"ПРЕЗИДЕНТ болуға кім ЛАЙЫҚТЫ" - Адамды танып-білуге арналған 5 сұрақ

0
3 693

Психологтар бұл сұрақтарды жұмысқа маман қабылдарда, қыз бен жігіт танысқанда... жалпы кез келген адамды жылдам әрі жан-жақты тану үшін қоюды ұсынады.


Орыс халқында «Адамды тану үшін 1 тонна тұз жеу керек» деген мәтел бар. Бұл адамды бір-екі жылда толық тани алмайсың дегенді меңзесе керек. Ал, психолог мамандар кез келген адамның оптимист не пессимист екенін, достары мен табысының көп не аз, қай нәрсеге қызығатын, толғандырып жүрген басты мәселесін, өмір сүру салты мен ой-өрісінің деңгейін бір күнде білуге болады дейді. Ол үшін мынандай бес сұрақ қойсаңыз жеткілікті дейді жантану мамандары.



1. Жұмыстан қатты шаршағанда қалай демаласыз?

Жауап бір сөйлеммен аяқталмауы үшін, «демалыс күндері не істейсіз?», «жексенбіні кіммен, қайда өткізесіз?» деген қосымша сұрақтар қоюыңызға болады.

Оның демалысты қалай, қайда өткізетініне қарап, хоббиін, қызығушылығын, тіпті жақын араласатын достары мен табысының көлемін де шамалап анықтай аласыз.

Жоғарыдағы бір сұрақ арқылы сондай-ақ, алкогольді ішімдікке жақын ба, спортпен айналыса ма... бұны да білуге болады.



2. Қазақстанға кім президент болуға лайықты?

Осы немесе осы секілді саяси тақырыпта бір сұрақ қойып, адамның билікке көзқарасын, ой-өрісі мен интеллектуалдылық деңгейін, ұстанымын, әлеуметтік желілерді қаншалықты қолданатынын білу қиын емес.


3. Анаңызға, әлде әкеңізге: қайсысына сырыңызды көбірек айтасыз?

Ата-ана туралы бұл сұрақты басқаша түрлендіруіңізге де болады. Адамның ата-анасымен қарым-қатынасына қарап, оның өзіне және басқа адамдарға сый-құрметінің дәрежесін анықтауға болады.

Анасымен арада кикілжіңі жоқ, онымен ұрысып-керіспейтін адам өзін-өзі тапқан, тәні мен жаны үйлесімде өмір сүреді. Ал, әкесімен қарым-қатынасы – айналасындағы адамдармен және жалпы өмірмен қарым-қатынасын білдіреді. Психологтар «Анаң – бұл өзің, ал әкең – әлем» дейді.

Сондай-ақ, адамның эгоистігін, мейірімділігін, адамгершілігі мен өмірлік құндылықтарын да осы бір ғана сұрақты қоя отырып, «тани» аласыз.



4. Феминистерге көзқарасыңыз қандай?


Адамның агрессиясын, ашуланшақтығын, өз пікірінің бар екенін, өзгенің сөзіне ере ме, оны дегеніңе көндіру оңай ма... білгіңіз келсе, талас тудыратын бір сұрақ қойсаңыз жеткілікті. Мысалы, вегетериандар туралы, көгілдірлер жайында сұрақ қойып көру арқылы оның мінезінен мол ақпарат алу оп-оңай.



5. Дәл қазір сізге миллион теңге берсем, оны қайда жұмсар едіңіз?


Психологиялық тренингтердің бірінде осы сұрақ қойылғанда біреу «Несиемді жауып тастар едім», екінші біреу «Баламды емдетемін» деп жауап берді. Екеуі де өзінің басты мәселесін айтты.

Келесі бір тыңдарман «Депозитке салып қоямын» десе, тағы бір қатысушы «Бір апта Түркияға барып демалып қайтамын» деді. Бұл екі жауап қаржылай қиындық жоқ екенін ұқтырады.

«Онда мен бүгін жұмысымнан арыз жазып шығып, жеке бизнесімді бастаймын ғой», «Тағы да екі киім бутигін ашамын» деп жауап бергендер де болды.

Бұл сұрақ арқылы адамның басты мәселелерін, несиесі бар ма, жоқ па, оған не жетпейтінін, оның нені қажет ететінін, амбициясын білуге болады.

(суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ж. СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Өмірді өзгертудің ЕҢ ЖЫЛДАМ ЖОЛЫ
Сізге ҚАНДАЙ кітап оқыған ДҰРЫС?