​СІЗ ҚАНДАЙ АДАМСЫЗ? (психологиялық тест)

0
144 456

Сюжетті мынау суреттен ең бірінші нені көрдіңіз?


​СІЗ ҚАНДАЙ АДАМСЫЗ? (психологиялық тест)

Әрине, өзіңіздің қандай адам екеніңізді сізден артық ешкім білмейді. Бұған күмәнім жоқ. Мен психологтардың «Сурет арқылы сіздің қандай адам екеніңізді білуге болады» деген сөзіне күмәнім бар. Тексеріп көрейікші, сурет сіз туралы «айта» ала ма екен?


Адамның басы бейнеленген сюжетті суретке бір секунд қараңыз да, көзіңізді жұмып, не көргеніңізді еске түсіріңіз. Иә, ең бірінші ненің суреті көзіңізге түсті?


КЕМЕ

Көзіңіз бірінші кемеге немесе адамның басындағы шашқа түссе, бұл сіздің бала секілді аңғалдығыңызды, көңілшектігіңізді және өте сенгіш, арманшыл адам екеніңізді білдіреді. Көңіліңіз таза, пейіліңіз ақ. Тез қуанып, тез ренжисіз.

Мұндай адамдар тілалғыш, тәртіпке бағынатын, ешкімнің ала жібін аттамайтын адал әрі турашыл келеді. Берілген тапсырманы бұлжытпай орындайды, уақытында айтқан жерге кешікпей барады. Бірақ, мұндайлардың қолынан басқарушылық, өз кәсібін ашу, жүргізу, келіссөз жасау келе бермейді. Алайда, шығармашылық жолын таңдасаңыз, ісіңіз жемісті болады.

Кемшілігіңіз – туындаған мәселенің түбіне бойламау, істің соңы неге алып баратынын бағамдап жатпай-ақ асығыс кірісу.

Кішкентай бала не нәрсенің де тек бергі жағын ғана көреді, тым келте ойлайды. Сіз де дәл сондайсыз.

МЫСАЛ: Ернардың Айдар есімді досы бар. Олар бала кезден дос. Бір күні Айдардың әйелі бала-шағасын алып төркініне кетті де, ол түнде Ернарды шақырып алды.

Түн ортасында Ернар досының үйіне келді. Әңгімелесіп отырып, оның жастығын жастана беріп еді, үлкен пышақты көрді. «Мынау пышақ не үшін жатыр бұл жерде?» деп таңдана сұрап еді, Айдар «Шұжық кесем деп... Сені сыра мен шұжық алып келе ме деп ойлап, дайындап қойғаным ғой» деп күмілжіді.

Сіз Айдардың осы сөзіне сенер ме едіңіз? Негізі Айдар жасы 40-қа келсе де үйде жалғыз ұйықтаудан қорқады. «Есікті біреу бұзып кірсе қалай қорғанамын?» деген үрейлі оймен пышақты жанына алып жатқан. Бірақ, Айдар бұны айтуға намыстанып алдай салып еді, Ернар «Досым, мен бұны ойламаппын. Жақын жерде дүкен бар ма? Қазір барып алып келе саламын. Қанша сыра алайын?» деп, қалтасындағы ақшасын санап есікке қарай ұмтылды...

Сіз осы Ернар секілді тым аңғал, аңқаусыз. Айдар қорыққанынан пышақты жастанып жатады, ал кейбіреулер өлтіру үшін. Егер, Айдар қорыққанынан біреуді пышақтап өлтіріп қойып, қылмысын Ернарға іліп жібермек болғанда ше?

Әрине, аңғалдық жаман мінезге жатпайды, бірақ мақтайтын да қасиет емес. Бұл мінез-қасиеттеріңіздің өзгеге еш зияны жоқ, алайда өзіңізге көп жерде зардабы тиеді.


КЕҢЕС: Есею керек сізге. Кемеде отыра бермей теңізге түсіп көруден қорықпаңыз. Аузы-мұрныңыздан су кіріп, біраз қиналарсыз. Бірақ, біраздан соң қарманып, жүзуді де үйреніп аласыз.


ТЕҢІЗ

Теңізді немесе адамның жүзіндегі мүшелердің (мұрын, көз, қас, ауыз, құлақ, ерін) бірін көрдіңіз бе? Бұл сіздегі салмақтылық, сабырлылық, мейірімділік, ақылдылық секілді қасиеттерден хабар береді.

Сіздің басты ұстанымыңыз – тыныштық. Сондықтан да, шулы, думанды ортадан гөрі отбасында демалғанды ұнатасыз. Дау-дамайдан қашасыз.

Теңіз үстіндегі кемелерге де, су астындағы тіршілікке де ешқандай зиян тимесе екен деп, көбіне эмоцияңызды да, өзіндік пікіріңізді де іште қалдырасыз. Бұны ақылдылыққа балайсыз. Турасын айтып-айтып тастағыңыз келгенде үндемегенді жөн көріп, бұныңызды даналыққа жатқызасыз. Бірақ, толқынмен жағаға шығып қалмасын деп, балықтарды ойлап тыныштықты сақтағаныңызбен, шағалаларды қорексіз қалдырғаныңызды байқамайсыз.

Оған да, бұған да «мақұл» деп, «Алтын орталықты» сақтағыңыз келетін шығар, бірақ бұл үнемі мүмкін емес. Көз жұма қарау, үндемеу, ешкімге зиян тигізбеуді ойлау – жақсы да, жаман да емес. Кей жағдайда бір нәрсеге көз жұма қарау таудай қиындықтан құтқарса, кейбір жағдайда тайдау мәселені туындатады. Бұл жағдайға байланысты. Кез келген нәрсенің тек оң жағы емес, теріс жағы да болатынын есте ұстағаныңыз дұрыс.

МЫСАЛ: Кино тамашалап отырған 16 жастағы Қайрат биік жардан құлаған адамды көріп, «Жаман құлады. Өлді ғой» деп айқайлап жіберді. Ол кино көрсе эмоциясын тежей алмай қалады. Қасында отырған 5 жасар інісі Жомарт «Құлаған жоқ, ол ұшып бара жатыр» деді. «Ақымақ, адам құс емес қой ұшатын» деп ағасының басынан нұқыды. Жомарт «Құлаған жоқ, ұшты. Мама, айтшы...» деп жыламсырап, төргі бөлмеде демалып жатқан анасына келді. Екі ұлы жиі айтысып-тартысады. Тыныштықты және кішкентай баласын жұбатуды ғана ойлаған анасы Жомарттың не туралы айтып жатқанын түсінбесе де «Иә-иә, ұшты. Сенікі дұрыс. Ағаңдыкі дұрыс емес» дей салды.

Ертеңіне 5 жасар Жомарт түс әлетінде көршінің өзімен жасты баласын ертіп ауыл шетіндегі жарға барды. «Менің қалай ұшқанымды көресің бе?» деген Жомартқа досы «Адам ұшпайды. Өлесің, секірме» деп, қолынан тартқылады. Бірақ, Жомарт оны тыңдамады. Ол жардан секіріп кетті. Өйткені, мамасының «Иә, ұшып бара жатыр. Сенікі дұрыс. Ағаңдыкі дұрыс емес» деген сөздері құлағында жаңғырып тұр еді...


КЕҢЕС: Мейірімділік пен көнбістікті, көмек пен аяушылықты, сезім мен ақылды ажырата біліңіз. Не нәрсенің де анық-қанығын білмей жатып «Иә» деуден аулақ болыңыз.


ӘРІПТЕР

Ағылшын тіліндегі мәтінді, әріптерді көрсеңіз, онда өте зейінді жансыз. Жылдам шешім қабылдау, дер кезінде әрекет жасау, мүмкіндікті мүлт жібермеу – сіздің артықшылығыңыз. Осылар сізді «жолы болғыш» атандырып жүр.

Сіз үшін кез келген мәселеден жол тауып шығу қиын емес. Сізді алдау, арбау, пікіріңізден айныту қиын. Өйткені, ойланып қадам басып, өлшеп кесесіз.

Мұндай адамдар өткен шақтағы өкініштерін ойлап бір орында омалып отыра бермейді. Сондай-ақ, болашақтағы бақытты сәттерін елестетіп, қиялға мас боп та жата бермейді. Олар дәл осы шақта өмір сүретіндер. Содан болса керек, олардың жетер жетістігі де, жеңісті істері де көп болады. Бұндай адамдар қаржылық тәуелсіздікке оңай жете алады. Қырағы, сақ адам екеніңізді де ерекше атауға болады.

МЫСАЛ: Үш адамды терезе алдына ертіп келіп, «Не көріп тұрсыңдар?» деп сұраса, біреуі даладағы жауып жатқан жаңбырды көргенін айтады, екіншісі әйнекке жабысып тұрған шыбынды көрсетеді. Ал, үшіншісі терезені, әйнекті көреді.

Жауын басылған соң, осы үшеуін сыртқа ертіп шығыңыз да ауладағы жаңбырдан жиналған көлшіктің қасына апарыңыз. Көлшікті айнала тұрған үшеуінен «Не көріп тұрсыңдар?» деп сұраңызшы. Біріншісі көлшік судан аспанды көргенін, екіншісі тұнған судың астындағы лайды көргенін айтады. Ал, үшіншісі «суды көріп тұрмын» дейді.

Сіз осы мысалдағы үшінші адамға ұқсайсыз.


КЕҢЕС: Сіз су астындағы лайды да, судан аспанды да және өз бейнеңізді де көруді үйренсеңіз, кілтсіз-ақ небір құлыптарды ашатын боласыз. Осы шақ өткен шақтың «баласы», ал келер шақ бүгіннің «баласы» екенін ұмытпаңыз.


БАС

Бас ішіне салынған суреттерді емес, бірінші бастың өзін, адамды көрдіңіз бе? Онда сіз ұсақ-түйекке назар аудара бермейтін, болмашы нәрселерге бордай езіле қоймайтын, кейбір шығын мен қателіктерді елемейтіндердің бірісіз.

Шыншылсыз және шынайылықты талап етесіз. Мінезіңіз тік, қаталдық басым. Көңілге қарай бермейсіз. Көңіліңіз қалса, ол адаммен байланысты үзе салу қиын емес. Ешкімге екінші, үшінші мүмкіндік бермейтін адамсыз. Сондықтан да, достарыңыз аз.

Нақтылықты жақсы көресіз. «Меніңше...», «сондай болуы мүмкін», «көреміз», «сол сияқты», «ойланайын» дейтіндерді ұнатпайсыз.

Сізді тек басты-басты нәрселер ғана қызықтырады.

МЫСАЛ: Шамамен 1 км-дей ұзындықтағы тоннельдің кіреберісінде, рельс үстінде үш адам темекі шегіп отыр. Қысқа жол – тоннельмен өту. Әйтпесе, барар жерлері ұзап кетпек.

Біріншісі «Шынымен тоннель ме? Ұқсамайтын сияқты ғой. Шығатын шеті бар ма екен өзі? Шыға алмай қалмайық. Тас қараңғы ғой... Ашқарынға темекі шеккеннен басым айналып, құлағым шулап кетті. Қой жүрейік» десе, екіншісі көзін сығырайтып «Тоннельдің келесі басындағы жарықты көрем деп, ұзақ қарағаннан құлағым шулап кетті. Жетер жерімізге жылдам жетейік» деп тоннельге кірмек боп орнынан тұрды. Ал, үшінші адам бір мезетте көзімен тоннельдің о басындағы жарықты көрсе, құлағымен пойыздың дауысын естіп, «шетке қаш, пойыз» деп айтып үлгереді. Қараңғы тоннель ішімен зуылдап шыға келген пойызға қарап аңтарылып тұрған екі досын шетке сүйреп те үлгереді.

Ал, сіз тоннельді де, пойызды да емес, үш адамды ғана көрдіңіз. Өйткені, сіз үшін осы үш адамнан басқасы маңызды емес.


КЕҢЕС: Мектеп үш қабатты әрі үлкен. Бірақ, ол емес, оның ішіндегі оқушылар маңызды. Оқушылар болмаса мектеп те, мұғалімдерге жұмыс та болмайды. Маңыздының бәрі ірі бола бермейді, көлемдінің бәрі құнды бола бермейді.


Психологиялық сурет сізді дұрыс сипаттай алды ма? Жауабыңызды комментарий жазып қалдырыңыз.

(суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Дайындаған: Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Біз НЕ ҮШІН ауырамыз? ДӘРІСІЗ-АҚ емделуге болады


Осы ҚАРАПАЙЫМ қателіктерді түзесеңіз – ЕҢ ҚИЫН проблемаңыз шешіледі