Ауа сататын патша – ертегі. Айым Алтайқызы

0
775

Бір елдің патшасы қатты қартайып өзінен кейін таққа кім отыратынын анықтау үшін екі баласын шақырып алады.


Ауа сататын патша – ертегі. Айым Алтайқызы

Ерте ерте ертеде бір елдің патшасы қатты қартайып өзінен кейін таққа кім отыратынын анықтау үшін екі баласын шақырып алады.


- Ал балаларым, әкелерің қартайды. Бойымнан күш, сөзімнен қуат кетті. Енді екеуіңді маңызды сынаққа салғалы отырмын. Бұл сыннан қайсың сүрінбей өтсеңдер, соны ел басқаруға лайық деп білемін.


Әкелерінің тосын мәлімдемесі ағалы-інілі екеуді толғандырып қойды. Сонымен алғашқы сынақ күні де келіп жетті. Патша екі ұлын өзен жағасына шақырып былай деді:


- Уа, ұлдарым. Бұл өзеннің арғы жағында үлкен қазына бар. Сол қазынаны осында қайсың бірінші әкелесіңдер сол сөзсіз таққа лайықты екенін дәлелдеген болады.


Осыны айтты да патша саятшылық құру үшін нөкерлерін алып кетіп қалады. Патшаның үлкен ұлы өзен жағасында тұрған алтын қайықты көріп қуанып кетеді. Тақтан дәмелі ол қайыққа қарғып мініп, жан-жағына қарамай ескекті есе жөнеледі. Алтын қайықтың жанында түбі тесік, ағаш қайық тұр еді. Інісі амал жоқ сол қайықты тақтаймен жамаймын деп біраз бөгеліп, жолға кешігіп шығады. Өзеннің қақ ортасына жеткенде ол көмек сұрап айқайлап, батып бара жатқан ағасын көреді.


- Інім айналайын. Мені құтқар. Патша бомасам болмайын. Тек мені аман алып қалсаң болды, - деп, жаны қалмай жалынған ағасын ол өз қайығына отырғызады.


Сөйтсе, алтын қайықтың салмағы ауыр болғандықтан, су бетінде жүзуге жарамайды екен. Осылайша, екеуі де өзеннің келесі бетіне жаман қайықпен болса да аман есен жетіп алады.


Жағалауға жеткен кезде ағасы айтты:


- Енді екеуміз екі бөлек кеткеніміз дұрыс. Әйтпесе, қазынаны бірге көріп қалып, біреуіміз апарсақ әділетсіз болады, - деп өз бетімен кетіп қалады.


Өзеннің бұл беті сыңсыған орман екен. Патшаның үлкен ұлы бұл аралды он айналып қазына деуге тұрарлық ешнәрсе таппайды. Бірақ, тақтан оңай айырылығысы келмеген ол бір қулық ойлап табады. Әлгінде өздері мініп келген қайыққа отырып алып ол елге бірінші жетеді. Әкеснің аңшылықта жүргенін пайдаланып,барлықтұрғындарды сарайдың алдынажинап былай дейді:


- Мен осы елдің қартайған патшасының ұлымын. Демек, бұл елдің келесі билеушісіде менмін. Сондықтан, сөзіме құлақ салыңдар. Қазір осы жерде тұрған әр адам осы патшалықтыңауасын жұтып тұрғандарың үшін бір сомнан төлейсіңдер. Әр демнің бағысы бір сом.


Мұны естіген тұрғындар өзара күбірлесіп, аң-таң күйде қалады. Патшаның ұлы сөзін жалғап:


- Сендер сонда тегін ауа жұтып жүре берем деп ойладыңдар ма?! Олай болмайды. Әр нәрсенің ақысы болу керек. Біздің патшалықтың ауасы болмаса қалай өмір сүрер едіңдер? Өмір керек болса,төлеңдер.


Тұрғындар болашақ патшаның бұл әміріне қарсы келе алмай, төлейін десе ақшалары жетпей аңтарылып тұрып қалды. Патшаның ұлының да күткені осы сәт еді.


- Жарайды, мен де мейірімнен жұрдай емеспін. Осы уақытқа дейін жұтқан ауаларың үшін ақша алмай-ақ қояйын. Тек қазір қалталарыңда бар ақшаны мына сандыққа салып кетсеңдер болды. Кім де кім қалтасындағы бар ақшасын салмаса, сол адамның мұрынындағы кеңсірігін мәңгіге бітеп тастауға әмір беремін.


Қанша ақылға сыймайтын жарлық болса да, патша тұқымын сыйлап адамдар қалтасындағы бар ақшасын сандыққа салып кетті. Ақшасы жоқтар әшекейін, сағатын, басқа да бағалы заттарын салды.


Қақпадан шығарда күзетшілер әр адамның қалтасында ешқандай асыл зат, ақша қалмағанын тексеріп тұрды. Осылайша, бір мезетте бос сандықтың іші алтын мен күміске толып шыға келді.


Ертесі патша да саятшылықтан оралды.


- Ал, бабаларым. Менің тапсырмамды орындай алдыңдар ма? Өзеннің арғы бетінен қандай қазына таптыңдар?


Үлкен ұлы жүзі бал-бұл жайнап ортаға сандық толы қазынаны әкеп қойғызады да:


- Мінекей, әкешім. Тоғайды тоғыз рет, орманды он рет аралап жүріп тапқан қазынам осы.


Патша риза болған кейіп танытып:


- Өзің нағыз қазынаға кенеліпсің. Енді бұл алтын мен ақшаларды қандай мақсатта қолданар едің?


- Енді, қазынаның артығы жоқ дегендей, әйтеуір керек болады ғой. Мысалы патшаның тағы ескіріп кетіпті. Соны қайта жасатуға болады.


Патша үлкен ұлының шамасын байқаған соң, кіші ұлына қарап:


- Ал, балам. Сен не таптың?


Паташаның кіші ұлы үш-төрт қапшық жеміс пен екі үш уыс дәнді әкеліп ортаға қойды. Бұларды көрген ағасы:


- Ей, ақымақ. Әкем бізді шіріген жеміс әкелсін деп емес, қазына тауып кел деп жұмсады. Сен кімді мазақ қылып тұрсың? Қорадағы қой да менсінбейді ғой андағы қазынаңды.


Бірақ ағасының бұл сөзіне ол мән берген жоқ.


-Балам, бұл әкелгенің не нәрсе, өзің түсіндірші, - деді патша.


- Әке, өзеннің арғы бетіндегі аралдан мен бағалы тастар, басқа да қымбат бұйымдар тапқаным жоқ. Бірақ, ол жақта біз білмейтін жемістің түрлері, неше түрлі хош иісті өсімдіктер өседі екен. Алма, алхоры, жүзім керек пе бәрі бар. Ал, біздің патшалықта адамдар тек бір-екі мал бағып, балық аулап қана күн көріп жүр. Егер осы жемістерді әркім өз ауласына отырғызса келесі жылы патшалығымыз құлпырып шыға келеді. Адамдар жемістерін қалағанынша тұтынып, артылғанын басқа қалаларға сатса болады. Осылайша, бірнеше жылда біздің патшалығымыз жемісі мол, жасыл мекен атанып елдің аузында жүреді.


Патша екі ұлының да сөздерін тыңдап болған соң былай деді:


- Ұлдарым, ұландарым. Мен кеше осы тапсырманы орындауға сендерді жұмсағаннан кейін жайбырақат аңшылықта жүре алмадым. Сондықтан, әр әрекеттеріңді сырттарыңнан бақылауды бір адамдарға тапсырдым. Үлкен ұлым, мен сенің алтын қайыққа отырамын деп, суға батқаныңды, ал інің сені құтқарып қалып жағаға жеткізгенін жақсы білемін. Өзеннің арғы бетіндегі аралға жеткенде ініңді тастап, қайықпен патшалыққа қайтып келгенің туралы да естідім. Мені қатты қынжылтқаны бұл емес, халықтан жұтқан ауасы үшін ақша алған патшаны қайдан көрдің? Інің болса аралдан қапшық қапшық жеміс теріп енді қайтайын десе қайығын сен мініп кеткен екенсің. Ол патшалыққа дейін жүзіп келіп қайықты қайта мініп, қапшықтарын тасып келіпті. Бір ана мен бір әкеден туған балалар да осындай қилы мінезді бола береді екен-ау. Қазына деген – ол тек бір күндік байлық, бір сәттік бақ емес. Ол барлық жұрттың игіліне жарайтындай болу керек. Соны түсінген кіші ұлым бүгіннен бастап осы елдің патшасы болып сайланады.


Сол күннен бастап жаңа патша барлық тұрғындардың ауласына жеміс ағаштарын отырғызуды тапсырды. Жыл өткен сайын патшалық расында да гүлденіп, неше түрлі жемістердің отанына айналды. Інісі патша болғанына шыдай алмаған ағасы, бір сандық қазынасын алып патшалықтан біржолата кетіп қалыпты. «Ауа сататын патшадан» құтылғандарына халық та қуанған десе-ді.


Махаева Айым Алтайқызы. 2001 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген. 2017-2021 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде оқыды. Қазір Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистранты.