Лотосқа ғашық құрбақа – ертегі. Айым Алтайқызы

0
610

Шабақ әсем гүлді көру үшін көлшіктен бір секіріп қайта суға сүңгіп кетеді екен.


Лотосқа ғашық құрбақа – ертегі. Айым Алтайқызы

Ерте, ерте, ертеде бір тап-таза, тұп-тұнық көлшікте өсіп тұрған лотосқа кішкентай шабақ ғашық болыпты. Шабақ әсем гүлдікөру үшін көлшіктен бір секіріп қайта суға сүңгіп кетеді екен. Себебі, ол сусыз өмір сүре алмайтын еді. Тек гүлдің әдемі күлтелерінің сұлбасын мөлдір судың астынан тамашалап тұруға ғана шамасы жететін.


Бір күні шабақ су астынан сүйікті гүліне үн қатады.


- Уа, ғажайып гүл. Мен туғалы бері сенің сұлулығыңа ғашықпын. Сен су астына түссең, мен сені бақытты қылар едім.


Шабақтың бұл сөзін естіген әсем гүл, кербездене жауап берді:


- Мен судың астында өсетін балдыр емеспін. Менің әсемдігімді ұшқан құс та, көлден су ішуге келген аң да көру керек. Егер, мені шын сүйсең өзің су бетіне кел. Мен үшін су бетіне көшіп келсең ғана мен сенің сезіміңе сенетін болам. Бәлкім сонда бірге болармыз.


Лотостың бұл талабын орындау шабақтың қолынан келмейтіні анық. Бірақ, өз махаббатына қол жеткізу үшін ол су перісіне барып өтініш айтады:


- Уа, сиқырлы су перісі. Сен көл бетінде өсіп тұрған гүлді маған ғашық ете аласың ба?


- Шабақжан-ау, менің қолымнан келмейтін сиқыр жоқ. Бірақ, ешкімнің сезімін өзгертуге қауқарым жетпейді.


- Ендеше, мені суда да, құрлықта да еркін жүре алатындай етіп сиқырлап берші.


- Оны жасау қиын емес. Бірақ, бұдан кейін өз кейіпіңді өзгерте алмайсың.


Осыны айтты да су перісі кішкентай шабақты балпанақтай жасыл мақұлыққа айналдырып жіберіпті. Осылайша, не балық деуге келмейтін, не жануарға ұқсамайтын құрбақа су бетіне шығыпты.


Өзінің сүйіктісіне қолы жеткен құрбақа лотос гүліне барып тосын сый жасапты. Жапырағына жасыл мақұлықтың отырып алғанын көрген лотос қатты шошып, бар дауысымен айқалайлап жіберді:


- Не деген жиіркенішті жануар едің. Қане, түс үстімен. Жолама. Аулақ кет. Сен менің сұлулығымды бұзып тұрсың.


- О не дегенің, әдемім. Мен сені сүйетін шабақпын ғой. Сен су бетіне келсең ғана бірге бола аламыз деп айтқан едің. Су перісі осы тілегімді орындап мені бақаға айналдырды. Енді біз бірге бақытты боламыз.


- Сен менің теңім бола алмайсың, сүйкімсіз бақа. Өзіңнің мекеніңе қайта бер. Мендей ғажап жаратылыстың жанында тұруға сен лайық емессің.


Лотостың сөзін естіген бақа айнадай жалтыраған көл бетінен өзінің бейнесін көріп расында ұнжырғасы түсіп кетеді. Бірақ, сонша уақыт сүйген жанның өзін осынша кемсіткеніне, айтқан уәдесінде тұрмағанына да қатты ызаланады.


Содан бастап құрбақа көлдің бетін ластап, неше түрлі жаман балдырларды тасып келетін болыпты. Сұлу гүлдің айналасын адам танымастай өзгертіп, тұп-тұнық көлді бірер күнде сасық шалшыққа айналдырып жіберіпті.


- Енді, бұл көлден ешкім де су ішпейді. Енді ешкім сені сұлу деп санап, гүл қатарына қоспайды. Енді екеуміз де ұсқынсыз боламыз. Бәлкім енді сен менің теңім болтын шығарсың?


Ғашықтықтан басы айналған құрбақаның бұл сөздеріне ерегесіп лотос гүлі күн сайын жайнай түсіпті. Шалшықта өсіп тұрса да, көркейе түскен гүлдің сұлулыған тамсанушылар көбеймесе азайған жоқ.


Содан бері қанша жыл, қанша ғасыр өткенін ешкім білмейді. Әр кеш сайын лотос гүлі барлық күлтелерін ашып әдемілігін бүкіл әлемге көрсетеді екен. Ал, құрбақа дәл осы кезде көл бетіне шығып гүлді көруге келгендерді өзінің бақылдаған дауысымен шошытатын болыпты.


Құрбақа көзсіз ғашықтығын, әсем гүл өзінің тәкаппарлығын жеңе алмағандықтан жер бетінің барлық лотосы мен бақасы тек шалшықта ғана өмір сүреді деседі.


Махаева Айым Алтайқызы. 2001 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген. 2017-2021 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде оқыды. Қазір Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистранты.