Асау толқын мен самал жел – ертегі. Айым Алтайқызы

0
1 062

Көк теңіздің бетінде толқын мен самал жел дос болған деседі.


Асау толқын мен самал жел – ертегі. Айым Алтайқызы

Ертеде қысы-жазы арнасынан ағыс кетпейтін, ешқашан бетін мұз басып көрмеген теңіз болыпты. Сол көк теңіздің бетінде толқын мен самал жел дос болған деседі. Жел ауаны тербеп, теңізге үрлеген сайын, ерке толқын су бетін армансыз шарлайтын. Мөлдір судың бетінде меруерттей қалқыған толқын тоқтап қалмасын деп керімсал жел күндіз күшейіп соқса, түнде толқынды әлдилей тербеп тұратын. Толқын да желді қатты жақсы көрді. Бірақ, жел болмаса толқын да жоғалып кететінін білген жоқ.


Бір күні толқын желдің тербеуімен жүзіп келіп алғаш рет жағалауды көреді. Сусыма құмнан жасалған сұлу аралды көргеннен бастап толқын тек жағаға ұмтылатынды шығарды. Бірақ, жағаға тақай берген сәтте самал жел асау толқынның бағытын бұрып жіберетін. Ал, толқын шексіз көк теңізден де, көрінбейтін желден де жалығып, жағалаумен дос болуды қалайтын еді. Ақыры, жағалауға жеткізбей өзін теңізге итере беретін желге ашулы толқын досына ауыр сөздер айтады:

- "Ей, өзімшіл жел! Неге менің бағытымды сен басқару керексің? Адал досым болсаң неге маған тыныштық бермейсің? Одан да, өз жөніңмен кеткенің дұрыс!

- Уа, теңіздің асау толқыны. Мен кетсем кемелердің желкенін кім үрлеп жылжытады? Теңіздің бетін кім тербейді? Жағалаудың құмын кім тазалайды? Қайықшылар бағытын қалай айырады? Оның үстіне мен сенсіз, сен менсіз қалай өмір сүреміз?

- Сен болмасаң мен жағалаумен табысар едім. Ешқандай кеме мені таптап өте бермейтін еді. Аспандағы бұлттар да тып-тыныш төбемізде тұра берер еді. Мен де емін-еркін өмір сүрер едім. Біз сені ешқашан көргіміз келмейді. Мені жайыма қалдыр да, жөніңмен кет.

Бұл сөзді естіген самал жел қимай-қимай аралдан кетуге мәжбүр болады. Жел кеткенен кейін толқын жаңа досы жағалумен кедергісіз қауышып тұрды. Бірақ, терістіктен соғатын жел ғайып болғалы, желкенді кемелер де сиреді. Бұрынғы шулаған жағажай да тып-тынық. Толқын да бұрынғыдай тербеле алмады. Жел тербеп тұрмаған соң бір орында тұра берген теңіздің беті қоқысқа, түбі лайқа толып қатты ластанды.

Күн қызуы қайтып, қыс мезгілі жақындап қалды. Күндіз-түні жағалауға жабысып тұрған толқын бұрынғы ырғала билеген күндерін аңсады. Бірақ бәрі кеш еді. Осы уақытқа дейін желдің күшімен бетін мұз басып көрмеген теңіз қозғалыссыз тұра берген соң қатты аязға сіресіп қатып қалды. Өз досының мейірбандығын жаңсақ түсінген толқын құрлықпен тұтасқан күйі мұзға айналып кетіпті. Жақындарымызға суық сөз айтамыз деп, біздің де жүрегіміз мұзға айналып кетіп жүрмесін.

Махаева Айым Алтайқызы. 2001 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген. 2017-2021 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде оқыды. Қазір Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистранты.