білетін жерлерді аралап шықтық. Өзідігінен бара қоймайтынын білген соң бөпемді үлкеніме құндақтап беріп бірге шығамын.

Сөйтіп жүргенде тағы да екі-үш ай өтті. "Дипломың бар, неге өзің жұмысқа тұрып алмайсың?" дейді анам. Оның да сөзінің лебінен "Осылай отыра берсең аштан қаласың, оқымаған күйеуіңді кім алсын жұмысқа?!" дегенді сеземін-ақ. Сезген сайын жабырқап қаламын. Бірақ білдірмеуге тырысамын. Маратқа да бірдеу қаттырақ бірдеңе деп онсыз да жұқарып жүрген жүйкесін одан бетер ете ме деп жалтақтаймын.

Әйтеуір, біреулер секілді ішіп кетпегеніне шүкір деуші едім. Қанша адамды көріп жүрмін, жұмысы жоқ, балаларының нәпақасын ащы суға жұмсап жіберетіндерді. "Мамандық жоқ, жұмыс жоқ, ішпегенде не істейсің?" дейді бір қайным неге бүйтіп жүргенін сұрасам...

Мен содан қорықтым. Онсыз да тұйық, мінезі жұмсақ Марат сондайлардың қатарынан бір-ақ шыға ма жүрегім ұшты. Сол үшін қалай да оның сүйіп жасайтын жұмысын табуға бел шеше кірістім. Оған айтпай өзім де қанша жерге қоңырау шалып, сұрастырып та көрдім. Шықпады. Әншейінде жарнама беріліп жататын, жиһаз жасайтындарды іздейтіндер шықпай-ақ қойды. Ілуде біреуі жұмыс өтілін сұрап,жасаған жиһаздарының суретін көрсетуді сұрайды. Ол қайдан болсын бізде?!

Ай сайын балаға төленетін ақша таусылуға жақын қалғанда ойымыздағы жұмыстан хабар келгендей болды. Туыс әпкем жиһаз цехын ашқысы келетінін, соған жұмысшы іздеп жатқандығын айтып қалған бір жиында. Шалғайына жармасуға тура келді. "Өл-тіріл, мен десең күйеу балаңды жұмысқа ал. Ең болмағанда тақтайыңды тасып тұрсын", - деп жыларман хәлге түскендей болсам керек, үш күннен соң тез келсін деп хабар жіберіпті.

"Қайын жұрт" деп қайқая ма дегем, жоқ, бірден келісті. Содан бар тілеуім - Мәкеңнің жұмыс істеп кетуі болды. Сенесің бе, бастапқыда 30 мың теңгеге күн көрдік. "Әй, қыз! Күйеу баланың өнерін жасырып жүр екенсің. Қолынан келмейтіні, жасамайтыны жоқ қой", - деп әпкем хабарласқанда мәз боп қалсам да, көңілі қалмасын деп жатқан шығар деп те ойлайтынмын. Алты айдай одан ештеңе сұрамадым, тек бақыладым. Әкеп бергенін місе тұтып, ас-шайын қайнатып отырғаннан басқа ештеңе сұрамаймын, ол да айтпайды. Бірақ үйге келгенде де бірдеңелердің сызбасын жасап, есептеп отырады. Көңілінде тоқтық бар секілді көрінді, соған мәзбін.

Бір күні 60 мың, тағы екі айдан соң 90 мың ақша әкелгенде қуанышының қойнына сыймағанын айта алмаймын... Бір жыл көлемі болғанда әпкем цехын үлкейтіп, тағы бір жерден ашқанын айтты. Бірінің басшысы біздің Мәкең қазір...

"Жоқ болсаң бере алмайтын, бар болсаң көре алмайтын" ағайынның бар сөзіне шыдауыма тура келді. "Үндемей жүріп ақшаны қайдан тауып жатырсыңдар? Жұрт пысық осы. Қайын жұртын пайдаланып қалуды біледі..." деп біреуі айтып кетсе, көптің көзінше "қайын жұртқа қызмет етіп жатырмын де, одан да өзің бөлек ашып алмайсың ба?" дегені де болды. "Әй, келін мәләдес, адам етті, әйтпесе ішіп кетер ме едің мына мінезіңмен?" деген туған бауырына не дерсің?!"

Менің көптен күткенім ол емес еді. "Дұрыс, нағыз өз жұмысыңды тауыпсың. Бастысы - бала-шағаңды асырап отырсың. Енді баспанаңды тұрғызып ал, қашанғы мына кепе тамда отырасың?! Алла алдарыңнан жарылқасын!" деп бата берген үлкендердің болмағанына қарным ашты.

Неге осындай адамдар?! Неге қуанбайды? Неге қит етсе, әйелден көріп кетеді бәрін?! Соны түсінбеймін. Егер Марат қолынан келгенін пайдаланып осы жұмысты алып кетпегенде менің мың жерден жүгіргенімнен пайда болмас еді ғой. Егер ол ішіп кетсе де менен көрер еді "қатыны дұрыс емес, жақсы болып жолықпады" деп..."

Бұл Анардың бірде шешіле айтқан сыры болатын. Оған да бірнеше жыл өтіп кеттіпті-ау.

Қазір Анар мен Мараттың жағдайы асып кетпесе де кісі қызығарлық. Алтындай балалары , өздеріне жайлы баспанасы, бір отбасының қажетін өтейтін жеке көліктері бар. Бәрі де Мараттың табысымен келген дүние. Анар балаларын өсірген соң есеп-қисабына көмектесіп соңғы жылдары күйеуінің қасынан табылып жүр. Ешқандай лотореядан ұтып алған жоқ, ешкім алақандарына әкеп салып бермеді. Бәрін еңбектерімен тапты.

Жұрт әлі де Маратты "әйелінің арқасында адам болды" деуін қоймайды. Ара-кідік өздері де естіп қалатын сияқты, күліп айтып отырады. Айтпақшы, табыс пен қызмет еркекке сенім береді деген рас қой, тегінде. Мәкеңде бұрынғыдай тұйықтық жоқ, әзілдесіп әдемі әңгіме айтады. Екеуінің жарасымы кез келгенді қызықтырмай қоймайды.

Оларға қарап кейде "мен солай бола алар ма едім?" деп сұрақ қоямын өзіме...

"Өшіп" бара жатқан еркекті тұйықтан сүйреп шығарып "өсіріп" жіберген әйелдерді көргенде қуанамын. Меніңше, күйеуінің қолынан қандай іс келетіні, қай жағынан қырын ашуға болатынын білетін әйел кем секілді. Тап осы Анардың әрекеті біріншіден, "жұмыс жоқ, ішпегенде қайтеміз?" дейтіндерге, екіншіден, "не жұмысы, не баспанасы жоқ" деп алғашқы жалынмен лапылдап күйеуге тиіп алып, жыл өтпей ажырасып жататын келіншектерге, үшіншіден, "не қалайтынын түсінбеймін осының?" деп күйеуімен тіл табыса алмай ұрыса кететін әйелдерге сабақ боларлық-ақ.

Төртіншіден, қит етсе, "әйелінің арқасында адам боп жүр ғой" деген көрсөқыр пікірдің иелеріне ойланып сөйлеуге сеп болса екен. Дені дұрыс әйелдің ешқашан күйеуіне жамандық тілемесі, не тапса да, не істесе де бала-шағасы мен отбасы үшін екендігі белгілі.

Түйінін өзіңіз қойыңыз, оқырман.

Әмина Уалиханқызы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:

Әркім өзіне қоюы тиісті 10 сұрақ

Әйелдің балалы болуына көмектесетін сіз білмейтін ҮШ тәсіл