Отбасылық ПРОБЛЕМАҒА көзқарасыңыз

0
3 306

Проблемадан қорықпаңыз, сонда сіздің қорқынышыңыз күшке айналады.


Отбасылық ПРОБЛЕМАҒА көзқарасыңыз

Отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бұл – бір қайнап жатқан өмір. Проблема – өмірдің, талпыныстың көрінісі. Оны өмірдің бір бөлшегі деп, қабылдап үйреніңіз. Себебі проблема ешқашан таусылмайды. Күнделікті күйбең тірліктің кейбір сәттері шешімі жоқ сияқты болып көрінеді. Ал сіз қорықпаңыз, сонда сіздің қорқынышыңыз күшке айналады.


Осындай бір келеңсіз сәтте отағасына «неге олай?» десеңіз, басыңыз бәлеге қалады. Мұндай кезде сіз қалай ойлайсыз, өзіңіз шешімін шығарыңыз деп қоя салыңыз. Сонда еркек миының нейрондары жауап іздей бастайды. Осы сәтте өз іс-әрекетіңізді ойластыра беріңіз.


1.Бұл проблема өмірімде екінші рет орын алмас үшін, мен не істеуім керек?

2.Мінезімнің қай тұстарын өзгертіп, қандай әдеттерді өз бойымда дамытуға міндеттімін?

3.Бұл проблеманың жағымды жағы не?


Бұл сұрақтар сіздің проблемаңызды шешіп қана қоймай, сізді тұлға ретінде дамытады. Отағасы шешім қабылдады делік, егер келіспесеңіз, «дұрыс емес» деп, оның еркектік энергиясын кемітпеңіз. Егер сіздің отбасыңызға келіп түсетінкіріс азайса, оның себебі неде? Өйткені сізде сол табысты әкелетін ер азаматыңызды дамытуға байланысты тың идея жоқ. Сізде отбасына деген идеяңыз неге жоқ? Себебі, сізде мотивация жоқ. Дәл осылай бала тәрбиесіне де байланысты. Баланы жақсы оқытуға талпындыратын тың идеяларды ер азаматыңызбен бірге тауып отыруыңыз керек. Адамның проблемасы оның ішкі жан дүниесінде. Егер адамның жүрегінде мотивация болса, алға қарай ұмтылдыратын тылсым күш болса, ми тынымсыз жұмыс істейді де,тың идеялар мен жаңашыл ойлар келеді. Қорыта келгенде, бәрі осыдан келіп шығады. Адамда ішкі мотивация болса, ол ешқашан берілмейді.


Өмір жолы – сан тарау. Өзіне тән қиындығы, тексерулері, сынақтары бар. Сол сынақты жақсы тапсырудың ең негізгі жолы – өзіңді-өзің тану. Өмір, ол – Алланың берген сыйы. Өмірдің жолы тегіс жазықтық болмайды. Бұл кезеңдерді жеңе білу керек. Негекейбір ерлі-зайыптылар отбасылық кризистен шыға алмайжүреді. Себебі өздерінің кемшілігін мойындамайды. «Мен білем» деген тағы да әкеліп, орға жығады. Неге бұлай болды? Қалай осы проблеманы шешемін деп өзіне-өзі сұрақ қойса, бәрінің шешімі табылады. Әйелдің күйеуіне көңілі толмай жүр делік. Көп жағдайда адамдар осы жерден қателікке бой алдырады. Яғни алдынан шыққан проблеманың бәрін жағдайға әкеліп тірей салады. «Менің күйеуімнің жалақысы аз, сондықтан тұрмысымыз төмен», «Ана құрбым сияқты бай жігітке үйленсем, бақытты болар едім», «Біздің бақытты өмір сүрмегенімізге қайын-жұрт кінәлі» деп сылтаулар айтады.

Халық даналығында: «Әр адамның өмірде бақытты және бақытсыз болуы, табысты және табыссыз болуы өз қолында» деген екен. Отбасы қарым-қатынасын зерттеу барысында, өзін толыққанды, бақытты сезінетін адамдардың құпиясын зерттегенімде, олардың басты құпиясы өмірлеріне, отбасына жауапкершілікпен қарайтындығында.


Жауапты болу дегеніміздің өзі не?

Яғни, бұл – сенің барлық ойларың, сенің сезімдерің, сенің көңіл-күйің, сенің бақытты болуың, бақытсыздығың немесе сенің ішкі жан дүниеңде болып жатқан жағдайларды үнемі саналы тұрғыда түсінуің. Бұлардың барлығы тек сенікі, басқа ешкімдікі емес. Сенің ісәрекетің, ол – сенің жеке ісің, сенің жауапкершілігің, сенің таңдауың. Ешкім бұған жауап бере алмайды,оған тек сен өзің ғана жауап бересің. Егер сенің үнемі көңіл күйің төмен болса, бақытсыздықты сезінген кезіңде өзіңнің ішкі жан дүниеңе үңіл, онда не болып жатқанына мән бер, түсінуге тырыс. Бұл жағдайға өзіңді тек өзің жеткізген болсаң, онда осы жағдайды өзің ғана өзгерте аласың. Осындай саналы түсініктен соң өзіңді, өміріңді өзгертетін күш пайда болады. Ішіңіздегі мыңдағанкедергілерден сүрінбей өтсеңіз,онда сырттағы кедергілерден де оп-оңай өте аласыз. Сіз қандай болсаңыз, айналаңыздағыларды да солай көресіз.

Дүние – ішіңіздегіні көрсететін айна. Оны ешқашан естен шығарушы болмаңыз. Отбасыңыздың жауапкершілігінен қашпаңыз. Өмірде күйеуі әйелін кінәлайды, әйелі күйеуін кінәлайды. Міне, көрдіңіздер ме, адам әр іске өзге біреуді кінәлауға дайын тұрады. Намыссыз адамнан ештеңе өнбейді. Намысқа тырыспай, отбасының проблемасын өзінен емес, өзгеден іздейтін, әр нәрседен сылтау ойлап табуға бейім адамдардың өзгеруі қиын, әрине. Яғни өзгелерді кінәлауды қойған кезде, намысқа тырысып еңбек еткенде ғана өміріңізде ұлы өзгеріс орын ала бастайды. Сенбесеңіз, біреуді кінәлауды тоқтатып, бар кемшілікті өзіңізден іздеп көріңізші. Сізде алға жылжу, даму байқалады. Бір істі жүзеге асырамын деген адам мүмкіндік табады, ал істемеймін деген адам сылтау табады.

Жазушы Мұхтар Әуезов: «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең әуелі ниет керек,одан соң күш керек,одан соң тәртіп керек» - деп, яғни алдыңызға ниет қойып, ерік-жігеріңізді жинап, белгілі бір тәртіпке бағыныпбақытты болуға талпынсаңыз, оның өнімділігі артады. Әр нәрсенің жақсы жағын ойлаңыз. «Ол жерге барсам, қолымнан келмесе» деген күмәнді ойлар сіздің жолыңызды болдырмайды, миға ақпарат кетті шынымен болмайды. Шын мәнінде, бүгінгі күн, бүгінгі материалдық жағдайымыз, біліміміздің деңгейі, көңіл-күйіміз, бір сөзбен айтқанда, барымыз бен жоғымыз кешегі күннің нәтижесі.

(Құралай Қалиеваның «Бақыттың кілті – әйелде» кітабынан алынды)

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)