ОСЫНЫ жасаған ҰЛ үйленіп, ҚЫЗ тұрмысқа шығады

0
4 292

Психологиялық блоктарды жоятын осы жаттығуларды жасасаңыз, өмірлік жар алдыңыздан іздемей-ақ табылады дейді мамандар.


ОСЫНЫ жасаған ҰЛ үйленіп, ҚЫЗ тұрмысқа шығады

Психологтардың айтуынша, ұлдың үйленбеуі, қыздың оң жақта отырып қалуының басты бір себебі – психологиялық блок. Психологиялық блоктарды жоюдың әдісі көп.


Ол білікті психотерапевт мамандарының көмегімен жүзеге асады. Сондай-ақ әркім өзі қолдануына болатын медитациялық жаттығулар да бар. Біз маманның көмегінсіз қолдануға болатын психологиялық тәсілдердің бірқатарын ұсынамыз.

Алайда медитациялық жаттығуларды жасамас бұрын психологиялық блоктардың неліктен қойылатынын білгеніңіз жөн. Бұл психологиялық блокты шешуге жәрдемдеседі.


ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ БЛОК НЕЛІКТЕН ҚОЙЫЛАДЫ?

Мамандардың зерттеу еңбектерін парақтасақ, психологиялық блоктардың басым бөлігі төрт түрлі жағымсыз эмоцияның әсерінен туады екен. Олар: ашу-ыза, реніш, қорқыныш және өкініш.


Ашу-ыза: Ашуымыз келгенде іштей «сабыр, сабыр» деп, сыртқа атылғалы тұрған эмоцияны ауыздықтап тастаймыз. Ашуланғанда айқайлағымыз келсе, қолымыздағы затты лақтырып сындырғымыз келсе де, әрекетсіз қалуға тырысамыз. Әрекетімізді өзгелер түсінбей қалады деп ұяламыз, қорқамыз. Ал нәтижесінде сол іште қалған жағымсыз эмоциямен кейін өзіміз конфликтке түсеміз, ол біртіндеп психологиялық блокқа айналып, өмір жолында кедергілер түрінде көрініс табады.


Реніш: Көбінесе еркектерге деген реніш тұрмысқа шығуға блок болады. Анасын тастап кеткен әкесіне деген реніш, әпкесін ұратын жездесін жеккөру, сезімін алдаған жігіттерге кек сақтау, өзгелердің ағасындай қамқор бола алмаған аға-інілеріне өкпелеу т.б. осындай эмоциялар ұзақ сақталса олар адамның ментальды дене қабатында блоктарға айналады. Сол сияқты жігіттер де әйелдерге (анасына, бұрын жүрген қыздарына, әпкесіне, жеңгесіне) қатты ренжісе, психологиялық блок қойылады.


Қорқыныш: «Ажырасып кетепймін бе?», «Көзіме шөп саламй ма?», «Ажырасып кетсем жалғыз өзім баламды асырай аламын ба?» т.б. осы секілді болашақтан қатты қорқу да психологиялық блок боп қойылады.


Өкініш: Өкініштің түрі көп, соның ішінде өз тәнін қабылдамау, бойына, сымбатына көңілі толмау, «Түу, еркек боп жаратылғанымда ғой» деп қыз бала боп туғанына өкініш білдіру әйелдік қуатты кемітеді. Еркектердің арасында да ұл боп туылғанына өкінетіндер бар. Көркі мен сымбатын ұнатпайтын жігіттер де бар. Өз тәнін қабылдамау – әелдік (еркектік) қуаттың кемуіне алып келеді де, олардың отбасы құруы қиындайды. Психологтар қуаттың кемуін де блоктың әсері деп түсіндіреді.


Осы негізгі төрт эмоцияның салдарынан пайда болатын блоктардың кейбірін өзіміз саналы түрде қойсақ, кейбірі жағдайға байланысты автоматты түрде қойылады екен. Түсінікті болу үшін бірнеше нұсқасын келтірейік.

1-НҰСҚА: Сыртқа шықпаған жағымсыз эмоциялар.

Эмоция да ас сияқты, химиялық реакцияларға қатысып, қорытылып сыртқа шығуы тиіс. Ал біз қайтеміз? Өксік өңешке келіп тіреледі, бірақ әлсіздігімізді көрсеткіміз келмей, өзімізді ұстаймыз. Кейбір еркектің сөзі жанды жерімізді осып өткенде көзімізге жас үйіріледі, бірақ мөлт-мөлт етіп тамғалы тұрған тұщы жасымызды бедірейіп қайтадан ішке «жұтамыз». Еркектер ұнатқан қыз сезімін қайтарғанда, оған ренжігенімен, оны айта алмайды. Тек ренішті ғана емес, жағымды сезімдерді де іште сақтау – психологиялық блок боп қойылады.

Эмоция не сөзбен, не іс-әрекетпен сыртқа шығуы керек. Ал сыртқа шықпаған эмоциялар біртіндеп психологиялық блоктарға айналады да, ол кейін өміріңізде түрлі мәселелер түрінде көрініс береді.


2-НҰСҚА: Балгер мен көріпкелдің немесе «білгіштердің» айтқанына сену.

Балгердің «Сен тұрмысқа шықпайсың» деген сөзіне сенген қыздың санасында, «Басыңда үш орайың бар екен, үш рет үйленесің» деген сөзді кішкентайында естіген ұлдың санасында қорқыныш туып, ол да блокқа айналады. Сонымен қатар әулетінде отбасы құра алмай өмірден өткен адамдар болса, туысқандары «Болды, пәленше ағаң (немесе әпкең) секілді сен де енді отбасы құрмайсың», «Мынау мінезіңмен сені ешкім жар етіп аламйды» деп айта берсе де, ол кейбір жаны нәзік, сенгіш адамдардың өмір жолына блок қояды.


3-НҰСҚА: Шектен тыс сезімталдық.

Неміс психотерапевты, «Жүйелік орнатулар» терапевтік әдісінің авторы Берт Хеллингер аналық мейір-махаббатын бауырларына, ата-анасына шектен тыс арнаған қыз баланың тұрмысқа шығуы қиын болатынын айтады. Берт Хеллингердің зерттеуінше, өзінен гөрі өзгелердің көп ойлайтын ұлдардың үйленуі қиын.

Өйткені, ондай ұл-қыздың санасы бауырлары мен ата-анасын – отбасым деп қабылдайды. Сондықтан олар өз отбасын құра алмайды.


Жоғарыда аталған негізгі төрт эмоцияның салдарынан қойылатын психологиялық блоктарға бұдан басқа да көп мысал келтіруге болады. Ал қысқаша айтар болсақ, психологиялық блоктар – түрлі психологиялық жағдайлар кезінде түпсанада пайда болған бағдарламалар, ой тұжырымдар, жан жарақаттары, жағымсыз эмоциялардың қордаланып жиналуы.


Бұлардың мекені – адамның ментальды дене қабаты. Ментальды дене қабатын психологиялық әдіс-тәсілдермен, техникалармен тазартуға болады. Психологиялық блоктар алынғаннан соң ұл үйленіп, қыз тұрмысқа шығады. Ол үшін психологиялық блокты жоятын техникалардың көмегіне жүгіну керек. Ондай техникалар интернетте көп, белгілі психологтардың ол туралы жазылған кітаптары да жетерлік. Тек тауып, оқып, орындау қажет. Ал біз көптеген бойдаққа көмектескен бір-екі әдісті ұсынамыз.


СКАНЕРЛЕУ

1. Жаттығуды ешкім мазаламайтын оңаша бөлмеде жасаңыз. Шалқаңыздан жатып, екі қолыңызды, екі аяғыңызды екі жаққа жіберіп еркін жатыңыз. Ойыңызды барлық мәселелерден босатыңыз. Дұрысы, ешнәрсе және ешкім туралы ойламаңыз. Көзіңізді жұмыңыз.

2. Енді барлық ойыңызды тынысыңызға аударыңыз. Ттерең-терең тыныс алыңыз. Ойыңызды тек тыныстауға, ауаның мұрныңыздан қалай кіріп, іштегі ауа қалай шығып жатқанын ғана ойласаңыз, оймен бірге тәніңіз де босаңсиды.

3. Ойша бөлменің жоғары кеңістігіне көтеріліңіз де еденде жатқан өзіңізді көріңіз. Сіз бойыңызбен бірдей аппақ қағаздың бетінде жатырсыз. Астыңыздағы ақ қағазды ойша жоғары көтеріңіз. Денеңіз қозғалыссыз бір орында қалады, тек қағаз жоғары көтеріледі. Ақ парақ денеңіз арқылы өтіп, жоғары көтерілгенін елестетіңіз. Ол денеңіздің ментальды қабатындағы барлық кірді, реніштерді, жылдар бойы жиналған жағымсыз эмоцияларды өзіне сіңіріп алғанын ой көзімен көре біліңіз.

4. Алғашқыда ақ қағаз денеңізден өткенде қап қара кір болуы мүмкін. Кейін жаттығуды бірнеше рет қайталағаннан соң парақты әр жерінен ғана кір байқалады. Жағымсыз эмоцияларды өзіне сіңірген қағазды ойша өртеп жіберіңіз.

5. Жаттығуды күніне 3-4 рет жасауға болады. Жалпы, жаттығуды қағаз аппақ боп көтерілгенше жасай берген дұрыс. Денеңіз де, көңіліңіздің де жеңілдегенін сезесіз, сол кезде жаттығуды жалғастырмай-ақ қойсаңыз болады.


Денеңіздің ментальды қабатын психологиялық блоктардан тазартып алған соң, мына медитациялық жаттығуды жасаңыз.



