ҮЛКЕН проблеманың КІШКЕНТАЙ ғана шешімі бар (психологиялық тест)

0
4 199

Бір сәт балаға айналып, суреттегі сиқырлы сусынның бірін таңдаңыз. Таңдаған сусын сізге проблемадан шығу жолын нұсқайды.


ҮЛКЕН проблеманың КІШКЕНТАЙ ғана шешімі бар (психологиялық тест)

Есейіп кетсек те кішкентай бала секілді кейде қиялға берілетініміз рас. Мысалы, кептелісте тұрғанда «Шіркін-ай, көлігімнің қанаты болса» деген ой санада жүгіріп өтеді. Немесе несиенің төлеу уақыты келгенде «Көзге көрінбейтін адамға айналдыратын қалпағым болса ғой, жемқорлардың сейфінен ақшасын алып кетер едім» деп ойлайтындар да аз емес шығар?! Ал психологтар адамның осындай қиялдары оның проблемаларынан хабар беретінін айтады.


Демек қияли ойларыңызға да мән берген жөн, олар арқылы кейбір мәселелеріңіздің түйінін таба аласыз.


Психологтар бұл сөзін дәлелдеу үшін мынадай 5 минуттық тест ұсынады. Иә, 5-ақ минут балаға айналып, қиялыңызға ерік беріңізші. Алхимиктер сиқырлы төрт сусын ойлап тапты делік. Олар:

1) Қартайтпайтын сусын

2) Көрінбейтін адамға айналдыратын сусын

3) Ауаны қажет етпейтін адамға айналдыратын сусын

4) Отқа күйдірмейтін сусын


Шарт бойынша біреуін ғана таңдай аласыз және сиқырлы сусындарды қолдану мерзімі бір жыл ғана. Дегенмен бұл сусындардың көмегімен бір жылдың ішінде жұлдызға, миллиардерге айналуға да болады. Сонымен сіз осы төрт сиқырлы сусынның қайсысын таңдайсыз?



ҚАРТАЙТПАЙТЫН сусын

Әдетте өткен шағын жиі еске алатын адамдар бірінші сусынды таңдайды екен. Психологтардың пайымдауынша, бұл адамдардың осы шақта бақытты сәттердің дәмін сезіне алмауына өткен шағы кедергі. Олар салы суға кеткенде көбіне дұрыс таңдау жасамадым деп өзін жазғырады, «көп іс тындырар едім, әттең» деп қолын мезгілінен кеш сермегеніне, жас еместігіне қынжылады. Бұл адамдар тұрып жатқан үйінің, отырған орнының, киімі мен жүріс-тұрысының, сымбатының, тіпті сөзінің де, бәрі-бәрінің тым әдемі болғанын қалайды. Сондықтан да жиі өкініп, қателік жіберген жерге, батыл қадам жасай алмаған сәтке ойша орала береді.


НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Егер сіздің де таңдауыңыз «қартайтпайтын сусын» болса, онда кінәлі мен кінәні іздеуді тоқтатыңыз. Өткен жылдарда қалған жағымсыз жағдайларды, қателіктерді, оралмайтын уақытты ойлай бермеңіз. Пайда жоқ!

Бірақ жастық шақтағы армандарды орындауға ешқашан кеш емес. Өміріңізді өзгерту де жасқа қарамайды. Өйткені сізде әлі келер шақ бар ғой. Бәрі де мүмкін. Тек алдымен өткен шақтың есігін жабуыңыз керек. Өткенді сол күйінде қабылдап, ол жаққа бара беруді доғарғанда, ойыңыз бен бойыңызда ғаламат күш, қуат пайда болады. Сондай-ақ өмірге көзқарасыңыз да өзгереді. Ал көзқарас өзгерсе бәрі де өзгереді.



КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН АДАМҒА айналдыратын сусын

Шіркін-ай, бұл сусынның көмегімен кез келген самолетке, кемеге мініп, бүкіл елге тегін саяхат жасап қайтуға болады ғой. Небір қымбат дүкендерден киімді де, әшекейлерді де қалауыңызша алып, керемет өмір сүруге болар еді. Алайда бұл жай қиял ғана. Ал шынтуайтында өмірден өзіне лайықты орны мен орынтағын таппаған немесе өзінің емес өзгенің арманын орындап жүрген адамдар осы екінші сусынды таңдайды екен. Ол жай өмір-өзеннің ағысымен ағып кетіп бара жатыр. Тіпті бұл сусынды таңдағандардың арасында осы уақытқа дейін «Өмірімнің мәні не? Мен нені қалаймын? Мен үшін не маңызды?» деген қарапайым сұрақтарға жауап берерде мүдіріп қалатындар көп кездеседі дейді психологтар.

Мамандар мұндай адамдар мәселені «Батылдықтың жоқтығы», «қолымнан келмейді деп ойлау» мен «жайлылық аймағынан шыққысы келмейтін жалқаулықтан» іздеу керек деп, жол нұсқайды. Өйткені бұлар көбіне басқалардың сызып қойған бағытымен жүріп, өз қалауы «жетімсіреп» қалғандар.


НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Психологтар бұл адамдарға ең бірінші бала кезде орындалмай қалған армандарды қағазға жазуды тапсырады. Оның бірнешеуін орындау керек.

Кішкентай баланың армандары да кішкентай ғой, оны 35-45 жастағы сізге қазір орындау қиындық тудырмас. Мысалы, көршінің баласының велосипедіне қатты қызыққан шығарсыз? 1-2 сағатқа жалға велосипед алып аяғыныңыз талғанша айдаңыз. Тоя балмұздақ жеңіз. Карусельге мініңіз. Бала кезде ата-анаңыз әпермей қойған ойыншықты сатып алыңыз т.б. Бұл қазір маңызды емес, бірақ шөлі қанбаған жан қалауы орындалуы қажет. Мамандардың осы айтқанын орындаңыз, сонда 2-3 күнде ойыңыздың қалай есейіп кеткеніне таң қаласыз. Осыдан кейін бойыңызда батылдық пайда болады, егер өміріңізді өзгенің иығына жүктеп қойған болсаңыз, жауапкершілікті өз қолыңызға оңай аласыз. Сүйікті ісіңізді де, не нәрсе жаныңызға қуаныш сыйлайтынын, мән мен мағынаны да таба аласыз.



АУАНЫ ҚАЖЕТ ЕТПЕЙТІН АДАМҒА айналдыратын сусын

Бұл сусынды таңдау – өмірден, әлемнен қашуды қалау. Су астынан мекен тауып алып, сол жерде өмір сүрсеңіз, ешкім таба да алмайды, бара да алмайды. Армандаған жақсы, алайда шынайы өмірде сізге адамдардан қаша беруді доғару керек.

Психологтар бұл сусынды таңдағандар – көп ортасында жүрсе де өзін жалғыз сезінетіндер, думанды кештерді ұнатпайтындар, ешкімді кіргізгісі келмейтін өз әлемі бар адамдар дейді. Сондай-ақ қорқынышымен бетпе-бет кездесуден қорқатындар.

Бұлардың мәселесі өзгелермен қарым-қатынаста жатыр. Олар көптен қашпайды, жағымсыз эмоциялардан қашады. Жақын адамдарының бірінің сөзі, енді бірінің өзі бүкіл қуатын «сорып» алып шаршатады, еркін тыныс алып өмір сүруіне кедергі.


НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Жаныңызды үнемі жаралауға тырысатын, кемшілік тауып тұқыртатын, көңіліңізге ұнамайтын адамдармен байланысты үзіңіз. Оларға «Араласпай-ақ қояйықшы», «Ұнамайсың», «Бара алмаймын, уақытым жоқ» деп айтудан, әлдекімді ренжітіп алудан қорықпаңыз. Өйткені «токсин адамдар» мен жағымсыз қарым-қатынастарға батыл түрде нүкте қоймасаңыз, «баяғы жартас – сол жартас», өміріңізде өзгеріс болмайды.

Адамды алға қадам жасататын, армандарына жақындататын ең бірінші оның көтеріңкі көңіл күйі. Өзгелердің емес өз көңіл күйіңізді көбірек ойлаңыз.



ОТҚА КҮЙДІРМЕЙТІН сусын

Қызуқанды, қуаты мол адамдардың таңдауы төрт сусынның ішінен отқа күйдірмейтініне түседі. Сезімтал. Тез ашуланады, көбіне эмоциясының жетегінде кетеді. Сондықтан да өмірінде ұрыс-керіс, дау-дамай, ренішке толы күндері көбірек.

Айналасындағылар бұларды «жынды», «ұрысқақ», «төбелесқұмар» десе, ал психологтар бұларды «Қуатты адамдар» деп ерекше атайды. Өмірлік мәселелері қуатын адамдарға арнауында жатыр екен. Егер күшін, энергиясын адамдарға емес, жұмысқа, мақсатты жоспарларына арнаса, жетістікке жылдам жетеді дейді психологтар.


НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Барлық жағдайды, оқиғаны, адамдардың сөздерін жүрекпен қабылдамаңыз. Кейбірін тіпті естімеуге, елемеуге тырысыңыз. Айнаға қарап «Ит үреді, керуен көшеді» деген нақылды жиі қайталап айтыңыз.

Бойыңызда қайнап жатқан махаббат, ашу-ыза, кек пен құмарлықтың сізге билік жүргізуіне жол бермеңіз. Олар жай ғана сезім ғой, ал сіз саналы адамсыз. Сезімдеріңізді өзіңізге бағындыра білгенде ғана өміріңіз жағымды өзгерістерге толады.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Дайындаған: Т. Қалыбек

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ОСЫНЫ жасаған ҰЛ үйленіп, ҚЫЗ тұрмысқа шығады

Бір айда жүкті болуға жәрдемдесетін ЕКІ СУПЕР-әдіс