​ӨСІП жатырсыз ба, әлде ӨШІП жатырсыз ба? (тест)

0
8 608

Уақыт алға жылжуда. Ал, сіз ше? Ілгері... Кейін... Бір орында... Білгіңіз келе ме, бұны анықтаудың екі әдісі бар.


​ӨСІП жатырсыз ба, әлде ӨШІП жатырсыз ба? (тест)

фото: best-tests.blogspot.ru

(психологиялық тест)

Уақыт алға жылжуда. Ал, сіз ше? Ілгері... Кейін... Бір орында... Білгіңіз келе ме, бұны анықтаудың екі әдісі бар.

Біріншісі – менің болжауым

Егер, Абай Құнанбаевтың 15-ші қарасөзінде не туралы айтылғанын дәл қазір мүдірмей айтып бере алсаңыз, онда сіз ілгері басып, алға ұмтылып келесіз. Иә, бұл менің жорамалдауымша. Сонымен, дана Абайдың 15-ші қарасөзінде не делінген?

Ол «...Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» дейді. Меніңше, Абай атамыздың бұл қарасөзін жатқа білген адам оны орындап та жүр. Өзінің әр күніне, ісіне есеп бере білген адам өмірін жоспарлай да біледі, ал жоспар – алға жетелейді.

Екінші әдіс – психологиялық тест арқылы анықтау

Суретке қараңыз, бірінші нені (немесе кімді) көрдіңіз?

ТОР. Сіз бір орында тұрсыз. Тордағы құс секілдісіз. Өзіңіздің, я болмаса өзгенің сызып қойған шекара мен шектеулерінен шыға алмай әлексіз. Немесе әбден үйреніп қалған орыннан сәл алға адымдасаңыз, адасып кетердей қорқасыз. Жан-жағыңызға анықтап қараңызшы, ешқандай шекара жоқ қой. Ол сіздің санаңызда ғана.

Сізге батылдық пен сенімділік жетіспейді. Өзгенің ой-пікірімен өмір сүруді доғарып, өз көзқарасыңызбен шешім қабылдап үйренгеніңіз жөн. Қайсысы тамырын терең әрі кең жаяды: түбекке отырғызылған гүл ме, әлде даладағы өсімдік пе? Өсуді, дамуды қаласаңыз, еркін болыңыз, еркін ойлаңыз. Санаңызды «Алданып қалмаймын ба?», «шатаспаймын ба?», «қателессем ше?», «ұят емес пе?» деген қорқыныштардан азат етіңіз. Өткеннен, ескі естеліктер құрсауынан босаңыз. Өмір сіз ойлағандай қиын емес. Сіз күткен жарқын өмір сізді де күтуде. Тек шеңберден шығып, алға қадам жасасаңыз болғаны.

ОРМАНШЫ. Бір шеңберді қайта-қайта айналып жүрсіз. Қуатыңыз мол. Жүрегіңізде жалын, білегіңізде қайрат бар. Сондықтан да сіз кез келген мәселені күрделілігіне қарамай еңсеріп, алға қадам жасап келе жатырмын деп ойлайсыз. Бірақ, неге көп ұзамай сол мәселе алдыңыздан шыға береді? Бір-біріне ұқсас ұнамсыз оқиғалар неге қайталана береді? Сізге жауапкершілік пен байқампаздық жетіспейді.

Асықпаңыз, ағашты кескен соң, оның тамырын да қазып алыңыз. Тамырын жоймасаңыз, сіз кескен ағаштар (мәселелер) қайтадан өсе береді. Сізге мәселені соңына дейін шешуді және кез келген бастаған іске жауапкершілікпен қарауды үйрену керек. Мақсатыңыз – жұмысты жылдам аяқтау емес, оның нәтижесі болсын. Әр істің нәтижесін алдын ала болжап, бағамдап үйреніңіз.

АҒАШТАР. Сіз өсу мен өркендеу жолындасыз. Мүмкін қызметте, мүмкін рухани жағынан, я болмаса материалдық тұрғыда биіктеп, өсіп келесіз. Өміріңізде даму, ілгерілеу бар. Әйткенмен, сіз бұдан да биік сатыға көтеріле аласыз, әлдеқайда жақсы өмірге лайықтысыз. Қабілет қарымыңыз бен күш-қуатыңыздың мүмкіншілігі сіз ойлағаннан да ауқымды. Дамыта түсіңіз, тоқтамаңыз.

ЖОЛ. Қозғалыстасыз. Алға ұмтылу, құлшыныс пен талпыныс та жақсы. Бағытыңыз түзу. Бірақ, сіз алға жылжыған сайын мақсатыңыз да ұзап барады. Әлі жете алмай келесіз. Неге? Сізде дұрыс жоспарлау жеткіліксіз. Қадам басу бір басқа, ақылмен қадам басу бір басқа.

Мақсат жолындағы алгоритмді өзгертіңіз. Өмір сүру тәртібі, өзіндік ұстаным, көзқарас бәрін-бәрін өзгерту қажет.

Дайындаған: Жазира СМАҒҰЛОВА

ERNUR.KZ