​Сүйген жардың КӨҢІЛІН ҚАЛДЫРАТЫН БЕС ЖАҒДАЙ

0
3 829

Бұлар «көзге шөп салумен» бірдей ренжітеді екен.


​Сүйген жардың КӨҢІЛІН ҚАЛДЫРАТЫН  БЕС ЖАҒДАЙ

фото: i0.wp.com

Реніш, ренжу біртіндеп көңілдің сууына, содан кейін көңілдің қалуына алып барады. Қалған көңіл қайтадан бұрынғыдай ешқашан болмайды дейді психологтар.

Әсіресе, сүйген жардың көңілі қалса, оның жүрегі мұзға айналады екен. Бірге өмір сүре бересіз, бірақ сезім жылымайды. Сондықтан көңіл қалдыратын мына нәрселерден аулақ болыңыз.



Өтірік айту

Өтіріктің түрі көп. Соның ішінде мыналар сүйген жарға ауыр тиеді:

1. Бұрын үйленгенін, тұрмыста болғанын жасыру. Отбасы құрған соң үш-төрт айға жетпей екіге айырылысып кетіп жатқандар бар. Заңды некеге тұрып үлгермей жатып ажырасып кеткеннің көбісі екінші рет шаңырақ көтерерде бұны айтуды жөн көрмейді.

2. Баласы бар екенін жасыру. Заңды түрде ажырасқанын мойындағанымен, әйелінде бір баласы бар екенін айтпайтындар бар.

3. Ауруын (талма, бедеулік, белсіздік, туберкулез, ішімдікке тәуелділік т.б.) және сотты болғанын жасыру.

«Қарға жасырғанын қар еріген соң шығады» дегендей, өтіріктің ашылатын күні болмай қоймайды. Әрине, ол кезде жұбайлар ажырасып кетпегенімен, көңіл қалады. Сондықтан отбасы құрмас бұрын жасырмай бәрін айтқан дұрыс.



Ренішті іште сақтау

Отбасы болған соң түрлі жағдай болады. Ұрыс-керіс те орын алады. Ашу басылған соң жағдайды екеу отырып талқылағаны жөн дейді психологтар. Қай сөзі немесе қай қылығы ренжіткенін де айтып, ашық сөйлесуі керек. «Жоқ, ренжімедім», «Бәрі жақсы» деп өзіңізді де, оны да алдамаңыз. Ренжідіңіз бе, сол сәтте немесе орайын тауып дер кезінде іштегіні шығарып тастаңыз.

Күндердің күнінде, арада қаншама жыл өткен соң қордаланып жиналған ренішті эмоция сыртқа шығады. Міне, сол кезде бір-біріңізден қатты көңіл қалады.



Елемеу

Әйел бір күнін арнап күйеуіне торт пісіреді. Немесе үйін тазалап, терезелерін жуып, перделерін ауыстырады. Күйеуі оның бұл ісіне комплимент айтпаса, «оо, күшті ғой» деп таң қалмаса, әйел келесіде тортты дүкеннен сатып ала салады. Дәл сол сияқты еркек мереке сайын әйеліне гүл сыйлайды делік. Жұмысынан ертерек келіп өз қолымен ас дайындап, әйелін қуантқысы келеді. Әйел «Неге ақшаны құртып гүл алдың?», «Тұзды көп салып жіберіпсің ғой. Сәл күтпедің бе, өзім-ақ істер едім тамақты» десе, күйеу асүйге жоламай қояды. Біртіндеп гүл сыйлауды да сиретеді. Бұлар қарапайым мысал.

Жалпы, осы секілді жардың еңбегін, қуантуға тырысқанын бағаламау, елемеу – көңілді қалдырады.



Позициясын тыңдамау

Өз дегенінен қайтпайтын адамдар бар. «Менікі дұрыс, болды» деп отырып алады. Бірге тұрған соң жаңа зат алса да ортақ келісім болуы керек. Үйге қажетті затты таңдағанда, қонақ шақырарда ерлі-зайыптылар бір-бірінің пікірін, ойын тыңдап, ақылдасуы қажет.

«Мейлі, сонда да менің пікірімді тыңдашы» деп жатса да, сөзін бөліп немесе бөлмеден шығып кетіп қалатын еркек те, әйел де табылады.

Бұл екінші адамға «Сенің ойың мен үшін түкке тұрмайды», «Сен ақымақсың», «Сен тәуір ешнәрсе айта алмайсың» дегендей боп түйіледі. Оны өзінен төмен санағандай түйіледі. Сөйтіп, бірте-бірте жарынан көңілі қалады.



Тыйым сала беру

Болмашы нәрселерге ашуланып, тыйып отыратын ерлі-зайыптылар кездеседі. «Кино көргенше, пайдалы нәрсе тыңдасай», «Түнде тамақ жеу зиян деп қашанғы айтам», «Ыдыстарды жумай ұйықтама демеп пе едім, неге жумағансың?», «Нан жей бермесейші, семіріп кетесің», «Қоқысты шығар, сосын ұйықтайсың», «Тойда секіріп билеуіңді қойшы, одан да билемей-ақ қой», «Телефонда айқайлап сөйлемеші», «Даусын шығармай шайнашы» деген сөздермен әрине бір-бірін тәрбиелеуге болады. Бірақ оны үнемі айта беру – жүйкеге тиеді. Кемшілігін бетіне басып жатқандай, көңілді қалдырады.

Осындай ұсақ-түйектерден сезім біртіндеп суып кетеді дейді психолог мамандар. Бұл ттізімге сіз тағы нені қосар едіңіз, оқырман?


Дайындаған: Ж. Смағұлова

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Баланың омырауын СЫҚҚАН дұрыс па? (педиатр жауабы)


Өз стиль талғамыңды табудың 5 әдісі