​ЖҰМЫСқа тұрарда мынандай СҰРАҚтарға дайын болыңыз

0
1 504

Бұл сұрақтарды барлық жұмыс беруші қояды


​ЖҰМЫСқа тұрарда мынандай СҰРАҚтарға дайын болыңыз

Фото: recruiteze.com

Жұмыс орныңызды ауыстырғыңыз келсе, жалақысы көп жұмысқа орналасуды ойлап жүрсеңіз, әңгімелесуге жақсылап дайындалыңыз.

Әңгімелесу – бұл жұмыс беруші мен жұмыскердің алғаш рет бетпе-бет жолығуы, танысуы. Көп маманның арасынан жұмыс беруші сізді таңдау үшін, оның сұрақтарынан сүрінбеуіңіз керек. Ол үшін алдын ала жауабыңызды дайындап алғаныңыз жөн. Сондай-ақ жұмыскердің басым бөлігі жіберетін қателіктерден аулақ болыңыз.


Осы орайда сізге көмек болсын деп, жұмыс берушілердің жиі қоятын сұрақтарын топтап ұсынып отырмыз.


1. Жұмыстан неге шықтыңыз?

«Бастық өзінің туысқанын менің орныма алды», «Әріптесіммен ұрысып, ол мені бастыққа жамандады», «Жұмысым көбейіп кетті», «Бастық дөрекі адам» деген жауаптарды ұмытыңыз. Мүмкін шынымен де бастықпен немесе бөлім меңгерушісімен ұрысып, керіс жұмыстан кетуіңізге себеп болған шығар. Алайда бұрынғы жұмыс орнындағы ұрыс-керіс туралы сөз аузыңыздан шықпасын.

«Су ішкен құдығыңа түкірме» деген сөзді жұмыс берушілер жақсы көреді. Сондықтан бұрын жұмыс істеген мекемелерді жамандаушы болмаңыз.

«Үйіме алыстау болып жатыр», «Өсу, өркендеу бар мекемеде жұмыс істегім келеді», «Өмірімді өзгерту үшін жұмыс орнын да ауыстыруды жөн санадым», «Ортамды өзгерткім келді», «Жұмыста жаңа әдіс-тәсілдерді үйреніп, біліктігімді арттыруды ойлаймын», «Бұрынғы жұмыс орнынан өзіме қажетті тәжірибе жинадым, енді сол тәжірибені ары қарай дамытқым келеді» деген сияқты жауаптар ойлап тапқаныңыз дұрыс.


2. Бұрынғы жұмыс орныңызда не ұнамады, не ұнады?

Осы мазмұндағы сұрақ қойылса, бұрынғы басшыңызды, әріптестеріңіздің жақсы қасиеттерін, жалақыны уақытылы беретінін атаңыз. Ұнамайтын жағы деп, компанияның шағын екенін, жаңашылдыққа ұмтылмайтынын айтуға болады. Бірақ бұрынғы жұмыс орныңыз туралы шағым айтпаңыз.


3. Неге біздің мекемені (компания, фирма т.б.) таңдадыңыз?

Бұл сұрақ міндетті түрде қойылады. Сондықтан да жұмысқа орналасқыңыз келетін мекеме туралы мағлұматыңыз болуы керек. Бүгінде интернеттен барлықдерлік компания, фирма, мекемелер туралы қысқаша болса да мәліметті табуға болады.

Ол мекеме немен айналысады? Қай жылдан бері жұмысын жүргізіп келе жатыр? Қандай жетістіктері бар? Осы сияқты сұрақтарға жауап іздеп, жаттап алу артық етпейді.

Кез келген басшы өзі басқарып отырған кәсіпорын туралы жақсы сөз естігісі келеді. Олай болса, мекеменің жетістіктерін атап өтіңіз. Бұндай мекемеде жұмыс істеу көп маманның арманы екенін сөз арасына қыстыра кетсеңіз де болады.


4. Өзіңізді осы қызметке лайықтымын деп ойлайсыз ба?

Бұл сұрақты түрлендіріп беруі әбден мүмкін. Мысалы, «Неге біз сізді жұмысқа алуымыз керек деп ойлайсыз?», «Жұмысты алып кете аласыз ба?»...

Бұл орайда сіз өзіңіздің жақсы қасиеттеріңізді, бұрынғы жұмыс орнында жасаған жобаларыңызды атасаңыз болады. Жұмыс беруші сөзіңізді бөліп, «Ал әлсіз тұстарыңыз қайсы?» деп сұрақ қойып қалуы да мүмкін. Бұл жерде мінез-қасиеттен гөрі жұмысыңызға ешқандай қатысы жоқ әдеттеріңізді атаған дұрысырақ.

Шындығында жұмыс берушіге сіздің әлсіз тұсыңыз қажет те емес. Ол бұл сұрақ арқылы сізідң өз-өзіңізбен жұмыс істеуіңізді, сенімділігіңізді білгісі келеді. Сондықтан жақсы қасиеттеріңізді қоса айтып кету де дұрыс. Мысалы, жұмыстан ешқашан кешікпеу, әріптестермен жеке бастың мәселесін талқыламау, ұрыс-керісті бейбіт жолмен шешу т.б.


5. Бұл мекемеде қанша жыл жұмыс істеуді жоспарлап отырсыз?

«Ағаш бір жерде көгереді» дегенді ұстанатын басшы көп. Бірақ адам ағаш емес қой, адам неғұрлым көп мекемеде жұмыс істесе, әр түрлі ұжыммен араласса мол тәжірибе жинайды. 10 жыл деп айтудан гөрі қызметтегі мақсаттарыңызды, қай дәрежеге дейін жеткіңіз келетінін айтқан жөн. Сондықтан да уақытты кесіп-пішіп нақты айтудың қажеті жоқ. Сондай-ақ «Білмеймін» деген де ұтымды жауап емес.


«Мен туралы түйіндемеде жазылған, сол жерден оқып алады» деп келте ойламаңыз. Кез келген жұмыс беруші кем дегенде жоғарыдағы сұрақтың үшеуін қояды. Олай болса, сұрақтарға жауабыңыз дайын болсын.

Дайындаған: Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Өзіңді ҚАЛАЙ жақсы көру керек?


Біреу кемсітсе, мұқатса не істеу керек?