Жездем адам емес "ҚҰБЫЖЫҚ" болып шықты

0
8 705

Егер жолдасыңыз сізге қол көтерсе, ондай адамды жақсы көрудің қажеті жоқ. Себебі, ол еркек емес, ез саналады. Өміріңіздің сондай оңбаған адаммен өксіп өткенін қаласаңыз, балаларыңыз үшін оның мақұлыққа тән, адам төзгісіз әрекеттеріне көнемін десеңіз өмір сіздікі. Таңдау да өз қолыңызда!


Жездем адам емес

фото: st.gde-fon.com

Кеше ғана Ресейдің бір телебағдарламасын көріп, жағамды ұстадым. Онда бір ер-азаматтың әйел, бала-шағасын қамауда ұстап, аяусыз ұрып-соғып, теріс тәрбие беріп келгені жайлы айтылады. Әйелі бұл азапты 6 жыл бойы тартып келген. Осы уақыт аралығында әлгі арсыз еркек оны ешбір адаммен сөйлестірмеген, балалары да тілдесуден қалған, тіпті, адамдармен қалай қарым-қатынас жасауды да білмейді. Әке-шешесі, бауырлары күйеу балаларының сырт келбетіне қарап, анда-санда қонаққа келіп-кетіп жүргендерін ескеріп, жаман ойға бармапты. Бірақ әйелін басында қолмен ұрып-соғып, тепкілеп тастайтын еркек, кейіннен үйінде бар түрлі темір құралдармен жарақаттап, қинайтын әдет тапқан.

Қарап отырсаңыз, бір адамның өмірін ойыншыққа айналдырып, қорлаған. «Бұл не деген масқара?!» дейсіз көрген кезде. Алайда, шетелдің бағдарламасындағы оқиға өз елімізде де болып жатқаны есіме түскенде еріксіз көзіме жас алдым.


фото: assets.tvm.com.mt

Менің әпкемнің де тұрмысқа шыққанына 10 жылдың көлемі болып қалды. Осындай азапты ол да басынан кешіріп келеді десем артық айтқаным емес. Басында бәрі жақсы сияқты еді. Жездем әпкемнің қыр-соңынан қалмай, «сүйемін-күйемін» деп, ешбір жігітке қолын ұстатпай ақыры үйленіп тынды. Небәрі 19 жасында әпкем басына орамал тақты. Келін атанған күннен бастап, оның өмірі 180 градусқа өзгерді деуге болады.

Әрине, біз ештеңеден хабарсызбыз. Әйел адам нәзік болғанымен, барлық нәрсеге шыдамды, төзімді болып келеді. Мұны қу еркектер де біліп алған. «Қайда барар дейсің? Өлмейді, ертең-ақ жазылып кетеді» деп өзінің салып берген «синяктарын» көріп масаттанып отырады. Жездем де сол уақытта солай еткен шығар.

Мен әпкемнен 5 жас кішімін. Сіңлілеріміз де кішкентай болды. Ал, ата-анамның жүрегі сезген шығар, бірақ екеуі үй болып кетсін деп іштен тынып жүрген болуы керек. Бір күні әпкем үйге келді. Мені былай шақырып алды да, денесін ашып, көгеріп, ісініп тұрғанын көрсетті. Оны көргенде менің жүрегім ұшып, тоқтап қала жаздады. Өйткені әкем бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді, тіпті, ағамыздың өзіне дауыс көтерткізбейтін. Әрдайым «Қыз деген қонақ, кейін осы қыздар сені іздеп келетін болады. Қарындастарыңа ешқашан дауыс көтерме, қолыңның ұшы тиюші болмасын» деп өсірген.

Еркек адамнан таяқ жемек тұрмақ, ауыр сөз естіп көрмеген әпкемнің жаны мен тәніне мынадай жарақат салған жездемді жек көріп кеттім. Ал, әпкем болса «Сіңлім, мұны ата-анамызға айтушы болма. Ол кісілер уайымдайды» - деп менің аузымды аштырмады. Жалпы, «қазақта таяқтың екі ұшы, таразының екі басы болады», деген сөз бар екенін жақсы түсінемін. Алайда менің әпкемнің ешбір адамға зәбірі жоқ. Сондай пәк, адал, жұмсақ әрі мейірімді жандардың бірі. Өзімнен үлкен болса да маған дауыс көтеріп ұрса алмайтын. Керісінше үйдің бұзықтауы мен болдым. Әпкемді не үшін ұратынын, қандай кінә артатынын білмеймін.

