Қай елде сұқ саусақты безегеніңіз үшін сотталып кетуіңіз мүмкін?

0
4 846

Қандай да бір ым-ишара, белгінің де екі түрлі мағынасы болуы әбден мүмкін. Сондықтан шетелге шықпақ болсаңыз, оған да мән беруге тиіссіз. Мәселен, сұқ саусақты көрсеткеніңіз үшін сотталып кетуіңіз де кәдік.


Қай елде сұқ саусақты безегеніңіз үшін сотталып кетуіңіз мүмкін?
фото: xxphoto.biz

Қандай да бір ым-ишара, белгінің де екі түрлі мағынасы болуы әбден мүмкін. Сондықтан шетелге шықпақ болсаңыз, оған да мән беруге тиіссіз. Мәселен, сұқ саусақты көрсеткеніңіз үшін сотталып кетуіңіз де кәдік. Ишаралар мен белгілердің қай елде қандай мағына білдіретінін біле жүрген жөн. Сапар барысындағы өз сақтығыңыз үшін қажетті.


Біз жақсы мағынада қабылдауға үйренген бұл белгі барлық елде бірдей «бәрі жақсы» дегенді білдірмейді. Әсіресе, Бразилияда. Себебі, аталған елде бас бармақ пен сұқ саусақты сақиналап көрсету — кемсіту, қорлау деп қабылданады. Ал, Франция мен Бельгия тұрғындары бұл ишараны қарсы алдындағы адамның түкке тұрғысыз, ешқандай маңызы мен орны жоқ адам екенін білдіру үшін қолданады.

фото: kstrip.ru

фото: 4.bp.blogspot.com

Жер шары тұрғындарының көпшілігі үшін бұл белгі позитив пен маңыздылық мағынасына ие. Тек Грекия, Испания, Kуба, Португалия мен Колумбия халқы үшін емес. Себебі, ол елдерде мұндай белгіні әйелі көзіне шөп салған ерлерге қарата көрсетеді.


фото: flywall.ru

Қанда жерден «бәрі керемет» болып тұрса да, Таяу Шығыс, Батыс Африка, Оңтүстік Америка шекарасында жүрсеңіз, бұл белгіні ешкімге көрсете көрмеңіз. Себебі, ол елдерде бас бармақты шошайтудың мәнісі жыныстық қатынасқа шақыруды меңзейді. Ал, Жерорта теңізі жағалауы мен Азияның оңтүстік-шығысын жайлаған елдерде «жоғал!» деген тұрпайы мағынаны білдіреді.

Бас бармақты көрсету Германия тұрғындары үшін бір санын білдірудің жолы болса, Грекия тұрғындары үшін әңгімені ары қарай жалғағысы келмейтінін ұқтырудың амалы. Ал, АҚШ-та бұл белгіні бәрі тамаша кезде емес, күре жолдың бойында жаяу қалып, көлік тоқтату қажет болғанда қолданасыз.

фото: kolobochek.ru

Біз үшін «бейбітшілік» мағынасын білдіретін бұл белгіні кей елдерде керісінше, яғни, алақанды өзіңізге қарата көрсетуге тура келеді. Айталық, Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Ирландия не Аустралияда. Олай етпеген жағдайда қарсы алдыңыздағы адамға «Сен мені шаршаттың, сенен аулағырақ кеткім келеді» дегенді айтқан болып шығасыз.


фото: wittyhilarious.com

Сұқ саусақты безеп шақыру — бұл адамды кемсітудің белгісі. Кейде құрбы-құрдастар арасында әзілдеп қолданамыз. Бұл ишара көмегімен әлдекімді шақыра қалсаңыз, оның қытығына тиетініңіз сөзсіз. Алайда, ол бұған қарсы ашу білдіруден артық ешнәрсе жасай алмайды.

Алайда, Филиппин жерінде болсаңыз, ешкімді сұқ саусақты безеп шақыра көрмеңіз. Әзілдеп болса да. Себебі, онда мұндай қарым-қатынасыңыз үшін бірнеше сағатқа темір торға тоғытылуыңыз әбден мүмкін. Ел заңында аталған ишараны иттерге қарата қолдануға ғана болатыны, адамдарға бағыттауға тыйым салынатыны айқын көрсетілген.

Мінекей, осындай белгілерді өзге елдерде қолдануда сақтық танытыңыз. Әсіресе, саяхатшылардың ең сүйікті ісі — суретке түсерде. Себебі, біз оларды дәп сол сәтте жиі қолданамыз. Жергілікті халықтың қытығына тимесеңіз, сіздің де мазаңызды ешкім алмауы тиіс.

Дайындаған: А.Мейірханқызы

ERNUR.KZ