РЕНІШТЕРДІ БОСАТУ

Мамандар психологиялық блоктың көбісі балалық шақта қойылады дейді. Сол шақта қойылған блоктарды шешу үшін, жою үшін балалық шағыңыз өткен, өсіп-өнген, ата-анаңыздың үйіне, яғни қара шаңыраққа ойша барып қайтуыңыз керек. Дайынсыз ба?


1. Мейлі, ол үй сатылып кетсе де, қазір оның орны жоқ болса да, ойша саяхат жасайсыз. Ыңғайлы қалыпта отырыңыз. Көзіңізді жұмып, санай отырып 30 рет терең тыныс алыңыз. Ойша елестетіңіз: Сіз балалық шағыңыз өткен қара шаңырақтың қақпасының алдында тұрсыз. Қақпаны ашып кіріңіз. Ауламен жүріп келе жатырсыз. Үйдің есігін ашып кіріңіз.

2. Кірген кезде төрде, бұрышта отырған 5-6 жасар өзіңізді көрдіңіз. Ойыншықпен ойнап отыр. Жақындаңыз. Бала кездегі өзіңіздің көзіне қарап, қол созыңыз. «Осы уақытқа дейін оған көңіл бөлмей, басқаларға уақытты көп арнағаныңыз үшін кешірім сұраңыз. Оның жалғыз қалдырғаныңыз үшін кешірім сұраңыз. Ол орнынан түрегеп сізге ұмтылғанын елестетіңіз. Көтеріп, құшағыңызға қысыңыз. Бауырыңызға басып, мейір-махаббатыңызды беріңіз. Махаббатыңыз сіздің жүрегіңізден шығып, оның жүрегіне еніп жатқанын елестетіңіз. Оны қатты қысып құшақтағанда, денеңізге еніп, бір адамға айналғаныңызды елестетіңіз.

3. Енді ол сіздің жүрегіңізде. Бір адамсыздар. Оны енді ешқашан жалғыз қалдырмайтыныңызды айтыңыз да келесі бөлмеге қарай жүріңіз.

4. Бұл бөлмеде анаңыз бен әкеңіз шай ішіп отыр. Олар қазір өмірде болмаса да елестетіңіз. Алдымен әкеңізді құшақтаңыз. «Әке, сіз армандағандай перзент бола алмасам, үмітіңізді ақтай алмасам кешіріңіз» деп кешірім сұраңыз. Әкеңіз сіз қалағандай әке бола алмаса, оны кешіріңіз. «Кешіріңізші, мен де сізді кешірдім» деп босатыңыз.

Содан соң анаңызға жақындаңыз. Ол да сізді құшағын ашып қарсы алды. Сіз де қапсыра құшақтап, «уақытылы отбасы құрмағаныңыз үшін, жалғыз жүріп уайымға салғаныңыз үшін кешірім сұраңыз. Жылағыңыз келсе, көз жасыңызға ерік беріңіз. Айта алмаған сөздеріңіз болса айтыңыз. Анаңыздың да сізден кешірім сұрағанын елестетіп, бір-біріңізді босатыңыз.

5. Орныңыздан түрегеліңіз де есікке қараңыз. Есіктен сол бөлмеге біртіндеп бауырларыңыз кіріп жатыр. Олардың әрқайсысын құшақтап кешірім сұраңыз және кешіріңіз. «Кешірші», «кешірдім» деп дауыстап айтыңыз.

6. Барлығынан кешірім сұрап болған соң, ол бөлмеден шығыңыз. Үйдің сыртқы есігінен де шығып, қақпаға қарай бет алыңыз. Бүкіл реніштің жойылғанын сезініп, терең тыныс алыңыз. Ата-анаңызды да, бауырларыңызды да өзіңізден босатып, «Енді мен өз отбасымды құрамын» деп айтыңыз.

7. Қақпадан шығып, 10 рет терең тыныс алып, қазіргі отырған бөлмеңізге оралыңыз. Көзіңізді ашыңыз.


Бұл жаттығуды күніне бір рет жасау керек. Көңілден бүкіл реніш кірі кеткенше күнде бір рет жасауды жалғастырыңыз.


Бұл екі жаттығуды әбден жасап машықтанғанда, барлық детальдарды, адамдарды көз алдыңызға келтіріп елестете алғанда және шын көңіліңізбен кешіргенде, жолыңыз да ашылады.


«Күйеу күл астында», қалыңдық та жақын жерде, оны кафелерден, басқа жақтан іздеп сабылмаңыз. Психологиялық блоктарды жоюды ғана оайлап, жаттығуларды үздіксіз жасасаңыз, өмірлік жар алдыңыздан іздемей-ақ табылады дейді психологтар.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ж. Нұрабайқызы

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Бір айда жүкті болуға көмектесетін супер екі әдіс


Неліктен әр күнді жоспарлау керек?