Арманшыл өрмекші – ертегі. Айым Алтайқызы

0
1 585

Өрмекшілер өлкесінде жыл сайын ерекше жарыс ұйымдастырылатын.


Арманшыл өрмекші – ертегі. Айым Алтайқызы

Адам аяғы баспаған көне жертөле өрмекшілердің ата қонысына айналғалы қашан?! Осы бір өрмекшілер өлкесінде жыл сайын ерекше жарыс ұйымдастырылатын. Дәстүрлі жарыстың шарты бойынша шеберлер өрмек тоқудан сайысқа түсіп, жеңгендер ерекше сый-құрметке ие болушы еді. Себебі, олар үшін өрмек – тек сұлулықтың көрсеткіші емес. Өрмегі мықты өрмекші ғана өзін өмір бойы асырай алатын. Олар үшін азықтарын аулаудың жалғыз тәсілі де осы еді. Бұл жарыста бағын сынайтындардың ішінде «арманшыл өрмекші» де бар. Бірақ, оның тоқыған өрнектері бұл сайыста ылғи жүлдесіз қала берді. Рас... Ол тоқыған өрмектің әсемдігіне көз тоймайтын. Бірақ, жәндік аулау мақсатында қолдануға жарамайтын тым әлсіз жіптері тез тарқатылып, сынан өтпей қала берді.Ол өзінің өрмек тоқуда тәжірибесі аз екенін мойындағысы келмейтін. Үлкендер ылғи алдын орап, жолын әдейі болдырмай жүргендей өз өлкелестеріне ызамен қарайтын. Көп жаттығып, жақсырақ тоқудың орнына, қиялдап жүріп келесі жылы жарысқа қайта қатысатын. Бірақ, құр арман ешкімді алысқа апарған емес. Қайта-қайта жеңілуден шаршаған арманшыл өрмекші «Мекендестерім менің дарыныма қызғанышпен қарайды, сондықтан жүлдесіз қалып жүрмін» - деп ойлады. Осылайша, өрмекші алғаш рет басқа жаққа көшіп кетуді армандайды.


Келесі күні-ақ бұл жақта бұйырмаған бақыт, басқа жақтан табылар деген оймен сапарға аттанады.Көне жертөледен сыртқа шығып, ұзақ жүрген ол алғаш рет ескі тұрағынан да әдемі жерлердің бар екеніне куә болады. Биік үйлер мен кең көшелерді көріп таң-тамаша болып, қас қарая қаланың ең салатанатты ғимаратына тұрақтауға бел буады. Сарайдың едені жылтыр, іші мұнтаздай таза екен. Арманының орындалғанына қуанған өрмекші сол ғимараттың бір бұрышында түнеп шығады.


Келесі күні өрмекші өрмек тоқуға кіріседі. Бір қуанғаны, бұл маңда өрмекшінің кемшілігін айтып кекететін көрші де, бәскелес те жоқ. Бірақ, бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Мұндай таза зәулім ғимарат өрмекшінің тор тоқуына лайық жер емес еді. Өйткені салтанатты ордада күніне үш мәрте тазалық жұмыстары жүргізілетін. Еңбекпен тоқыған торын шаңсорғыштың жұтып жатқанын көрген өрмекші, бұрынғы көне де болса қамсыз, қауіпсіз мекенін сағына бастайды.


Өрмекші кең сарайда тұрып жатқанымен, тор тоқып өзін асырай алмаса бәрінің бекер екенін сонда түсінді. Күн өткен сайын ол дос-жаран, тума-туысты сағынып өзін жалғыз сезіне түсті. Ешқандай зиянкестер жүрмейтін, жүрсе де оның шұрық-тесік торына жәндік ілікпейтінін ұққан ол бұрынғы тұрағына қайта оралады. Қайтып келгенде оны ешкім жазғырған жоқ. Шет мекенге, беймәлім аймаққа жалғыз аттанған ерлігі үшін көпшілік өрмекшіні жақсы көріп кетті. Тіпті, зәулім сарайлар, зуылдағын көліктер, шулаған адамдар жайлы әңгімесін қызыға тыңдаушылар да табылды. Қазір арманшыл өрмекші барлық тәкаппарлығын ұмытып, ең жақсы шеберлерден өрмек тоқуды үйреніп жүр. Себебі, жәй ғана армандау өрмекші тұрмақ, адамға да жеткілікіз емес пе?!


Махаева Айым Алтайқызы. 2001 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген. 2017-2021 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде оқыды. Қазір Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистранты.