ӨЗГЕРіске жәрдемдесетін ҰТымды 3 тәсіл

0
5 436

Әлденені өзгертуге өз ақылыңыз жетпей жатса, мамандар ұсынған мынандай ұтымды әдіс-тәсілдерді пайдаланып көріңіз


ӨЗГЕРіске жәрдемдесетін ҰТымды 3 тәсіл

Екі-ақ нәрсені өзгерте алмайсыз: өмірге келген күн мен өлетін уақытыңызды. Қалғанының бәрін өзгертуге болады. Қалай дейсіз бе?

Жоғарыға шыққысы келген адам саты ойлап тапқаны сияқты, сіз де ми нейрондарын оятып, ойланыңыз! Өз ақылыңыз жетпесе, «Бір кісінікі мақұл, екі кісінікі ақыл» дегенге сүйеніп, басқалардың ақыл-ойын пайдалануға болады дейді психолог мамандар. ҚАЛАЙ?


Мамандар мынандай үш ұтымды әдіс-тәсілді ұсынады


«6-3-5» ӘДІСІ

Қазір жақын адамдармен байланысу, әр қалада болса да оларды ортақ тақырыпқа жұмылдыру қиын емес. Бұл орайда сізге әлеуметтік желілердегі чаттар көмектеседі. Мысалы, «6-3-5» әдісін қолдану үшін, WhatsApp арқылы әр түрлі жастағы, әр түрлі саладағы 6 адамға арнап топ ашыңыз. Сіз нені өзгерткіңіз келіп жүр: жұмысты ма, стиліңізді ме? Қаланы, әлде әдеттеріңізді?

Егер, кәсібіңізді өзгерткіңіз келсе, 6 адамнан құралған топқа «Менің қолымнан қай іспен айналысу келеді деп ойлайсыңдар?», я болмаса «Менің ерекше үш қасиетім қайсы?» деген секілді сұрақ қойыңыз. 6 адамның әрқайсысы кемінде 3 нұсқадағы жауап жазуы керек. Жауаптарды қорытып, саралау арқылы іздегеніңізді табуға тырысыңыз. Егер, жауаптар жұтаңдау болса, онда сізді жақсы танитын тағы да 6 адамға (бауырыңыз, группаласыңыз, сыныптасыңыз, көршіңіз, әріптесіңіз т.б.) арнап топ ашыңыз да сұрақты түрлендіріңіз. Іздегеніңізді тапқанша, осы әдісті бес рет пайдалану керек екен.

«6-3-5» әдісін кез келген істе, мәселеде әлдебір нәрсеге өзгеріс енгізу үшін, өзгерту үшін қолдануға болады.


SWOT-сараптау ТЕХНИКАСЫ

SWOT – ойды топтаудың ең қарапайым әрі танымал тәсілі. Бұл техника 45 жыл бұрын қолданысқа енгізілген. Алғаш рет Гарвардта бір бизнестің стратегиясын детализациялау кезінде қолданылған екен.

Мұндағы S – (strengths) ағылшынның «күшті жақтары», W – (weaknesses) «әлсіз тұстары», O – (opportunities) «мүмкіндіктер», T – (threats) «қауіптер» дегенді білдіреді.

SWOT әдісін кез келген мәселені шешу, қиындықтан жол тауып шығу, дұрыс не бұрыс екенін анықтау мақсатында пайдалануға болады.

Парақты екі бағанға бөліп, «артықшылықтарым», «кемшіліктерім» деп айдар тағып, жазып шығыңыз. Артықшылықтарыңызға қарай өз мүмкіндіктеріңізді анықтай алсаңыз, кемшіліктеріңізге қарап туу мүмкін қауіпті «көре аласыз».

Айналаңыздағы, сізді жақсы танитын адамдарға сұрағыңызды WhatsApp арқылы тарата отырып, олардың ой-пікірін де пайымдап көріңіз.

Бұл әдісті тек өзін-өзі іздеуде емес, табысты жұмыс табу, тиімді таңдау жасау, дұрыс шешім қабылдауда екіойлы болған кезде де қолдануыңызға болады.


«5 W» ТӘСІЛІ

Бұл әдісті де ағылшындар ойлап тапқан екен. Ағылшын тіліндегі сұрақтардың басым бөлігі «W» әрпінен басталады. Демек, әдіс 5 сұрақтан тұрады.

Бірнеше адам бір мәселені шешу барысында немесе бір көзқарасқа тоқтам жасау үшін бір-бірінің пікіріне «Неге?» (why?), «...ал егер?» (what if?), «қашан?» (when?), (қай жерде?» (where?), «кім?» (who?) деген сұрақтар қояды. Сұрақтарға жауапты топтасып табады. Модератор барлық жауаптарды жазып отырады.

Мұндай дискуссияда қажетті жауап табылмай қоймайтыны анық.


«Кім шарап ішсе, оның зияны туралы білмейді, ішпесе пайдасын білмейді» деген екен бір жапон ойшылы. Әлемдегі миллиондаған адам пайдаланған бұл үш әдісті сіз де көмекші ретінде қолданып, өзгеріске, өзгеруге талпынып көріңіз. Өзгертесіз, өзгересіз немесе қазіргі жағдайыңыз да (қалпыңыз, тұрмысыңыз) жаман еместігін ұғасыз.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

«ERNUR.KZ»


Тағы да оқыңыз:

Оның СЕЗІМІ шынайы ма? Жазған SMS-інен білуге болады

Сізге қай мінезді «ЖӨНДЕУ» керек? (психологиялық тест)