Қызықты жұмыс – балаларға арналған әңгіме. Сәбит ДҮЙСЕНБИЕВ

0
517

Бәрінің де тәмпіш танаулары терлеп-тепшіп, жүздері алаулап жұмыс істеп жүргенін көрер едің.


Қызықты жұмыс – балаларға арналған әңгіме. Сәбит ДҮЙСЕНБИЕВ

Мен әсте жалқау емеспін. Бірақ кейде үлкендер қайдағы бір іш пыстыратын жұмыстарды тапсырады да, орындамасаң жалқау деп бостан бос кінәлайды. Шіркін, жұмыстың бәрі мынандай болса: қар күреп жатқанда аяқ астынан балмұздақ жауса, ал су тасыған кезде кенеттен шүмектен лимонад атқыласа. Міне, керемет деп осыны айт! Мұндай мүмкіндік туса, таң атқаннан күн батқанша ерінбей жалықпай жұмыс істеуге бармын ғой. Онда жер бетінде жалқау бала қалмас еді. Бәрінің де тәмпіш танаулары терлеп-тепшіп, жүздері алаулап жұмыс істеп жүргенін көрер едің.


Сендерге құпиялап айтайын. Менқызығып істейтін бір жұмыс бар. Ол — сүттің қаймағын айыратын сепаратор машинасының ыдыстарын жуу. Апам ала сиырды сауып, шелек толы сүтті көтеріп жазғы сенекке кіргеннен бастап менен дегбір кете бастайды. Әлгі сүт тартатын машинаның жанға жайлы ызыңын тыңдап, ойындыұмытып, сол арадан шықпаймын. Қайта-қайта анамның қасына барып: «Жұмысты аяқтап қалдыңыз ба?» — деп, мазасын аламын. «Сонша тағатың таусылғаны не, сүтті құйғаным жаңа ғана емес пе? — дейді ол кісі күліп. — Ойнап келсейші. Сол уақытта дайын болып қалады». Бірақ ойынға кете қоймаймын. Өйткені ыдыстарды менен бұрын әпкем жуып қоюы мүмкін ғой. Ол бұл істің құпиясын бір біліп алса, «қызық жұмыстан» айырылдым дей бер.Сондықтан да мен ешқайда кетпей, аулада айналсоқтап жүремін де қоямын. Мұндайда уақыт деген өтпейді ғой. Зарықтырып барып апамның: «Болдым», — деген дауысы естіледі.


Жалма жан машинаның сүт жүретін, әжемнің кимешегінің сәлдесі сияқты дағарадай ыдыстарын бөлшектеп тастаймын да, ыдысқа жұққан қаймақты сұқ саусағыммен жалаймын келіп. Қаймақтың тәттілігі сондай, саусағымды қоса жұтып қоя жаздаймын. Әбден жалап-жұқтап болған кезде ыдысты жумасаң да болатын дерліктей жарқырап тұрады. Бірақ соған қарамай-ақ сумен бір шайып қоямын. «Менің еркетайым сондай еңбекқор», — деп шешем де шын сүйсінеді. Міне, көрдіңіз бе, мен аса еңбекқор баламын. Тек қызықты жұмыстар болса болды.



Сәбит Дүйсенбиев - 1959 жылы 16 тамызда Түркістан облысы Түлкібас ауданының Шақпақ Баба ауылында туған. 1981 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген соң, еңбек жолын «Жалын» баспасында редакторлықтан бастады. Бұдан соң «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде, «Денсаулық» журналында бөлім меңгерушісі, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Заман-Қазақстан», «Түркістан» газеттерінде тілші, Қазақстан Жазушылар одағының аппаратында әдеби кеңесші болып қызмет етті. 1989 жылы «Арал және балалар» циклды мақалалары үшін Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды.

Сәбит Дүйсенбиев – балалар мен жастар жазушысы. Ол балалар мен жасөспірімдер сүйіп оқитын «Тәтті алма», «Қақпашы», «Сладкое яблоко» повестер мен әңгімелер жинақтарының және жастардың жүрегіне жол тапқан лирикалық «Мен ғашық емеспін» кітабының авторы. Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан жарық көрген «Независимый Казахстан: антология современной литературы» атты үш томдыққа, Түркияда жарық көрген «Xүзүн Кушағы» («Сырлас буын») атты қазақ жазушыларының таңдаулы әңгімелер жинағына шығармалары енген. Жекелеген әңгімелері түрік, орыс, қырғыз, өзбек, ұйғыр тілдеріне аударылған. «Махаббат миниатюралары» атты алақандай әңгімелері бойынша жасалған инсценировкасы 2007 жылдан бері Астана Жастар театрының сахнасында қойылып келеді. «Аруна» баспасынан жарық көрген Х.Андерсеннің «Ең әдемі ертегілер» жинағын, орыс, ұйғыр, армян, түрікмен жазушыларының әңгімелерін қазақ тілінде сөйлетті.

Тәрбиелік мәні зор, әрі қиялға бай «Күшіктерді құтқару құпиясы» әңгімесі мен «Алматының апорты» ертегісі бірі дәстүрлі «Дарабоз» бәйгесінің, екіншісі Қазақмыстың «Балауса» бәйгесінің үшінші жүлделерін жеңіп алды. Осындай шымыр туындылары Қазақ әдебиеті хрестоматологиялық оқулығына енген.