ЖАБЫРҚАЙТЫН МЕЗГІЛ ЕМЕС: ​Күзді көңілді өткізудің 5 жолы

0
2 465

Бұл кеңестер күзгі меланхолияны, депрессияны алыстатады


ЖАБЫРҚАЙТЫН МЕЗГІЛ ЕМЕС: ​Күзді көңілді өткізудің 5 жолы

фото: medboli.ru

Адам – табиғаттың бір бөлшегі болғандықтан, әр мезгіл, ауа райы көңіл күйге әсер етпей қоймайды.

Мысалы, көктемде өмірді жаңа парақтан бастағыңыз, ғашық болғыңыз, жаңа бір іске кіріскіңіз келеді. Қуатыңыз тасып жүреді. Ал күзде керісінше, күн қысқарып ешнәрсеге үлгере алмай шаршау. Сәл суық тисе жөтеліп, тұмау боп маза қашу. Дала салқын болғандықтан үйден шықпау.

Осының бәрі адамның көңіл күйін жабырқатады. Ұзақ уақыт жабырқап жүру депрессияға жетелейді.

Байқасаңыз, көктем мен жазда «депрессияда жүрмін», «менде стресс» дегенді ешкімнен ести қоймайсыз. Ал күз бен қыста мұңлы адамды көп кездестіреміз. Неге?

Бәрі де көңіл күйге байланысты дейді психологтар. Дәрігерлер де көңіл күйдің болмауынан иммунитеттің төмендеп кететінін, соның салдарынан салқын айларда адамның көп ауыратынын айтады. Ендеше, ең бірінші көңіл күйді бақылаңыз. Ол үшін:



1. Фильм жанрын, мелодияны дұрыс таңдаңыз

Күнделікті тыңдайтын ән мен көретін фильмдер адамның көңіл күйіне әсер етеді. Мысалы, кейбір фильмді көргенде жылап қаласыз, ал кейбір мұңлы ән өткен шақтағы қоштасуларды еске түсіреді.

Тәніңіз жаурап жүргенде көңілге суық тиетін драмалық, боевик, атыс-шабыс фильмдерін көрмей-ақ қойғаныңыз жөн болады. Одан да комедия, мелодрама жанрына басымдық беріңіз. Той әндерін көбірек тыңдаңыз. Тіпті психологтар таңертең ұйқыдан тұрған соң той әнін қоюға кеңес береді. Музыкасыз тіс жуған мен көңілді ән тыңдай жүріп жуынып, киінудің әсері екі бөлек.



2. Дәрумен қабылдаңыз

Әр дәруменнің ағзаға тигізер өзіндік пайдасы бар. Ал дәруменнің жетіспеушілігі түрлі ауруға, гормондар бұзылысына, иммунитеттің әлсіреуіне алып барады.

Жыл сайын «денсаулығыма көңіл бөлуім керек» деп ойлап жүрген боларсыз?! Күз қолайлы мезгіл. Күзде иммунитетіңізді күшейтіп алсаңыз, қыстың суығын елемейтін боласыз.

Терапевт дәрігеріңізден кеңес алып, оның нұсқауымен укол, дәрумендер қабылдаңыз. Дастарханыңызды құнарлы тағамдармен толтырыңыз. Салқын тағамдардан гөрі ыстық сорпа, ыстық шай, кофені көбірек ішіңіз.



3. Әр жексенбіні мерекеге айналдырыңыз

Ағзада авитаминоз, далада күн жылуы аз кезде түрлі мәселелер өмірден бездіріп жіберуі әбден мүмкін. Сондықтан болар, әлемдік статистикаға сүйенсек, күз айларында суицидке баратындар көп екен. АХАЖ мамандарының деректерін сараласақ та, ажырасуға арыз осы мезгілде көбірек түсетін көрінеді.

Жағымсыз ойлардан мейлінше аулақ болыңыз. Көңіл күйіңіз болмай жатса, отбасылық мереке ұйымдастырып жіберіңіз. Қонақ шақырудың қажеті жоқ, жарыңыз бен балаларыңызбен ішетін кешкі асты мерекеге айналдыру қиын емес. Ол үшін себеп табу да оңай. Есік алдында бала-шағаңызбен кәуап пісіріңіз. Күздің қоңыр салқын ауасындағы кәуаптың иісі рақат сезім сыйлайды. Әр жексенбіде әр балаңыздың сүйікті тамағын дайындау да ерекше әсерлі болады.

Жарыңызбен кинотеатрға соңғы рет қашан бардыңыз? Киноға, театрға, музейге барыңыз.



4. Отбасылық фотосессия жасаңыз

Арнайы фотограф шақыртып түскен отбасылық фотосессияңыз бар ма? Уақыт өткен сайын кешегі суреттер естелік боп қалады. Жалпы, кез келген отбасылық фотолар көңілге жылу сыйлайды. Олай болса, отбасыңызбен фотосессия жасаңыз.

Ол үшін әдемі фотозона іздеудің қажеті жоқ. Үйіңізге жақын маңдағы саябақ дәл қазір ең әдемі фотозона. Күзде джинсы шалбармен тоқыма жемпір жараса кетеді. Артық салмақты жасырып әуреленбейсіз, шарф немесе жеңіл күздік қалпақпен шаш сәндеудің де қажеті жоқ.



5. Фитнес залға жазылыңыз

Жазбен салыстырғанда күзде фитнес залға бару әлдеқайда ыңғайлы. Терлеп жаттыққан соң душқа түсудің өзі жан рақаты. Шомылып шыққаннан кейін қалың киініп, таза салқын ауада жаяу жүруді айтсаңызшы.

Аптасына екі күн фитнес залға барып жаттығу жеткілікті. Бұл біріншіден, жалықтырмайды. Екіншіден, негативті ойға шомуға шамаңызды келтірмейді. Одан бөлек денсаулыққа пайдасы орасан. Сондай-ақ сымбатыңыз сымдай тартылған сайын көңіл күйіңіз көтеріледі.


Психиатр мамандары қандай жағдайда да көңіл күйді түсірмеуге кеңес береді. Олардың айтуынша, төрт күн, екі апта немесе бір ай көңілсіз жүру қалыпты. Ал екінші айда да ешнәрсе қызықтырмай, ештеңе қызық болмай жатса, психолог маманның көмегіне жүгіну керек-ақ.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Сүйген жардың КӨҢІЛІН ҚАЛДЫРАТЫН БЕС ЖАҒДАЙ


Баланың омырауын СЫҚҚАН дұрыс па? (педиатр жауабы)