Жүкті болуға кедергі болатын ОЙЛАР қайсы?

0
3 047

​Бұл ойларды жойсаңыз, өзгертсеңіз, жүкті болуыңыз әбден мүмкін.


Жүкті болуға кедергі болатын ОЙЛАР қайсы?

Фото: thumbs.dreamstime.com

Денсаулығыңызда ешқандай кінәрат болмаса да жүкті бола алмай жүрсіз бе? Бұл «психологиялық бедеулік» болуы мүмкін.

Психологиялық бедеулікті адам өз ойымен түпсанада құрған бағдарламалары арқылы пайда қылады екен. Әрине бұл орайда «Ұрықтану процесі жамбас пен бел бөлігінде жүреді, бұған ойдың не қатысы бар?» деген сұрақ туындайтыны анық. Дұрыс, бірақ ұрықтану гормондардың бөлінуімен және олардың қатысуымен орын алады. Ал гормондарды ми басқарады. Сондықтан мәселенің көп бөлігі мида, ойда жатады екен. Түсінікті болу үшін жантану мамандарының бірнеше мысалын келтірейік.



ҚОРҚЫНЫШ

Түн ұйқысын төрт бөліп, балаға қараудан шаршаймын деп қорқу. Ана болудың немесе тоғыз ай жүкті боп жүрудің қиындығын алдын ала ойлап қорқу. Токсикоздан, мүсінің қайта қалпына келмей қалуынан қорқу. Тіпті «Оны пәтерден-пәтерге көшіп жүріп қалай бағамын?», «Мен оған қандай ана болам?», «Ауру бала тусам ше?» деп ойланып, болашақтан қорқу да психологиялық бедеулікті тудырады.

Көбінесе ең кішкентай інісіне (немесе сіңлісіне) қарап, анасына көмектескен қыздардың психологиясында «Балаға қарау оңай емес» деген блок болады дейді психологтар. Бұл да қорқыныштан пайда болған психологиялық бедеулікке алып барады.



КҮЙЕУДІҢ КЕМШІЛІКТЕРІН ТІЗЕ БЕРУ

Бойдақ кезінде байқалмаған күйеуінің кейбір әдеттері, қылықтары алғашқы айларда көріне бастайды. Егер әйел «Түу, неге бұл жігітке тұрмысқа шықтым?» деп, күйеуінің кемшіліктерін ойлай берсе, бетіне басып айта берсе де жүкті болуы қиындайтын көрінеді.

Психологтар күйеуді дәл сол қалпында қабылдап, жақсы көргенде психологиялық бедеуліктің блогы өздігінен қирайтынын айтады. Бұл жерде олар аталық ұрық аналық ұрықты емес, керісінше аналық жасуша оны қабылдайтынын және сол кезде ғана бала пайда болатынымен байланыстырады.

Жүкті болғыңыз келсе, күйеуіңізге әмиян, құрбыларыңызға көрсететін супермодель немесе мінсіз жар ретінде емес, жай адам ретінде қарап өміріңізге қабылдаңыз. Себепсіз жақсы көруге тырысыңыз.


БАЛАНЫҢ ОРНЫ БОС БОЛМАУ

Қыз бала жанашыр, бауырмашыл келеді ғой. Бірақ не нәрсе де шектен шықпағаны жөн-ақ. Егер әйел тұрмысқа шыққаннан соң да сіңлісі мен інісінің жағдайын ойлап, әке-шешесін уайымдай берсе, соларға өзінен гөрі көбірек уақыт арнаса, психологиялық бедеулік пайда болады. Өйткені түпсана ол әйелдің қамқор боп, күні-түні жағдайын ойлап, барлық қуатын арнап жүрген «баласы» бар деп қабылдайды. Сондықтан да күйеуге де «Жылы киініп жүр», «Тамағыңды іштің бе?», «Жолда абайлап жүр» деп, оған бала сияқты қарым-қатынас жасауға болмайды.


АНАҒА РЕНІШ

Психологтар анамен қарым-қатынастың жақсы болуы да маңызды дейді. Өйткені әр адам өз анасының бір бөлшегі, оның құрсағында тоғыз ай жатып нәр алғандықтан, психологиялық тұрғыда қайда жүрсе де байланыста. Оған деген көзқарасыңыз қандай? Өзгертіңіз!

Ренжіп жүрсеңіз, кешіріңіз. Бала кезде қалған өкпе-реніш болса, еске түсіріп, «Бәрін кешірдім» деп қайталаңыз, ұмытыңыз. Анаңызды құшақтап, кешірім сұраңыз. Егер ол дүниеден өтіп кеткен болса, ойша кешірім сұрауға болады.

Тіпті кейде анасының немесе әжесінің жасанды түсік жасатқаны да психологиялық бедеулікке соқтыратын көрінеді. Сондықтан олар үшін құдайдан кешірім сұрау да артық етпейді.


ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖОҚТЫҒЫ

Әйел бала тууды қаласа да, іштей «Семіріп кететін болдым, сосын қалай арықтаймын?», «Сүйікті көйлегім сыймай қалатын шығар», «Жаңа жылда банкетте көйлек жараспай қалса ше?», «Бала туылған соң өзіме қарауға уақыт та болмайды», «Декретте отырғанда ипотеканы, несиені қалай төлер екенмін?» деген сияқты ойлармен үнемі алысып жүретін болса, жүкті бола алмайды. Ол баланың жауапкершілігінен осындай ойлар арқылы қашып жатқанын ұқпайды. Сондықтан мұндай ішкі конфликті тоқтату керек.



АЖЫРАСУДЫ ОЙЛАУ

Әр түрлі қарым-қатынас, түрлі-түрлі мінез болады. Отбасылық мәселелерде «Бұл адаммен өмірімнің соңына дейін бірге тұра алмаймын», «Ажырасып кететін шығармын» деп ойлаудың жүкті болуға кедергі келтіретінін көп әйел біле бермесе керек. Әрине алғашқы айларда болмашы нәрселер ажырасу туралы ойға жетелейтіні заңдылық. Бірақ сүйіп қосылған жарыңыздан ажыраспайсыз ғой. Бұның уақытша қиындық екенін білесіз. Олай болса, алдағы күнді бір құдайдың реттеуіне қалдырып, бүгінгі күнмен өмір сүріп көріңіз.



Психологилық кедергі болатын осындай ойларды жоюға күш салыңыз. Психологиялық бедеулікке себеп болатын жағымсыз ойлардан құтылудың ең оңай жолы – ниетті түзеу. Ниетіңіз түзелсе, ой да түзеледі.

Дайындаған: Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Күзгі МҰҢНАН қалай шығуға болады?


Күйзелістен құтқаратын 7 амал