​Өзіңді ҚАЛАЙ жақсы көру керек?

0
2 365

Дәл қазір бастасаңыз, нәтиже екі айда болады!


​Өзіңді ҚАЛАЙ жақсы көру керек?

(сурет ашық дереккөзден алынды)

«Отбасылық өмірде бақытты болам десең – өзіңді жақсы көр», «Жұмыста жетістікке жетем десең – өзіңді қатты жақсы көр», «Өзгелер сені жақсы көруі үшін алдымен өзіңді жақсы көріп үйрен» деген сөздерді оқып та, естіп жүрген боларсыз.

Өзіңді жақсы көру арқылы аурудан да, артық салмақтан да құтылуға болады дейді психологтар. Бұл әбден зерттелген, дәлелденген тәсіл. Расында да, өзін жақсы көретін адамның өмірінде жамандық аз болады. Бұны саналы түрде оқырманның көбісі біледі. Бірақ өзін қалай жақсы көру екенін білмейтіндер де бар.


Осы орайда біз психологтардың кеңесін қысқа да нұсқа етіп ұсынып отырмыз. Бұл кеңестер өзіңізді жақсы көруге бастайды.


1) Ең бірінші өзіңіздің барлық кемшіліктеріңізді қабылдаңыз. Мысалы, пұшық мұрныңыз, жуан саусақтырыңыз, сирек шашыңыз, қысық көзіңіз ұнамайды. Жайбасарлығыңызды, жұртпен тез тіл табыса алмайтыныңызды ойлап, өзіңізді жазғыратын шығарсыз. Бұның бәрін құдайдың жаратуы деп қабылдаңыз.

  • Көзіңіз қарақаттай, кірпіктеріңіз найзадай делік, бірақ соқыр болсаңыз қайтар едіңіз?
  • Мұрныңыз қырлы болсын, алайда мүлде иіс сезбесеңіз не болар еді?
  • Саусақтарыңыз сүйріктей, бірақ жансыз, қасық ұстай алмаса ше?..

Сұлу, бірақ туғаннан жүре алмайтын, көзі көрмейтін, сөйлей алмайтындар бар. Сондықтан асылық етпеңіз. Шүкір деп, көзәйнексіз көргені үшін көзіңізге, қалаған жеріңізге апарып-әкелетін аяқтарыңызға, барлық мүшеңізге алғыс айтыңыз. Алғыс айту жақсы көру сезімін күшейтеді.



2) Тәніңізге балаға қарағандай қарым-қатынаста болыңыз. Тек пайдалы азықтармен тамақтаныңыз. Тәтті мен ащыны азайтыңыз. Зиянды нәрселермен ағзаңызды улауды доғарыңыз. Темекі мен спиртті ішімдікке «жоқ» деңіз.

Жуынып, денеңізді крем майлармен сылаңыз. Шаш пен тырнақты уақытылы алып, өзіңізге күтім жасаңыз. Өзін жақсы көрген адам шашының майланып, киімінің мыж-мыж боп жүруіне жол бермейді. Ол сынық кесемен шай ішпейді...


3) Жаныңызды негативті сөздермен жаншуды, жаралауды тоқтатыңыз. Зиянды тағамдар сияқты негативті сөздерді қабылдамауға тырысыңыз. Өсек-аяңнан, әлдекімді жамандаудан аулақ болыңыз.

Тәніңіз секілді жаныңызды да әрдайым таза ұстау – өзіңді жақсы көрудің бір белгісі.


4) Өзіңізді жазғыра бермеңіз. Өткен шақты ойлап, қателіктеріңіз үшін айыптамаңыз. Өйткені өткен шақты түзей алмайсыз, бірақ алдағы өмірді өзгерте аласыз. Өзін жақсы көрген адам бақытты, табысты, жайлы өмірге ұмтылады. Өткенді ойлағанша алға, ертеңге ұмтылыңыз.


5) Өз тыныштығыңызды өзіңіз бұзбаңыз және өзгеге де жол бермеңіз. Ол үшін әркімді жау көруді, айналаңыздағы адамдарды кінәлауды, болмашыға бола ұрысуды доғарыңыз. Өзіңізді де, өзгелерді де сыйлаңыз.


6) Өз қалауларыңызға құрметпен қараңыз. Қалауыңыздан өзіңізді шектемеңіз. Сүйікті ісіңізбен көбірек айналысып, үй мен жұмыс, бала-шаға тірлігінен бөлек өзіңізге де уақыт қалдырыңыз.


Өзін жақсы көрудің жолы көп. Бірақ сіз осы алты кеңестен бастаңыз. Ары қарай өзіңізді, өмір сүруді, бәрі-бәрін қалай жақсы көріп кеткеніңізді байқамай да қаласыз. Осы тұста айта кетейік, адам өзін жақсы көру арқылы кармасын да өзгерте алады. Олай болса, өзіңізді жақсы көруді дәл қазір бастаңыз. Қиын емес!

Дайындаған: Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Біреу кемсітсе, мұқатса не істеу керек?


ӨЗГЕРіске бастайтын 12 ҚАДАМ