Ормандағы той – ертегі. Жібек Зинелова

0
1 282

Қонақтарға арналған шәрбат дайын болғанда, тәтті тоқаштарын пісіруге кірісті.


Ормандағы той – ертегі. Жібек Зинелова

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден


Ара апайдың дүкені адамға лық толы. Бәрі бал алғысы келіп, өз орындарында кезегін күтті.


Тиін апайдың да кезегі келді. Ол құмырасына толтырып бал құйғызып, үйіне алып кетті. Үйіне барып, балды сумен араластырды. Артынша оны әбден қайнатты. Қонақтарға арналған шәрбат дайын болғанда, тәтті тоқаштарын пісіруге кірісті.


Мерекені асыға күтіп жүргендерді бірі – Ұзынқұйрық маймыл еді. Анасы дайындап берген орама-шалғы жіптерге ілініп, мейрамның келуін күтті. Мереке күні ол жап-жаңа киімдерін киіп, туыстарға қонаққа барады. Бәрі оған банан сыйлады. Ол ағаштан ағашқа секіріп, көңілін әбден көтеріп, мәз-мейрам болатын. Сол күні маймыл жаңа киімін жастығының жоғары жағына қойып, оған қарап жатып ұйықтап кетті. Кішкентай маймыл ұйқы құшағында жатып, жаңа киімдерімен тойда жүргенін түсінде көрді. Келесі күні Ұзынқұйрық маймыл ертерек оянды. Күн жарқырап тұр. Көңіл-күй керемет! Жуынып-шайынып келген соң, таңғы асын ішті. Тамақтанып болып, біраз уақыттан бері күтіп жүрген жаңа киімін киюге кетті.


Киініп келген соң алдымен әкесі мен анасының бетінен сүйді. Олар да кішкентай маймылды құшақтап, сүйді. Ұзынқұйрыққа мерекеге арнап дайындалған тортты жеуге рұқсат етті.


Үйіндегі мерекелік дастарханнан соң, кішкентай маймыл тиін апайына қонаққа барды. Тиін апай керемет шәрбат, тоқаш дайындап қойған екен. Солардан қуана-қуана дәм татып, оған көп рақметін айтты.


Орманда бүгін ерекше бір мейрам екені сезіледі. Жан-жануарлардың бәрі бір-біріне қонаққа барып, той-тойлауда.


Ұзынқұйрық үйіне бара жатып, бір дауыс естіді. Бұл дауыс қоңыр аюдың дабылынан шығып жатқан секілді. «Гүмбіді-гүмбі-ді гүмбіді гүм-гүм!» Дауыс бара-бара жақыннан естіле бастады. Қоңыр аю дауыс шартарапқа жетсін дегендей дабылды қаттырақ ұратын тәрізді. Ұзынқұйрық дабылдың даусы шыққан жаққа қарай ұша жөнелді. Бірақ Ұзынқұйрық оған жетем дегенше, дабылдың даусы бәсеңдей бастады. Ол дабылға жетем деп орманның сыртына шығып кеткенін аңдамай қалды. Қоңыр аюды да таппады. Жан-жағына қараса, мүлдем білмейтін жерге келіпті. Күн болса қараңғыланып келеді. Айналада өзі танитын бірде-бір аң жоқ. Негізі, Ұзынқұйрық ақымақ емес еді. Бұл жерлерге қалай адасып келді екен. Қалай болды?


Оның қол аяғы дірілдеп, жүрегі жиі соғып, қорқа бастады. Ұзынқұйрық жоғалып кетті. Енді не болады? Үйіне қалай қайтады? Кішкентай маймыл жылай бастады. Қайда барарын білмей оңға бір, солға бір шарасыз жүгіре бастады. Оған қоса байғұстардың даусын естігенде, зәре-құты қалмады. «Шіркін, отбасыммен бірге болғанымда ғо-о-й!» деп армандады. Әрі бұдан кейін ешбір жаққа рұқсатсыз кетпеймін деп өзіне уәде берді.


Бәрі Ұзынқұйрық маймылдың жоғалып кеткенін білді. Аңдар мен жан-жануарлар оның қайда кеткенін білмей, қорқа бастады. Күн болса бірте-бірте қараңғыланып келеді. Жан-жаққа хабар жіберді.


Жарқырауық қоңыздар жол бастап, қолдарына шам алып, бәрі іздеуге кірісті. Олар қатты уайымдай бастады. Бәрінің тілегі бір. Тек Ұзынқұйрығымыз табылса екен деп, жан-жақтан айғайлап:


– ҰЗЫНҚҰЙРЫ-Ы-Қ, ҚАЙДАСЫҢ?! Бізді естіп тұрсың ба? Жауап берші...


Бір кезде маймылдың әкесі бәрінен тыныштық сақтауын өтінді. Себебі алыста бір жылаған дауыс естілетін тәрізді. Барлығы дыбыс шыққан жаққа қарай аяңдай бастады. Жүрген сайын дыбысқа жақындай бастады.


– Ұзынқұйрық, қорықпа! Біз ғой, – деп анасы кішкентай баласын көре салып, құшақ жая жүгірді. Ол да анасының даусын даусын естіп:


– Осындамын, анашым! Осындамын, – деп айғайлап, жүгіріп келді. Артынан барлық іздеушілерді де көрді. Бәрі кішкентай маймылдың аман-есен табылғанына қуанып, ата-анасын құттықтады. Қуанып, бәрі қолтықтасып үйлеріне қайтты.


Келесі күні мереке мерекеге ұласты. Әрі тойды, әрі Ұзынқұйрықтың аман-сау табылғанын құттықтады. Ағаштарды шарлармен безендірді. Ең әдемі киімдерін киіп, бәрі ортаға жиналды. Қол ұстасып, түрлі әндер шырқалды. Арасында кішкентай маймыл да қуаныштан зыр жүгірді. Ол ішінен “Осы сәт ешқашан тоқтамасыншы!” деп тіледі.