Күлімханның әлгіндей бейнесі, көгерген денесі көз алдымнан кетпей біраз жүрдім. Мен де ақыры шыдай алмадым. Барлығын әке-шешеме айттым. Мұны естігенде ең алдымен ағам орнынан атып тұрып «Мен оған көрсетемін қазір» деп жұдырығын ала жүгірді. Бірақ анам ағамның алдына тұрып алып, оны жібермеді. Жалғыз ұлын жамандыққа қимайтын байғұс шешем оның жолын кес-кестеді. Әкем қолына дәу шоқпарды алды да, құдасының үйіне кетті. Кейін естідім әкем Асқарбекті таяқтың астына алыпты. Әпкем сол үйде қалды. «Не көрсем де осы үйде қаламын. Ұят болады. Үйге қай бетіммен барамын», - деп әкемді үйге қайтарыпты. Әйеліне қол көтеріп үйреніп қалған Асқарбек өзінің үйреншікті әдетін жалғастыра берген. Күлімхан болса мұның бірін де тіс жарып ешкімге айтпай, ішінен тынып жүре береді.

Арада 5-6 жыл өтті. Әпкем бір қыз, бір ұлды дүниеге әкелді. Өзі азып-тозып, үнемі әбіржулі күйде жүреді. Сол сырт келбетіне қарап, жағдайының жақсы емес екенін, жездемнің баяғы мінезі артпаса кемімегенін айтпай-ақ түсінуге болады. Анам қызына жаны ашып, бір-екі рет үйге әкеп қойды. Бірақ әпкем 10 күн өткен соң өз үйіне қайта кететін. «Балаларымның әкесі ғой, оларды қалай жетімсіретемін» деп енесі мен жолдасының көрсеткен қорлығына шыдайтынын айтып, кетіп қалатын. Ал, анам болса іштей қан жұтып, баласының тағдырына алаңдаумен екі көзі құрғамайтын болды. Қызын уайымдаймын деп аурушаң болып алды. Осылайша өмір өте берді.

Жездемнің әпкеме жасаған іс-әрекеттері адам миына сыймайды. Оның бойында адам баласына тән мейірімділік, кішіпейілділік деген қасиеттер жоқтың қасы. Сіздерге түсінікті болу үшін мына бір оқиғаны айта кетейін.

Әпкем күйеуінен қатты қорқады. Ол келе жатқаннан ұшып тұрып шай дайындап, көрпе салып әлекке түседі. Одан қала берді киімдері мен аяқ киімі үнемі таза тұруы керек. Иә, бұл жағы түсінікті. Бірақ, өзіңді күн сайын ұрып-соғатын, бір жылы сөз айтпайтын құбыжыққа шай бермек тұрмақ, бетіне де қарағың келмейді ғой?! Мен мұны қатты ашынғаннан айтып отырмын. Алайда әпкем оның алдында құрдай жорғалап, жездеме қарсы бір сөз айтпай, дегенін екі етпейтін.

Содан бір күні жездем туфлиінің тазаланбағанын, табанының лай екенін көріп қалып, айқайға басыпты. Боқтық сөздерді қарша боратып, аяқ киімді аяғына киіп алып, үйдегі бар кілемді басып шығыпты. «Аяқ киім тазаламаған осындай болады. Ал, тазалап алыңдар» деп бүкіл лайды тап-таза кілемге жағып шыққан. Мұны көргенде әпкем не жыларын, не күлірен білмей, әрі күйеуінен мұндайды күтпеген сасқалақтап тұрып қалыпты. Ал, менің «айуан» жездем түк болмағандай қарқ-қарқ күліп кете берген. Бұл сұмдықты маған әпкем кейін айтып береді ғой. Естіген кезде әпкеме қатты жаным ашып кетті. Екі балалы болғанда «Күлімхан, Асқарбек енді түзелмейді. Анасының айтқанымен жүреді ол. Ең дұрысы екі балаңды ал да ол үйден кетші. Ажырасшы. Асқарбек сияқты күйеуің болғанша, болмағаны жақсы. Жас өміріңнің бәрін содан қорқумен өткізесің бе?» дейтін едім. Менің сөзіме құлақ асатын Күлімхан болмады.

фото: lavnes.ru

Жақында тағы мынадай оқиға болыпты. Жездем мен әпкем тойға барады. Әдеттегідей Асқарбек ішімдікке тойып алып, масайған күйде үйіне келеді. Төсекке жатқан бойда Күлімханға арсыз қылықтар көрсетіп, әйеліне емес, көшедегі әр кіммен бір төсектес болатын, етегі ашылған қыздарға тиіскендей небір әрекеттер жасапты. Ұят та болса айтайын, ең сорақысы өз әйеліне шариғатта тыйым салынған төсек қатынасына баруды талап еткен. Болмаса өз обалың өзіңе ажалың менен болады. Ұйықтап қалатын болсам, оятып алып, қайтадан іске кірісесің» - деп атың өшкір Асқарбек Күлімханды әбден қорлапты. Бұл оқиға бір рет емес, бірнеше рет қайталанған.

Әпкем екеуміз бұған дейін ерлі-зайыптылар арасындағы төсек тақырыбындағы әңгімелерді мүлде қозғамайтынбыз. Бірақ, осы жағдайдан кейін әпкем ішіндегісін маған жайып салды. Мұндай жағдайды тек басынан өтіп жатқан жандар ғана түсінеді. Ел арасында бұдан да сұмдық оқиғалардың болып жатқанын естіп жүрміз. Дегенмен, осындай қатігездікке баратын жездем сияқты екі аяқты айуандардың жер бетіне қалай сыйып жүргенін түсіне алмаймын. Мұның бәрі ата-анасының дұрыс тәрбие бере алмауынан туындаған дүниелер. Аллаһ Тағала әлі-ақ жазасын бере жатар. Мен оған сенемін. Екеудің арасындағы бұл мәселеде ешкім де араласа алмайды. Жездемнің жазасын тек Алла берсін!

Қазір әпкемнің екі қыз, екі ұлы бар. Осы күнге дейін енесі мен жолдасынан көрмеген азабы, естімеген сөзі қалмаған шығар. Мен мұның бәріне ата-анамды кінәлі деп ойлаймын. Себебі, анам «Жалғыз балам біреудің баласын ұрып, қамалып кеткенін қаламаймын. Тыныш отырсын. Ұлымды бұл іске араластырмаймын», - деп, әпкемнің қиналғанына қарамастан оны жібермейтін. Сол кезде «Мама, мұндайда біз ағамызға сенім артамыз. Ол қорғамаса, бізді кім қорғайды? «Ағасы бардың жағасы бар» деп неліктен айтқан?» - деп жылап алатынмын. Сонда да анам өз айтқанынан қайтпады. «Маған ұлымның амандығы керек. Олардың қандай адам екенін білемін мен. Баламды түрмеге жаптыртады», - дейтінді шығарды. Осындайда ата-ана болсын, ағаң болсын қыздары үшін отқа да, суға да түсуге дайын болуы керек емес пе?! Кішкентайынан бағып-қағып өсірген қыздарын бір жексұрынның сұм қолдарына беріп қоюы дұрыс емес. Қыз баласы мұндайда ештеңе де істей алмайды. Біздің еліміз бөлек, жұртымыз бөлек. Төркінімізден кеткен адамдармыз. Қанша жерден әпкемізге жанымыз ашыса да қолымыздан ештеңе келмейді.

Сол уақытта жездемді орнына қою керек еді. Қазір енді бәрі де кеш. Төрт баламен әпкемді ажыратып ала да алмайсың. Айтып отырғаным, әпкеме жасаған қиянаттардың тек бергі жағы ғана. Күн сайын себепсізден-себепсіз соққыға жығып, жас ғұмырын өксікке толтырды.

Ата-аналарға айтарым, аялап-әлпештеп өсірген қыздарыңыздың, өмірлеріңіздің гүлдерін, нұрларын қорғаңыздар. Менің ата-анам жіберген қателікті жіберіп алмаңыздар! Қызыңыздың бақытты-бақытсыз екенін оның бал-бұл жанған жанарынан немесе солғын тартқан жүзінен-ақ байқауға, сезінуге болады. Мұндайда қыздың өмірін қор қылудың қажеті жоқ. Отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтынын да білемін. Алайда бұл сылдырлау емес, әбден сынып, қайта жинауға келмей қалған ыдыс сияқты отбасы. Тіпті, отбасы деп айтуға да аузың бармайды. Амалсыз көнгеннен басқа, Алладан сұраудан басқа амалым жоқ. Тек қана қыздар жыламасыншы.

Майра Сейфуллина,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

«Атасы оңбаған екен» деген сөзге қалғыңыз келмесе…

Неге бұларды түнде істеуге БОЛМАЙДЫ?