Ағаш ыдыс – аударма. Жібек Зинелова

0
1 698


Ағаш ыдыс – аударма. Жібек Зинелова

иллюстрацияық фото: ашық дереккөзден

Бір күні Ердем ақсақал ұлы мен келіні, немересі төртеуі үстел басында тамақтанып отырған болатын. Ердем ақсақал қатты қартайған. Сондықтан көздері бұрынғыдай жақсы көрмейді әрі қолдары дірілдеп, денесінде әл-қуаты қалмаған. Құлақтары да жақсы естімейді. Тамақ ішкен кезде қиналады. Себебі кей кездері қолдары дірілдеп, қолындағы ыдысын құлатып, үсті-басын, дастарқанды да бүлдіріп алады. Бұл жағдайға келіні қатты ашуланады. Артынан өзі бағып-қағып өсірген ұлы да сөйлеуді шығарды. Осы үйдегі оның жалғыз сүйеніші немересі Бекзат болатын...


Бекзат анасы мен әкесіне осы жағдайдың бәрін түсіндіргісі келеді. «Қартайғанда барлық адамда осындай қолайсыз жағдайдың болатыны рас қой. Соны неге ата-анам түсінбейді екен...» депойлайды.


Бір күні кешкісін бәрі үстел басында отырған болатын. Ердем ата тұзды ала бергенде, қолы табақты қағып кетті де, бүкіл ас жерге төгілді. Үстелдің үсті де, жер де қатты лас болды. Табақ құлап, екіге айрылды. Келіні бұны көріп, айғайға басты. Дауыс көтеріп: «Ата, кішкене көзіңізге қарамайсыз ба?! Ебедейсіз...» деді. Ердем ата үнсіз бөлмесіне кетіп қалды. Қарны ашып тұрса да, бүгінгі жағдайға қапаланып, көзі жасқа толды. Сосын ішінен: «Жаратқан, бұларға менің күнімді қарата көрме! Келінім мен ұлыма бұдан кейін жүк болғым келмейді» деп өксіп-өксіп жіберді...


Таңертең Бекзаттың әкесі үйге бір ағаш қасық пен табақ алып кірді. Енді Ердем атаның төсек жабдығын бақтағы ағаш үйге қарай таси бастады. Осыдан кейін Ердем ақсақал бақта қалып, осы жерде тамақтанатын болады. Бекзат бұны естігенде қатты қайғырды.«Анам мен әкем неге бұлай жасайды? Олар да бір күні қартаяды ғой. Сол кезде олардың да қол-аяқтары ыңғайға келмей дірілдейтін болады»деп кішкентай Бекзат әке-шешесінебәрін түсіндіргісі келді.


Бір күні далада жаңбыр жауып тұрды. Бекзаттың әке-шешесі үйде отырған болатын. Ол бақшадан бір-екі тақтай тауып әкеліп,үйге кірді.Қолына бір пышақ алып, әлгі әкелген тақтайын жона бастады. Әке-шешесі ұлдарының бұл қылығын көріп, қатты таңданып, қарап отырды. «Мына ағаштарды үйге әкеліп жонып отырғаны несі екен?!» деп әкесі Бекзаттан:


-Балам, не істеп отырсың? – деп сұрады.


-Ағаш қасықтар мен табақтар жасап отырмын.


-Оларды не қыласың?


-Сіздерге беремін!


-Бізге ме?


-Иә, сіздерге.Бір күнісіздер де қартайып, аяқ-қолдарыңыз әлсірейді. Сол кезде осындай ағаш ыдыстар сіздерге де қажет болады деп ойлаймын.


Анасы мен әкесі бұл жауапты естіп, қателерін түсініп, өкіне бастады. Ердем атаның жанына барып, одан кешірім сұрады. Сол күннен бастап олар Ердем атаны үйге әкеліп,бұдан кейін күнде қуанышты дастархан үстінде тамақтанатын болды.


Зинелова Жібек Құрашқызы – Атырау облысы, Индер ауданы, Жарсуат ауылында дүниеге келген. Аудармашы, автор. Балаларға арналған «Кәмпитті жеген кім?», «Кербезмүйіз», «Әдептілік қағидалары», «Қиялдағы ғаламшар», «Сұр қоян», т.б кітаптарының авторы. Әңгіме, ертегі, фэнтези жанры бойынша ересектер мен балаларға арналған шығармалар жазады.