​Ренжіткендерді КЕШІРУ керек пе? НЕГЕ?

2
4 362

Жүрекке жара салған ауыр сөздер мен естеліктерді ойда сақтау арқылы тек өз өміріңіздің жарығын өзіңіз өшіріп, жылуын сөндіресіз. Босатыңыз ренішті...


​Ренжіткендерді КЕШІРУ керек пе? НЕГЕ?

Біреуге, бір нәрсеге ренжіп, өкпелеп жүрген адам көп. Психологтар ренішті уға теңейді. Оны қаншалықты өзіңізде сақтаған сайын, соншалықты зияны тек өзіңізге тиеді екен.


Реніш, кек сияқты эмоциялардың ұзақ сақталуы ағзада қатерлі ауруларды тудыратынын да медицина ғалымдары әлдеқашан зерттеп, бұл туралы қаншама ғылыми еңбек жазылған. Әйтсе де кешіре алмайтындар бар.

Егер сіз де осы «Кешіре алмайтындар» қатарында болсаңыз, ертерек кешірім жолын ұстанғаныңыз дұрыс деп кеңес береді жантану мамандары. Сонда өміріңіз ғана емес, денсаулығыңыз да жақсарады екен. Есте ұстаңыз, сіздің тоңтеріс боп өкпелегеніңізден, ренішіңізден оны тудырушы объектінің де, субъектінің де ешнәрсесі кетпейді.

Түсінікті болу үшін ел аузында жүрген бір мысал келтірейік.

МЫСАЛ: Бір жігіт ұстазына ренжіткен досын жамандай бастайды. Ұстазы жігітке досын кешіруін өтінеді. Тіпті оныкі бұрыс болса кешірім сұрай сал дейді. Ал жігіт ашуланып:

- Ол кешіре алмайтындай опасыздық жасады? Оның сатқындығын ұмыту өте қиын. Сондай-ақ мен неге жазықсыз бола тұра одан кешірім сұрауым керек? - дейді.

Данышпан ұстаз жігітке бір мысал айтып береді. «Ертеде өте жалқау бір адам өмір сүріпті. Ол күнде қараңғылық түскенде дайын тұрған шамды жағуға ерінеді екен. Өмір бойы шам жақпас үшін Табиғат анадан ешқашан түннің болмауын сұрайды. Ал пеш жақпас үшін қыстың болмауын өтінеді. Табиғат оның өтінішін орындай алмайтындығын айтады. Табиғатқа ренжіген жалқау «Ендеше, мен саған жарық беру үшін ешқашан шам жақпаймын, саған жылу беру үшін пешті жылытпаймын, тіпті десең үйдің есігін де жаппаймын» деп қырсығады». Осы тұсқа келгенде тыңдап отырған жігіт:

- Неткен ақылсыз адам, Табиғат оның жаққан шамының жарығына зәру емес қой. Кішкентай пешінің жылуымен Табиғатты жылытамын дей ме, ақымақ-ай! Табиғатқа ол қажет те емес қой» деп сөзді бөледі. Сонда данышпан:

- Сен де дәл сол ақымақ секілді боп тұрсың ғой» деген екен.

Мысалда айтылғандай, әлдебіреудің ісін, сөзін, әрекетін кешірмеуден ол жаурамайды да, күні қараңғы да болмайды. «Кешірмеймін», «Кешіре алмаймын» деп, ыза мен кекті бойда, жүрекке жара салған ауыр сөздер мен естеліктерді ойда сақтау арқылы тек өз өміріңіздің жарығын өзіңіз өшіріп, жылуын сөндіресіз.


КЕШІРУГЕ ДАЙЫНСЫЗ БА?

Әрине кешірдім деген сөзден немесе кешірім сұрағаннан көп жылдан бері жиналған көңіл қағының бір немесе бірнеше айда оңай «жуыла» салуы мүмкін емес. Бұл орайда психологиялық техникалардың көмегіне жүгінген жөн.

