Дайын тур немесе "ТӘУЕЛСІЗ" саяхат: артықшылығы мен кемшілігі қандай?

0
3 716

Әлем ойшылдары "саяхаттау дегеніміз — өмір сүру", " ештеңе ақыл-ойды саяхат сияқты дамытпайды" деген пікірлерін білдіріп кеткен.


Дайын тур немесе

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қазір қалтаңызда қаржы және бос уақытыңыз болса, саяхаттауға мүмкіндік өте көп. Тіпті, қайда, қалай барамын деп бас қатырмай, дайын тур сатып алсаңыз да болады. Оны қаламасаңыз, өз бетіңізше сапар шегіп, қалаған жерлерге барып, қалаған қонақүйге түнеп, өз еркіңізбен әлемді кезе аласыз. Бірақ, саяхатты жоспарлаған адамдардың алдында бір таңдау тұрады. Ол «дайын тур дұрыс па, әлде тәуелсіз саяхат па?» деген сұрақ. Бүгін осы сұрақ аясында азды-көпті әңгіме айтатын боламыз.


Мәселе өте аз

Егер сіз жұмысы бастан асатын, жоспарлаған саяхатқа дайындалуға уақыты жоқ адам болсаңыз, арнайы сервистер ұсынатын дайын турды таңдауға болады. Ол үшін сенімді туристік компанияға хабарласып, менеджеріне "мен мына елде мына күндері демалып, үш, төрт немесе бес жұлдызды қонақүйде пәлен адамға орын, таңғы ас пен түскі ас, экскурсиялық қызмет алғым келеді" - деп айту жеткілікті. Өйткені, туристік компаниялар мәзірінде кез-келген талғамға сай саяхаттың көптеген нұсқалары болады. Бір артықшылығы – дайын турға тапсырыс беру арқылы арзан рейстерді іздеу, виза мен сақтандыруға, қонақүйге тапсырыс беру немесе басқа тұрғын үй іздеу, көлік ұйымдастыру, тамақтану және экскурсияларды жоспарлау секілді жұмыстардан құтыласыз. Сізге тек туристік агенттікке келіп, келісімшартқа қол қойып, оны төлеу керек болады. Қалғанының бәрін сіз үшін агенттік атқарады.


Сапардағы қамқорлық

Дайын турлардың тағы қандай артықшылығы бар? Атап өтсек, әуежайдан қонақүйге, қонақүйден әуежайға дайын көліктермен барасыз. Яғни, «жергілікті таксистерге алданып қаламын ау, өміріме қауіп төнбей ме?» деген ой болмайды. Тур шеңберінде көрікті жерлерге тегін экскурсиялар ұйымдастырылады. Бұл артық шығынның болмауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өзге елдің тілін жаттап әуре болмайсыз. Жалпы, жайлылық пен қауіпсіздікті қаласаңыз, дайын турлардың қызметіне жүгінгеніңіз абзал.


Саяхатты кенеттен жоспарлағандар үшін

Дайын турлардың тағы бір жақсы тұсы бар. Нақтырақ айтсақ, кейде турагенттіктер түрлі жеңілдік жасап, турды арзан бағада сатады. Ол кенеттен шешім қабылдаған кез келген саяхатшы үшін үнемді болары анық. Ал, өз бетінше саяхаттауға жедел дайындалу мүмкін емес қой. Өйткені, алдын ала рейс, қонақүй жалдаудың өзі біраз уақыт алады.


Кемшіліктері қандай?

Алайда, дайын турлардың жағымсыз тұстары да жоқ емес. Мәселен, турагенттіктердің жоспары күрт өзгеріп, сіз танысқан бағдарлама ауысып кетуі мүмкін. Сондай-ақ, олардың дайын бағдарламасы бір топ адамға арналатындықтан жеке саяхаттау деген ұғым болмайды. Мысалы, кейде көлікке немесе экскурсияға кешігіп келетін басқа туристерді де күтуге тура келеді. Дегенмен, көпшіліктің ортасында жүргенді ұнататындар үшін бұл айтарлықтай мәселе болмайтын шығар. Сонымен қатар, кейбір туристік орындарды тек сыртынан ғана көріп, тарихымен таныса алмай кетуіңіз мүмкін. Әлбетте, ол гидтің қандай екеніне байланысты. Одан бөлек, қонақүй немесе мейрамханадан қалаған тамағыңызды емес, бағдарламада бекітілгенін жеуге дайын болу қажет. Сондықтан да, дайын турлар арзан болады.


Тәуелсіз саяхат - бүкіл әлемді өз қалауыңызбен аралаңыз!


Көптеген туристер дайын турды емес, тәуелсіз саяхатты таңдайды. Өйткені, дайын турмен сіз бұрыннан танымал жерлерге ғана саяхаттасаңыз, тәуелсіз саяхат арқылы өзіңіз қалаған жерге сапар шегесіз. Сонымен қатар, өзіңіз қалаған орындармен қалағаныңызша танысып, талғамыңызға сай саяхаттап, тәбетіңізге қарай тамақтана аласыз. Жалпы, көргіңізкелген жерді көріп, жүргіңіз келген жерде жүре бересіз. Дегенмен, жеке дара саяхатқа жұмсалатын қаржы дайын турдың бағасынан көптеу болады. Есесіне, әлемді емін-еркін кезуге мүмкіндік болады.


Сондай-ақ, өз бетіңізше саяхаттаған кезде өзге елдің адамдарымен, мәдениеті, тұрмыс-тіршілігімен етене жақын танысасыз. Бірақ, қай жерге барсаңыз да медициналық сақтандыруды ұмытпаңыз. Сосын, ойламаған жерден пайда болатын қиындықтарға, басыңызға төнуі мүмкін қауіптерге дайын болу қажет. Яғни, дайын турда сіздің мәселеңізді турагенттік шешсе, тәуелсіз саяхатта тек өзіңізге сенуге тура келеді.


Таңдау өз еркіңізде!


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Барлық индонезиялықтар жоғарғы 6 ТІСІН ЕГЕП не ЖҰЛЫП тастайды. Себебі...


НҰХ ПАЙҒАМБАР ойлап тапқан ТАҒАМДЫ ЖЕГІҢІЗ КЕЛСЕ МЫНА ЕЛГЕ барыңыз