Жағымсыз СӨЗдер мен АДАМдар көңіл күйіңізді түсіріп жүр ме? НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

0
4 981

Мерекелі ай желтоқсанда көңіл күйді түсіретін адамдар мен жағдайларды елемеуге тырысыңыз! Қалай?


Жағымсыз СӨЗдер мен АДАМдар көңіл күйіңізді түсіріп жүр ме? НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Желтоқсан – мерекелі де берекелі ай. Ызғарлы болса да жылы, ыстық тілектер көп айтылатын, қарлы болса да үйден қонақ үзілмейтін ай. Жаңа жыл да осы айда. Мерекеге толы бұл айда көңіл 30 күн бойы биіктен түспесе керек. БІРАҚ...


Бірақ та кейде шаттықтың шыңына шығып тұрған көңілді кей адамның жағымсыз сөзі, кейбіреудің ұнамсыз қылығы мен іс-әрекеті әп-сәтте төменге лақтырып жіберетіні бар. Келісесіз бе?


Егер келіспесеңіз, онда құттықтаймыз эмоцияларыңызды басқара білетін жансыз. Ал егер болмашыға борандай бұрқ ете қалатын болсаңыз, онда эмоцияңыздың жүгені кез келгеннің қолында.

Эмоциясын басқара алмайтындар:

  • Өкпешіл
  • Кінәмшіл
  • Кекшіл
  • Ашуланшақ
  • Ұстамсыз
  • Шағым айтқыш
  • Қызуқанды
  • Айыптағыш келеді.

Ал ғұламалар адам бойында бұндай мінез-қасиеттер сол адамның өзіне ғана зиянын тигізетінін айтады. Олар адамдарға ғана емес, ауа райына да, телесериалдағы актердің сөзіне де ашуланып, жүйкесін өзі жұқартады екен.


МЫСАЛ: Ескі қорадан жемтігін іздеп жүрген жылан жерде жатқан араның (ағаш аралайтын құрал) қасынан өтіп бара жатып денесін жарақаттап алады. Ара бір орында жатыр, оның қасынан абайлап өтпеген жыланның өзі кінәлі. Алайда жылан ашуланып жалт бұрылып араны тістеп алады. Ашумен шағамын деп ойлап еді, араның өткір жүзі аузын жырып кетті. Денесін жарақаттағаны аздай, жылан енді аузын да қанатты. Егер осы тұста жылан өзінің кінәлі екенін мойындап, ары қарай кетсе тірі қалар еді. Ал ол ара шабуыл жасап жатыр екен деп ойлады да өткір жүзді араны айналдыра денесімен орап алды. Қысып өлтірмек болғаны ғой.

Көзіңізге елестетіңізші, ағаш аралайтын өткір жүзді араны жылан жұмсақ етті денесімен орап алып қысып жатыр. Денесінің ауырғаны артқан сайын қыса түсті...

Не болды? Жылан өлді. Ол өзін-өзі өлтірді.


Өмірлік тәжірибесі мол ғұламалар эмоциясын басқара алмайтын адамдарды осы жыланға ұқсатады.

Медицина мамандары кез-келген келеңсіздікке кергіп, бір ауыз сөзге ашуланып, болмашыға бұрқан-талқан болу – айналадағы адамдармен қарым-қатынасты ғана емес, денсаулықты да бүлдіреді дейді. Ал жылан секілді қайтып келіп қарымта қайтару (кек сақтау, ренішті ұмытпау) қатерлі аурулардың пайда болуына сеп болады екен.

Данышпан ата-бабамыз да өмірге, денсаулыққа, тіпті қызметке де тек кедергісін, зиянын тигізетін эмоцияларды басқара білген адам – нағыз батыр екенін өсиет етіп қалдырған.

2019 жылдағы мәселелеріңіз бен дерттеріңіздің бастауына барып көріңізші, бәрі де сіз басқара алмай жүрген эмоциялардан басталған. Ал енді санаңызшы, бір жылдағы қанша күніңіз ұнамсыз әрекет жасағандар мен жағымсыз сөз айтқандармен алысып, жұлысып, ұрысумен өтті?

Байқасаңыз, ешкімнің ешнәрсесі кеткен жоқ, ал сіздің денсаулығыңыз, жүйке жасушаларыңыз, күш-қуатыңыз бен алтын уақытыңыз текке кетті. Келісесіз бе?


Не істеу керек?

Есте ұстаңыз, кез келген адамды басқару үшін алдымен оның эмоциясын басқаруды үйрен дейді психологтар. лай болса сізді басқалар басқарып жүр. Сіздегі көңіл күйді неге өзгелер басқаруы керек? Ол сізге тиесілі ғой.

Ендеше, өзіңізді өзіңіз басқарғыңыз келсе, эмоцияларыңызды бағындырып үйреніңіз.

«Ит үреді, керуен көшеді», өмірде өзгенің жағымсыз сөзі мен ұнамсыз жайттар ешқашан таусылмайды, тек олардың кейбіріне көңіл аудармай өтіп кеткен жөн, елемей естімеуге тырысқан дұрыс-ақ.


Сонымен, желтоқсан айын асау эмоцияларыңызды ауыздықтап ноқталауға арнаңыз.

Бұл орайда сіз қандай әдіс-тәсілді ұсынар едіңіз, оқырман? Білетініңізбен бөлісе отырыңыз.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

«ERNUR.KZ»»


Тағы да оқыңыз:


Басқаның КЕРТАРТПА сөздері БАҚЫТТЫ өмір сүруге КЕСІРІН тигізеді

Жиен ел болады жайлы болса, желке ас болады, майлы болса...