Ең оңай техниканың бірі – ренішті қағазға жазу. Жүрек түкпірінде айтылмай қалып кеткен сөздерді, сарқылмаған сезімдерді сөз арқылы сыртқа шығару керек.

Ұзақ уақыт өтсе де әлдекімді кешіре алмай жүрсеңіз, онда сізде де кезінде кеңірдекке келіп тіреліп, іште қалған сөздердің бар болғаны.

«Ол кезде батылым жетпеген еді. Қазір өзгергенмін. Ертең-ақ кездесіп, бәрін-бәрін бетіне айтамын» деп қателеспеңіз. Сіздің ұзақ бойы сақтаған ренішіңізді қағаз ғана көтере алады.


ТЕХНИКА

Ол үшін оңаша бөлме және қағаз бен қалам қажет. Ашуландырған адамға (немесе жағдайға) арнап хат жазыңыз. Сонау артта қалған жылдарға оралып, ренжіген сәттегі сезімдерді қайта бастан өткеруіңіз керек. Яғни, хат жазып отырғанда кейбір сөздерді дауыстап айтқыңыз келсе, көзіңізге жас үйірілсе бөгемеңіз.

Қуаныңыз, жылаңыз, айқайлаңыз. Іште қамалып қалған эмоцияларды сыртқа шығарып, жүрегіңізден босатып жіберіңіз.

Әбден шеріңіз тарқап, ішіңіз босағанша хат жазуға күнде уақыт арнаңыз. Жазатын нәрсе қалмағанша жаза беріңіз. Ренішіңіздің көлеміне қарай, хат жазу техникасы бір аптаға немесе екі айға созылуы мүмкін. Іште реніш қалмағанын өзіңіз-ақ байқайсыз.

НӘТИЖЕСІ:

  • Жаныңызды жегідей жеген құрттардан тазарасыз;
  • Кеудеңіз қоқыстан босап, тынысыңыз ашылады;
  • Ұйқыңыз тынышталып, сабырлы күйге түсесіз;
  • Иығыңыздан ауыр бір жүк түскендей жеңілдейсіз.
  • Ойыңыз тұнықталғанын сезесіз;
  • Бұрын қиын боп көрінген мәселелер оңай шешімін таба бастайды;
  • Өмір сүруге құлшынысыңыз артады;
  • Жеке өміріңізде, жұмысыңызда оң өзгерістер орын алады.

ЕСТЕ ҰСТАҢЫЗ

  1. Әр хатты «Мен сені көңілімнің түрмесінен босатамын! Кешірдім. Сен де мені кешір!» деп аяқтау керек.
  2. Хатты аяқтаған соң алдымен еденге тастап, аяғыңызбен мыжыңыз.
  3. Хатты қоқысқа жыртып-жыртып немесе өртеп тастаңыз.
  4. Өзіңізге ұнайтын ән тыңдаңыз немесе айтыңыз. Я болмаса тәтті шоколадпен шай ішіңіз. Теңіз тұзы қосылған ванна қабылдауға да, душқа түсуге де болады.
  5. Міндетті түрде киіміңізді ауыстырып, хат жазу техникасын орындаған кезде үстіңізде болған киімді жуған жөн.


Мейлі, психологтардың сөзіне сенгіңіз келмесе, онда Хақ Тағаланың сөзі – Құран аяттарына назар аударыңыз. Онда Алла Тағала «кешірімді болу», «кешіру» жайлы 234 рет «айтып ескерткен». Сонымен қатар Құран Кәрімдегі 3-сүре – Әли-Имран сүресінің 134-аятында: «Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық істеушілерді сүйеді» делінген. Аят мағынасы «Адамдарды кешіре білгендер ғана Алланың кешіріміне бөленеді» дегенге саяды.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


БАҚЫТты болудың ең ОҢАЙ ФОРМУЛАСЫ қандай?


АТА-АНА бақытты болу үшін ПЕРЗЕНТ не істеуі керек?