Зиянды әдеттен ҚАЛАЙ құтылуға болады?

0
3 846

​Еркек адам не үшін ішімдік пен темекіге үйір болады?


Зиянды әдеттен ҚАЛАЙ құтылуға болады?

Психологтар адамды күйзелістен шығаратын, зиянды әдеттен құтқаратын әдетті атады. Ол не білесіз бе?

Спорт! Ол адамның жан дерті үшін ең қуатты дәрі. Жантану мамандарының зерттеуінше, адамның бойындағы жақсы қасиеттің көбісі спортты серік еткенде қалыптасады екен. Тіпті спортпен шұғылданатын адам темекі және сол секілді зиянды әдеттерін де оңай тастай алатын көрінеді.

Бұны мамандар өз еңбектерінде зерттеп көз жеткізген. Ал біз спорт арқылы күйзелістен шығып, спорттың көмегімен ұзақ жылдан бері тастай алмай жүрген темекіден құтылған кейіпкерлеріміздің жастарға ой салатын, сабақ болатын оқиғаларын назарларыңызға ұсынып отырмыз.


БІРІНШІ ОҚИҒА

Құлажан, Шымкент қаласының тұрғыны: Негізі жақсы әдет те, жаман әдет те шамамен 22-25 жастарда қалыптасады. Сондай-ақ ақылы бар адам 30 жасқа дейін түзу жолды табуға тырысады, өзін-өзі тәрбиелейді. Ал отыз жылға дейін түзуленбесе, ақылға келмесе, ары қарай адам болады деу қиындау. Бұны атам қазақ «Отыз жыл қисық өскен ағашты түзулеймін деп әуре болма» деп нақты айтып кеткен.

Мен үйленгенде 22 жаста едім. Бір үйдің ерке қызына үйлендім. Екі жақ қосылып, бір бөлмелі пәтер сатып әперді. Мен жұмыс істеп табыс табамын, ал әйелім тек жаратады. Бір күні үйге келсем, азық-түлікке деп сұрап алған ақшаға бір пакет косметика сатып алыпты. Бағасын сұрасам, удай. Ашуландым, ішім ашыды, бірақ ұрыспадым. Өйткені, оған үйленерде үлде мен бүлдеге ораймын, еш қиындық көрмейсің дегенмін.

Алайда үндемеген сайын ол тамақ пісіруге де ерінетін болды. Дайын тағамды тапсырыспен алдыра салатынды шығарды. Қажет болмаса да киім ала береді. Қиындық көрмей өскен қыз ғой, түсінем. Бірақ оның ақшаны есепсіз жұмсауы – менің шаршап, қиналып жұмыс істеп жатқанымды бағаламайтындай түйілетін.

Келіншегімнің жағдайын жасау оңай болмады. Екі жерде жұмыс істедім. Қатты шаршағанда, демалысты қалаймын. Келіншегім алдымнан күліп шығып, «Жаным, рахмет. Сенімен бақыттымын» десе, шаршағанымды әп-сәтте ұмытып шыға келем ғой. Бірақ келіншегім жылы сөз айтпақ түгілі, үнемі «анау жоқ, мынау жоқ» деп отыратын. Тіпті маған тұрмысқа шыққанына өкінетінін де айта беретін.

Ауыр сөздер, еңбектің бағаланбауы, үйдегі бітпейтін ұрыс-керіс мені есірткі тартуға итермеледі. Басында мен есірткіні жұмыстан, отбасылық өмірден қатты шаршағанда, уақытша болса да бір сәт демалу үшін, бәрін ұмыту үшін тартып жүрдім. Анда-санда ғана оны қолданатынмын.

Белгілі емес пе, есірткіге елітіп алған адам ашуланғанда қалай қол көтергенін, не істегенін де білмей қалады. Ерке келіншегім мен жұдырық жұмсаған күні кетіп қалды. Артынан іздеп бармадым. Өзімше онсыз өмірім тынышталып, жақсы өмір сүрем деп ойлағанмын ғой.

Үнемі «жоқ» деп отыратын әйелім жоқ. «Ары жатшы» деп диванға бала сияқты таласушы едік, ол да бос. Өзіме «Ал Құлажан, шалқаңнан рақаттанып жата бер енді» деп қоям күбірлеп. Көзіме күйік боп көрінетін оның косметикалары да айна алдында тұр. Келіншегім күнде кешке осы айна алдында бетіне крем жағып отыратын. Сағынатын сияқтымын, оны ойлағанда жүрегім шым-шым етеді. Өкініш кеудемді кернеді. Жалғыздықтан жаным жабырқады.

Өз өміріме шолу жасадым. Көп ойландым. Мен әйелімді сүйеді екенмін, онсыз өмір қызық емес. Оған қол көтерткен, есімнен адастырған есірткіден құтылуды бірінші орынға қойдым.

Өзіме уәде бердім. Еркек өзгеге ғана емес, өзіне берген сөзінде де тұруы керек. Сонысымен ол еркек. Сенесіздер ме, бір-ақ күнде есірткіні тастадым. Адам жаман әдетті тастауды ұзақ созып жүрмеуі керек. Бір күнде өзіне-өзі сөз беріп, сол сәттен бастап ол зиянды әдеті туралы ойламауы қажет.

Шын қалаған, өмірін ақылға салған, болашағын ойлаған адам зиянды әдетін тастай алады. Әрине бұл үшін ол өзі таңдау жасайды. Өмір бойы қиналып, азапталып, ешкімге керексіз боп өмір кешу ме, әлде бақытты болу ма? Мен табысты, бақытты өмірді таңдадым.

Маған спорт көмектесті. Қазір дер кезінде ақылға келгеніме қуанам. Құлайын деп тұрған шаңырағымды уақытында қайта түзей алғанымды жетістігім деп санаймын. Ал қаншама адамның өмірін құртқан, тағдырын сындырған есірткіні бір-ақ күнде тастап кеткенімді ең үлкен жеңісіме балаймын.

ЕКІНШІ ОҚИҒА

Әскер, 42 жаста: Абай атамыздың «Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» дегенінің рас екенін жастарға айтқым келеді. Бұлай дейтін себебім, мен екінші курсқа дейін сабақтан соң тойханада даяшы боп, кейде вогондардан жүк түсіруші боп жұмыс істедім. Сол кездерде темекіден аулақ едім. Ал төртінші курста анам зейнеткерлікке шықты да, ай сайын маған зейнетақысын салып тұрды. Ауылдан ақша келіп тұрған соң, мен сабақтан соң ақша табуды тоқтаттым. Қарным тоқ, киімім көк, уақытым көп. Демалыс күндері азанды-кеш жатақханада бос жатамын. Өзім сияқты достарыма еріп, саябаққа барамыз, қыдырамыз. Қол бос, сабақ та онша қиын емес. Осы кезде жай қызық үшін темекі тартуды бастадым. Қазір ойлап отырсам, зеріккен адам осындай зиянды әдеттерге әуес келеді екен. Бастапқыда ермек үшін анда-санда тартып жүрдім. Кейін ол әдетке айналды...

Үйлендім. Келіншегім темекінің иісін жаман көретін еді. Әсіресе, жүктілік кезінде темекінің иісінен жүрегі айнып қатты қиналды. Негізі жүкті әйелдің қайта-қайта құсып, жүрегі айни бергені де дұрыс емес екен. Бұл баланың дамуына зиян дейді ғой.

Не себеп болғанын анық білмеймін, бірақ келіншегім емделіп жүріп әрең көтерген шаранасын тастап қойды. Иә, түсік тастады. Ол күнде жылайды. Келіншегімнің жылағанын көрген сайын өзімді кінәлайтынмын. Оның мені айыптайтынын көзқарасынан байқаймын.

Не керек, одан кейін келіншегім үш жылдай жүкті бола алмай жүрді. Медицина мамандары ешқандай кінәрат жоқ екенін айтып шығарып салады…

Бала күткен үш жылда мен өзіме сөз бердім. Бірақ бір айдан соң қайтадан темекіні бастап кеттім. Өте қиын екен. Бірге жұмыс істейтін бір әріптесім «Темекіні тастау үшін спортпен айналысу керек» деді. Ол күнде таңертең жүгіру арқылы темекісін тастағанын айтып берді. Ол ашуланғанда да спортзалына барады екен.

Әйелдер ашуын, ренішін жылап, құрбыларына айтып шығарады. Ал еркектер бәрін ішіне сақтайды, сондықтан да олар қатты ашуланғанда, күйзелгенде темекіні немесе алкогольді серік етіп алатын көрінеді.

«Спорттың көмегімен де бойдағы ашу, ренішті шығаруға болады. Өз басым үйде ұрыс-керіс жиілеп кетсе немесе отбасылық мәселелер туындай қалса, ауладағы алаңды бірнеше рет айналып жүгіріп шығам. Денемнен тер шығады, ашуым да басылады» деді күліп. Расында да, спорт еркек адамды стреске түсуден, зиянды әдеттен сақтайды екен.

Мен күнде ерте тұрып, жүгіруді қолға алдым. Бұл жақсы әдетті қалыптастырғаныма он жылдан асты. Спортпен шұғылданғанда ағза улы заттарды тер арқылы шығарып, тазарады екен де, одан кейін токсинді заттарды қабылдамай қояды екен.

Темекіні тастағанмын. Бүгінде оның иісін мен де жақтырмаймын. Қазір шүкір, екі ұлым бар. Оларды да спорт үйірмелеріне беріп, жастайынан салауатты өмір салтына үйретіп жатырмын. Өйткені спортпен шұғылданып өскен бала зиянды әдеттерден аулақ болатынын білем.


Дайындаған: Т. ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ



Тағы да оқыңыз:


Осы үш нәрсе ақшаңызды көбейтеді


Жүкті болуға кедергі болатын ОЙЛАР қайсы?