Көбелектің қанатына күйе жаққан кім? Ертегі. Айым Алтайқызы

0
1 409

Жасыл жапырақтың арасында білінер білінбес күн кешіп жатқан қорғансыз құрт көбелек сияқты әдемі болуды қатты армандайтын.


Көбелектің қанатына күйе жаққан кім? Ертегі. Айым Алтайқызы

Ертеде әсем бақты мекендейтін сұлу көбелек болыпты. Басқа тіршілік иелерінен жаратылысы бөлек, кербез көбелектің көркем қанаттарына бәрі қызғанышпен қарайтын. Сол бақшада кішкентай ғана жұлдызқұрт та өмір сүрді. Жасыл жапырақтың арасында білінер білінбес күн кешіп жатқан қорғансыз құрт көбелек сияқты әдемі болуды қатты армандайтын. Бір күні құрт ағаштан құлап түскен жемістің иістеніп, шіріп кеткен жеріне қонып тұрған шыбынды көреді.


- «Шымеке, армысыз! Асыңыз дәмді болсын. Осы сіз аспанда көп ұшасыз ғой. Мені де биікке бір шығарып келсеңіз арманым болмас еді» - дейді жұлдызқұрт.


Тәтті тамақтан басын алмаған шыбын:


- «Жүке, мен қуана қуана сені қыдыртар едім. Көңілімнің кеңдігінен не пайда, қанаттарым тар болса!? Сен одан да көлбеңдеп жүрген көбелекке бар. Соның қанаты үлкен ғой” - деп жауап береді.


Осыны естіген жұлдызқұрт гүл сабағына өрмелеп шығып, шырын теріп жүрген көбелекке жолығады:


- «Уа, бақшаның әсем қанаттысы. Мен де өзің секілді мынау бақты биіктен қарап, әр гүлге қонып жұпарын иіскегім келеді. Мені қанатыңа бір отырғызшы »,- дейді өтініп.


Көбелек сонда ұялып:


- «Кішкентай жұлдызқұрт-ау. Менің қанатым мына гүлден де нәзік қой. Сені көтерсем қалай ұшамын? Бірақ, сен мұңайма. Әлі өз қанатыңмен шаршағанша бақты шарлайтын боласың» - деп ұшып кетіпті.


Жұлдызқұрт аң-таң болып өз орнында қалып қояды.


«Қанатымды бүлдіресің деп айта салса несі кетеді? Өз қанатыңмен ұш деп мені келеке етіп тұр ма? Сұлу екенмін деп сонша тәкаппар болуға бола ма екен?» деген ойлармен ол өз үйіне қайтады.


Қайтар жолда әлгі шыбын жұлдызқұрттың алдынан шығады.


- Әй, жүке. Салың суға кетіп қайдан келе жатсың? Мен сені көбелектің қанатында ұшып жүр екен десем.


Жұлдызқұрт болған жайды шыбынға баяндап береді.


- «Ее, қанатының сұлулығын қайтейін, жүрегінің жылулығы болмаса!? Ондай өркөкірек жәндіктерді тәртіпке шақыру керек», - деді шыбын жаны ашыған кейіп білдіріп. Осылайша шыбын мен жұлдызқұрт көбелектен кек алу үшін бір айла табады.


Келесі күні гүлден гүлге қонып, ән шырқап жүрген көбелекке шыбын келіп мұңын шағады:


- Көбелекжан, көмектес. Бір сұмдыққа тап болдық!


Көбелек шыбынның суыт жүрісінен шошып, не болғанын сұрады.


- Кеше жылап келе жатқан жұлдызқұртты көрдім. Аспанға ұшамын деп саған барса, сен оны ренжітіп жіберіпсің. Жәндік деген атым бар. Кішкентай бауырымыздың бір тілегін орындайын деп бүгін арқалап аспанға ұшқан едім. Адамдар тұратын жерден өте бергенде жұлдұзқұрт арқамнан сусып түсіп қалмасы бар ма!? Жан ұшырып іздеп еш жерден таппадым. Қарамаған бір жер ғана қалды. Соны өзің көріп берсең…


Шыбын жыламсырай сөйлегені сонша, өз өтірігіне өзі сеніп қала жаздады.


Кішкентай құрттың арманын орындай алмағанына өкінген көбелек шыбын айтқан жерге келеді.


- Жұлдызқұрт осы мұржаның ішіне түсіп кеткен секілді. Мен алып шығайын десем тағы құлатып алармын деп қорқып тұрмын.


Көбелек шыбынның сөзіне сеніп мұржаның ішіне кіріп кетеді. Түтіннен ыстанып кеткен мұржаның бергі жағынан ештеңе таппаған соң, пештің көмейіне қарай сүңги береді. Байғұс көбелек жұлдызқұртты іздеймін деп екі қанаты қап-қара күйеге боялып, мұржадан адам танымастай өзгеріп шыққан екен. Әбден шаршап, қос қанаты талып тысқа шыққанда ол мәз болып, миығынан күліп тұрған шыбынды көреді.


- Жарайсың, көбелекжан. Мен сені өзінің келбетінен басқаны ойламайтын өзімшіл деп жүрсем. Жұлдызқұртты іздеймін деп енді сұлулығыңнан түк қалған жоқ. Бұл кішкентай жәндікті ренжіткенің үшін саған ойлап тапқан біздің жазамыз. Жұлдызқұрт қазір үйінде” – деп шыбын ызыңдай ұшып жөніне кетеді.


Осынша жауыздықты күтпеген көбелек шыбынға қатты ренжиді. Көл жағасына қонып, судан қанаттарының сұлбасын көріп жылап жіберді. Жұрт қызығатын жәндіктен, күйе көбелекке айналған ол тек түнде ұшатын болыпты. Күннің шуағын сағынған кезде көбелек үйдің жанып тұрған шамдарына барып келетін. Шамға үймелейтін, қанатына күйе жағылған түнгі көбелектер осылай пайда болған деседі. Өзінің осындай қастандыққа барғанына қынжылған жұлдызқұрт жібек көрпесіне оранып шықпай қойыпты. Күндердің бір күні оған да қанат шығып, көбелекке айналарын ол әзір білген жоқ.


Махаева Айым Алтайқызы. 2001 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген. 2017-2021 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде оқыды. Қазір Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистранты.