Мейірімді айдаһар – ертегі. Айым Алтайқызы

0
1 960

Оны айдаһарларға жат мінезіне қарап бәрі “Момын” деп атап кетіпті.


Мейірімді айдаһар – ертегі. Айым Алтайқызы

Ерте ерте ертеде шыңдарын қар басқан бір таудың биігін үш ағайынды айдаһар мекендепті. Ағайындылардың үлкенін бәрі “Қара Түнек” деп атапты. Өйткені ол, аузынан от шығарса төңіректі қара түтін қаптап кетеді екен.Ортаншы айдаһардың аты “Отты құйын” болыпты. Ол желдей жүйрік әрі жебедей өткір қаһарымен жан-жағын жайпап жүреді екен. Ал, үшінші айдаһардың жасаған ерлігі, еңбегі сіңіп алған лақап аты да болмапты. Оны айдаһарларға жат мінезіне қарап бәрі“Момын” деп атап кетіпті.


Бұл айдаһардың басқаларға ұқсамайтын бір ерекше қасиеті бар еді. Ол өзге айдаһалар секілді аузынан от шаша алмайтын. Тіпті, бұләрекет кішкентай айдаһарға мүлде түсініксіз көрінетін еді. Ол екі ағасының қылықтары үшін кейде қатты ұялатын. Себебі екі үлкен айдаһар бойындағы алапат күшті мағынасыз дүниелер үшін жұмсайтын. Біреуі аузындағы жалынын үрлеп ұсақ жануарларды үркітсе, біреуі қалың ормандарды өртеп, ойларына келгенін істейді. Екі айдаһардың сұсты мінезі мен сұрапыл оттары үшін бұл мекеннің барлық тұрғыны олардан қорқатын болыпты.


Ал, мейірімді айдаһар ешкімге зиян келтірмей өмір сүруді мақсат етті. Қара түнек пен Отты құйын кішкентай бауырларына күн бермейтін. Тіпті, оны келеке етіп, айдаһар санатына қоспайтын. Өздері болса басқалардың беректін алып оттарын орынсыз жердің бәріне қолданып, айналасын қорқытып-үркітумен айналысты. Ал, Момын айдаһар басқа тіршілік иелерімен татулықта, бірлікте өмір сүріп жатты.


Бір күні қос айдаһар інілерін шақырып алып былай дейді:


- Әй, балақай, егер де айдаһарлар мекенінде қалғың келсе, өзіңнің мықтылығыңды дәлелдеуің керек. Осы таудың етегінде адамдар тұратын ауыл бар. Солардың қонысын өртеп, қорасындағы малын әкеп берсеңғана “айдаһар” деген атқа лайық боласың.


Момын айдаһар бұл тапсырманы орындауды ойына да алған жоқ.


- «Егер, айдаһар болу деген басқалардың өмірін ойран ету болса онда менің кеткенім дұрыс», - дейді ол еш қаймықпастан. Осылайша кішкентай айдаһар өз қонысын тастауға мәжбүр болады. Бірақ, басқа жан-жануарлар айдаһарды құшақ жая қарсы алып, оның мейірімділігі үшін әрдайым жанынан табылатын болды. Момын айдаһар бәрібір ішіндегі сезімдерін сыртқа шығара алмайтыны үшін қиналып, өз болмысына қарсы келе алмай тұншығып күн кешті. Себебі, оның ішінқайнап жатқан ыстық алау күйдіріп тұратын.


Күндердің бір күнінде тау басындағы алып мұздықтар құлап, жануарлар өмір сүретін үңгірлер мен індердібасып қалады. Жануралар сыртқа шығуға қанша ұмтылса да сірескен мұзды қозғай алмайды.


Сөйтіп бір жарқанат көмекке Қара Түнек пен Отты Қанатты шақыруға аттанады.


- “Уа, күшті айдаһарлар. Аюлардың апанын, түлкілердің індерін, барыстардың үңгірін, барлық жануарлар мекенін мұз басып қалды. Ол мұзды ерітуге тек сендердің күштерің жетеді. Бізге көмекке келіңдер!” -, дейді жарқанат жалынып.


Қос айдаһар жануарлардың бұл тілегін бірден қабыл ала қоймайды.


- “Ал, бұдан бізге қандай пайда бар?”, - дейді Қара Түнек.


- “Біз неге сендерді ойлап бас қатыруымыз керек?”, - деді Отты Қанат.


Оттан өлердей қорқатын жарқанат айдаһарларға бар мұңын шағып тұрып алады.


- Жарайды, біз барып мұздарды еріттік дейік. Бірақ, жануарлар сыртқа шыққан соң өмір бойы бізге қызмет ететін болсын. Біздің асымызды әкеп, айтқанымызбен жүрсін.


Осы талаптарын айтып болып Айдаһарлар мұз басқан жануарлар мекеніне келді.


Қара түнек пен Отты құйын келгенін естіген жануарлар да жамырай қуанып кетті. Екі айдаһар ауыздарын ашып от үрлейін десе, тамақтары суыққа қарлығып, ауыздарынан жалын емес күл шашылған екен. Қанша күштерін салса да қос айдаһар кезек-кезек күркілдеп, күлге тұншығып қала беріпті.


Үңгірде қамалған жануарлар айдаһарлардан жәрдем бола ма деп ұзақ күтті.


Отынан айырылған айдаһарлар:


- “Енді сендер мәңгілікосы мұздың құрсауында қала беріңдер. Бүгін біздің тамағымыз ауырып тұр” - деп кете барыпты.


Өз ағаларының осы қылығына төзбеген Момын айдаһар сол сәтте қатты ашуға мінеді. Ішіндегі алып күш тамағына тіреліп, өз өзіне ие бола алмай алғаш рет кеудесіндегі қысымды сыртқа шығарғанда , аузынан жойқын жалын шашылған екен.


Өз күшін алғаш пайдаланған айдаһар үңгірдің аузын бітеген мұзды қақыратып жіберіп сыртқа шықты. Алып қанаттарымен ұшып жүріп барлық жануарлардың мекенін басып қалған мұздарды біртіндеп ерітуге де күші жетті.Қанша жылдар бойы жан дүниесін күйдіріп келген қызыл алау сыртққа шыққан сайын момын айдаһар жеңілдей түсті. Осылайша, аз уақыттың ішінде ол барлық жануарларды мұз құрсауынан аман алып шыққан екен. Момын айдаһардың бұл ерлігіне барлығы тәнті болды.Сол күннен бастап мейірімді айдаһар суық үңгірлерді от жағып жылытып жануарларға жәрдемін тигізумен айналысқан деседі. Ал бойларына біткен ерекше қасиетті дұрыс қолдана алмай, күштерін бекер сарқыған Қара түнек пен Отты Құйын өмірлерінің соңына дейін ауыздарынан от шаша алмайтын хәлге душар болыпты. Адамның да бойында алып күш, терең білім, керемет өнер болуы мүмкін. Тек кез-келген ерекше қабілеттідұрыс бағыттай алсақ болғаны.


Махаева Айым Алтайқызы. 2001 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген. 2017-2021 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде оқыды. Қазір Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистранты.