Әуежайда АБЫРЖЫП қалғыңыз келмесе, МЫНА кеңестерді оқып алыңыз

0
3 225

Әуежайға бірінші рет барған адам лабиринтке кіріп кеткендей адасып, рейсінен кешігіп қалуы мүмкін. Сіз де сондай қиын жағдайға тап болмас үшін осы мақаладағы ақпараттарды есте сақтап алыңыз.


Әуежайда АБЫРЖЫП қалғыңыз келмесе, МЫНА кеңестерді оқып алыңыз

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Жалпы кеңестер

• Әуежайға ұшақтың ұшу уақытынан ертерек келіңіз. Атап айтсақ, ел аумағындағы рейстер үшін кемінде 1,5-2, ал халықаралық рейстер үшін 2,5-3 сағат бұрын келген дұрыс. Өйткені, бір терминалдан екінші терминалға жан ұшыра жүгіргеннен гөрі, ұшаққа отырғызу уақытын күтіп тұрған кез келген адамға тиімді.

• Сіз отыратын ұшақ әуежайдың қай терминалынан ұшып шығатынын алдын ала анықтап алыңыз. Оны әуежайдың онлайн таблосынан, билеттен немесе рейстің нөміріне (мысалы, U6 2464) қарап білуге болады.

• Әр әуежайдағы кіргеннен-ұшқанға дейінгі тіркеу-тексеру орындары мен кезеңдері шамамен бірдей. Сондықтан, олардың халықаралық қатынас (ағылшын) тіліндегі атауларын жаттап алыңыз.


Енді, әуежайға кіргеннен ұшаққа отырғанға дейінгі кезеңдерге тоқталайық:

Кірер есіктегі бақылау


Кейбір әуежайларда барлық жолаушыларды кіре берісте тексереді. Әдетте, бұл жылдам өтетін 4-5 минуттық қарапайым процесс: металл іздегіш жақтаудан өткенде қалтадағы барлық металл заттарды шығаруды ұмытпаңыз, ал сөмкелерді сканерден өткізіп жіберу керек. Дегенмен, Еуропа әуежайларының көпшілігінде мұндай тексеру мүлдем жоқ.


Рейске және багажды тіркеу

Рейске онлайн тіркелмеген жолаушылар ұшу таблосынан (Departures) өз рейсін табу керек. Егер, тіркелу басталып кетсе, (Check-in, Сһеск-in open немесе Open деп жазылып тұрады), жанында тіркеу нөмірін беретін орын болады. Сол жерден тіркеу және багажды тапсыру талондарын ала аласыз.


Әдетте, тіркеу ұшуға 2-3 сағат қалғанда басталады. Егер, ұшу тақтасындағы Сіздің рейсіңіздің жанында On time деп жазылып тұрса, бұл – сіздің уақытынан ерте келгеніңіз. Ал, Delayed – рейстің кешігетінін, Cancelled — тоқтатылғанын білдіреді.

Сонымен қатар, Boarding немесе Check-in closed жазулары кешіккеніңізді және тіркелу аяқталғанын білдіреді. Айта кетейік, мұндай жағдайда дау шығарып, ұшаққа отырғызуды талап етудің қажеті жоқ. Себебі, ол қызметтің жүзеге асуы мүмкін емес.


Кедендік бақылау


Бұл өзге елге ұшатын жолаушыларға ғана қатысты, халықаралық қатынас тілінде Customs немесе Customs control деп аталатын бекет. Егер, Сіздің шетелге шығатын құжаттарыңыздың бәрі дұрыс болса, Nothing to declare – жасыл дәлізбен жүре беруге болады. Ал, ретке келтіретіндері бар болса, Goods to declare деп аталатын орынға барыңыз.


Төлқұжат бақылауы

Егер, Сіз Қазақстан шекарасынан шығатын болсаңыз, ұшар алдында төлқұжат бақылауынан өту қажет. Ол үшін Border control немесе Passport control деп аталатын орындарға барасыз. Ал, бақылаушылар тексеріп, отырғызу талонын қолыңызға береді.


Ұшу алдындағы тексеру

Бұл кезеңнен өту барлық жолаушылар үшін міндетті. Тексеру барысында сөмкелерді, ноутбуктер мен планшеттерді рентген арқылы өткізіп жіберу керек. Ал, металл іздегіштен өтер кезде қалтадағы барлық металл заттарды алып, белдікті шешіп тастаңыз. Осы бекеттен өтіп, рұқсат қағазын алғасын ғана жоспарлаған елге бара аласыз.


Ұшу аймағы

Енді Сізде отырғызуға рұқсат берілген, A38 сияқты ағылшын әріптері жазылған талон болады. Ұшаққа отырғызу басталғанда, әуежай қызметкерлеріне осы талон мен төлқұжатты бересіз, содан кейін Сізді ұшағыңызға апарады.


Төлқұжат бақылауы

Ұшар алдында тағы бір төлқұжаттық бақылаудан өту керек. Бұл кезде бақылаушылар сапар мақсаты мен мерзімі туралы сұрап (қойылған сұрақтарға салқынқандылықпен жауап берген дұрыс), мөр басып береді.


Жүк тапсыру

Өзіңіздегі жүкті тапсыруды ұмытпаңыз! Ол үшін baggage немесе Baggage claim деген бекетке барасыз.


Кедендік бақылау

Әуежайдан ұшаққа қарай шығар алдындағы соңғы кезең — кеден немесе Customs деп аталады. Мұнда да алдыңғы кеден секілді: декларациялайтын ештеңе болмаса, nothing to declare жолына түсесіз, ал декларацияланатын заттар болса, Goods to declare бекетінің қызметіне жүгінесіз.


Трансфер

• Екі рейске бір билеті бар жолаушыларға немесе жүксіз ұшатын жолаушыларға Transfer немесе Flight connection бекеттеріне бару керек.

• Ал, екі түрлі билет алғандарға, әуежайдың негізгі бөлігіне шығып, жүріп өткен бақылаулар мен бекеттерден қайта өтуге тура келеді.


Басқа да пайдалы ақпараттар:

• Last call – отырғызу туралы соңғы хабарландыру;

• Arrivals – келу;

• Self-service check-in – дербес тіркеу;

• Lounge – күту залы;

• Information – анықтама;

• First aid – алғашқы көмек;

• Nursing mothers, Mother ' s room немесе Nursing room – ана мен бала бөлмесі;

• Prayer room – намаз бөлмесі;

• Toilets, Restroom немесе WC – дәретхана;

• Currency exchange немесе жай Exchange — валюта айырбастау;

• Lost and found, Lost property немесе Left baggage — табу бюросы;

• Exit to the city немесе жай Exit – қалаға шығу;

• Smoking room – темекі шегуге арналған орын;

• ATM – банкомат;

• Tickets office – билет кассалары.

Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Шетелге шыққанда МЫНА ЗАТТАРДЫ үйге тастап кетіңіз


Көрші елдерге саяхат – ҚЫРҒЫЗСТАН, ТҮРКІМЕНСТАН және ТӘЖІКСТАН