​Қанағатсыз құмыра

0
974

(заманауи ертегі)


​Қанағатсыз құмыра

Айым Алтайқызы


Ертеде ең қымбат шыныдан жасалған өрнегі өзгеше құмыра болыпты. Ернеуіне алтын жалатылып, өңірі небір асыл тастармен зерлеген құмараны көрген жұрт “енді жалғыз жүре бермей теңіңді тап, сұлу гүлдердің бірін алып, басыңа қондыр” деп кеңес айтатын болды. Сыр сымбаты келіскен құмыра осылайша өзіне өмірлік серік болатын гүл іздеуге аттанады.


Құмыра көп ұзамай ғазал бақта өсіп тұрған алқызыл раушан гүлін көреді. Табиғат жаратқан хас сұлудың көркіне есі кеткен ол сол бойда гүлге сезімін білдіріпті. Құмыраның сымбатына сүйсінген раушан да оның ұсынысын қабыл алады.


Сөйтіп, сұлу құмыра мен раушан гүлі жұп болыпты. Алайда, күн өткен сайын гүлден ажар кете бастайды. Құлпырған бақша гүлі көп ұзамай әбден солып қып-қызыл реңін де жоғалтыпты. Өзінің көркін қашыра бастаған гүлден мезі болған құмыра жаңа гүл табу үшін жолға шығады. Сөйтіп тау етегінде өсіп тұрған бәйшешектерге жолығады. Сұлу гүлдердің бірінің сабағын үзіп алып оны да басына қондырады.


Басында нәзік болып жайқалған бәйшешек те уақыт өте келе көркінен айырылады. Құмыра бұл гүлдің де тағдыры қысқа болғанына еш қынжылған жоқ. Әдетінше басқа гүлдерге көз салып, сейіл құруын жалғастыра берді. Бір қызығы, жайқалған гүлдің бәрі де құмыраға салғаынғаннан кейін тез солып қала берген екен. Қызғалдақ, еңлікгүл, қырмызы, түймедақ… Құмыраға салынған әлемнің әсем гүлдерінің бәрі кезекпен қурап қала беріпті.


Бір құшақ қураған гүл арқалаған құмыраға бұрынғыдай ешкім құрметпен қарамайтын болды. Әр гүлге сезімін білдіріп жүргенде құмыраның да шырайының шырқы кетіп, тоз-тоз болып қартайып тынады.


Сүлдесін сүйретіп келе жатқан құмыра бір күні ғажайып гүлге кезігеді. Көздің жауын алатын гүлдің күлтелері құдды нұр шашып тұрғандай еді. Алыстан арбаған гүлді көрмекке жақындап барса, әсем гүлдің сабағы қыштан жасалған қарапайым ескі құмырада тұр екен.


Шыныдан жасалған қымбат құмыра өз көзіне өзі сенбейді. “Ей құмыра, шыныңды айтшы. Дүниеде мен көрмеген гүл қалмады. Бәрінің жұпарын жұтып, көп гүлді басыма қондырдым. Өзім таза хрустальдан жасалған қымбат құмырамын. Бірақ, гүл таңдаудан жолым болмады. Басында сұлу көрінген гүлдің бәрі маған қосылғанда солып қала берді. Ал, сен қыштан жасалған арзан құмырасың. Мынандай хас сұлуды өзіңе қалай қараттың?” дейді таңданысын жасырмастан.


Сонда қыш құмыра ойланбастан:


“Уа, бауырлас. Біріншіден, мен бұл гүлді шын ұнатқан едім. Өз бақытымды жолықтырған күні, ғұмырымды бір гүлге арнап өтуге серт еткем. Оған жақсы жағдай жасау үшін алдымен ішімді суға толтырдым. Одан кейін күн шуағы мол түсетін жерден орын таптым. Кейін оны басыма қондырған соң күн сайын сезімімді білдірдім. Басқа гүлдерге мойын бұрып та қарамадым. Сабағына нәр барып, күн шуағына еркелеп жүріп гүлім де құлпыра түсті. Гүлім жайқалып тұрғанда менің арзан құмыра екеніме ешкім мән де бермейді. Сен гүл таңдаудан емес, оны баптаудан қателестің.” дейді.


Өзінің сымбатына ғана сенген шыны құмыра өзінің түбіне жеткен “қанағатсыздық” екенін сонда түсініпті.