Қазақстанның қай жерінде шаңғы тебуге болады?

0
993

Басқалар әлем кезіп жүргенде, өз елімізде керемет демалыс өткізуге болады!


Қазақстанның қай жерінде шаңғы тебуге болады?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Кейбір саяхатшылар көп қаржысын жұмсап, Европа, Альпі тауының баурайларына ағылып барып жатқанда, Сіз өз еліміздегі тау-шаңғы курорттарында керемет демалыс өткізе аласыз. Бұл аты аңызға айналған, табиғаты тылсым жерлерге саяхат жасауға тамаша мүмкіндік!


Шымбұлақ тау-шаңғы курорты

Шымбұлақ тау-шаңғы курорты тек Қазақстанға ғана емес, өзге елдерге де танымал. Мұнда әрдайым күн шығып тұратындықтан, қыста қатты аяз болмайды. Сондай-ақ, тау шаңғысы кәсіпқойларына арналған могул, тюбинг, слалом-гигант және хафпайп секілді алуан түрлі қызықты қар трассалары бар.

Қалай жетуге болады?

Шымбұлақ Алматы қаласынан 25 шақырым қашық жерде орналасқан. Ол жерге жету үшін алдымен Медеу мұз айдынына арнайы автобустармен барып, одан кейін курортқа жеткізетін арқанды жолдың немесе машықтанған таксилердің қызметіне жүгіне аласыз.

Қонақүй мәселесі

Шымбұлақ тау-шаңғы курортына барғасын, Shymbulak Resort Hotel немесе SNEG қонақүйіне орналасуға болады.

Шыңғы тебуден бөлек немен айналысса болады?

Бұл курорттың мүмкіндігі шаңғы тебумен шектелмейді. Мұнда дайын маршруттар бойынша трекингпен айналысуға немесе тауға көтерілуге, жартас пен мұзға өрмелеуге, сонымен қатар құстың ұшу биіктігінен Тянь-Шань тауының ғажайып табиғатын көру үшін парапланмен ұшуға болады. Одан бөлек, курорт Алматы маңында орналасқандықтан, ондағы мұражайлар мен ерекше ғимараттарды аралап, Көк Төбе шыңынан қала көрінісін тамашалап, атақты Медеу мұз айдынында сырғанай аласыз.


Алтай Альпісі тау-шаңғы курорты

Қазақстандағы ең үздік тау-шаңғы курорттарының бірі елдің шығыс бөлігіндегі Алтайдың орманды баурайында орналасқан. Бұл жерге негізінен жергілікті туристер келеді және бағасы қолайлы, ал сервистік қызмет деңгейі өте жоғары. Курорттағы13 қар трассасының ішінде тау шаңғысына қолайлы жерлер бар. Сонымен қатар, мұнда орманның ішінде еркін сырғанауға да болады.

Қалай жетуге болады?

«Алтай Альпісі» Өскемен қаласына жақын орналасқан. Ол қалаға кез келген көлікпен барып, одан әрі қарай курортқа автобус немесе таксимен жетуге болады.

Қонақүй мәселесі

«Алтайс Альпісі» курортына барғасын, базадағы қонақүйлер немесе жайлы жеке үйлерге орналасуа аласыз, ал демалумен қатар емделгісі келетіндер үшін жақын маңдағы «Изумрудный» шипажайы қызмет көрсетеді.

Шаңғы тебуден бөлек немен айналысса болады?

Аталған демалыс аймағы сырғанау трассаларынан бөлек дәстүрлі сауна мен моншадан бастап, әр түрлі массаждарды және бүкіл емдік бағдарламаларды ұсынады. Ал ашық аспан астында демалуды қалайтындар қарда жүру және сноутюбинг секілді мүмкіндіктерге ие болады.


Табаған тау-шаңғы курорты

Қазақстанның көптеген тау-шаңғы курорттары оңтүстік астанаға жақын орналасқан. Табаған да Алматыдан небәрі 17 шақырым жерде Іле Алатауындағы ұлттық қорықта орын тепкен. Жаңа және ескі аймақтарға бөлінетін курортта күрделілік деңгейлері әртүрлі 11 қар трассасы бар. Сондай-ақ, жарықтандырылған тау беткейлерінде түнгі сағат 22.00-ге дейін сырғанауға болады.

Қалай жетуге болады?

Курортқа Алматыдан автобус немесе таксимен бара аласыз.

Қонақүй мәселесі

Табаған Бесқайнар кентіне жақын орналасқан, сондықтан онда көптеген тұрғын үйлер, шағын қонақүйлер мен коттедждер өте көп. Дегенмен, еуропалық деңгейдегі бірнеше қонақүйлер де бар, мысалы «Рейкьявик».

Шаңғы тебуден бөлек немен айналысуға болады?

Демалыстың бір күнін міндетті түрде Алматы қаласында өткізген дұрыс. Қалған уақытта курортта аймағында және мұз айдынында сырғанап, жабық бассейн мен саунада шомылып, әртүрлі ойын-сауықтарда көңіл көтере аласыз.


Ақ бұлақ тау-шаңғы курорты

Ақ бұлақ – беткейлері жел әсерінен соғылған керемет шатқалдармен қоршалған, көрінісі ғажайып курорт. Мұндағы қар трассалары шаңғыны жаңадан бастағандар үшін жасыл түске және кәсіпқойлар үшін қызыл-қара түске боялған.

Қалай жетуге болады?

Ақ бұлақ Алматыдан 40 шақырым жерде орналасқан, онда рейстік автобустар жүреді және таксиге тапсырыс берсеңіз де болады.

Қонақүй мәселесі

Курортта бағасы әр түрлі үш қонақ үйлер бар. Олардың үздігі "Ақ бұлақ" қонақүйі.

Шаңғыдан бөлек немен айналысуға болады?

Ақ бұлақта әр түрлі ойын-сауық ұйымдастырылады және экстремалды сырғанау алаңдары бар. Сонымен қатар, жабық мұз айдынында коньки теуіп, боулинг пен бильярд ойнауға немесе СПА-орталықтағы самырсын бөшкесінде ем қабылдауға, сауна мен бассейнде демалуға мүмкіндік бар.


Бурабай тау-шаңғы курорты

Бурабай – Қазақстанның барлық тау шаңғы курорттарынан төмен деңгейде орналасқанымен, табиғаты өте әдемі! Мұндағы қар трассалары қылқан жапырақты ормандармен жабылған шоқылар арқылы өтеді және бұл курорт тыныш жердегі тау шаңғысы демалысын ұнататындарға өте қолайлы.

Қалай жетуге болады?

Ең алдымен Көкшетау қаласына келіп, сол жерден курортқа бара аласыз.

Қонақүй мәселесі

Бурабайда түрлі бағадағы бірнеше қонақүйлер бар. Оның ішіндегі ең арзаны – «Алтын күн» және ең қымбаты – «Глория» қонақүйі.

Шаңғы тебуден бөлек немен айналысуға болады?

Бурабайда шаңғы тебуден бөлек, орман «көрпесімен» көмкерілген ғажайып көлдерге баруға болады. Ал, демалысқа балалармен барсаңыз, Бурабайға жақын орналасқан «Қазақ Аяз атасына» қонаққа барыңыз. Бұл бұғы немесе жылқылар жегілген шанамен сырғанау мүмкіндігі бар нағыз ойын-сауық саябағы! Ал ересек туристер жергілікті минералды сулар мен көлдің емдік қасиеттерін сезіну үшін шипажайларға жазыла алады.


Нұртау тау-шаңғы курорты

Нұртау –ең жаңа курорттарының бірі, сондықтан мұнда бәрі соңғы технологиямен жабдықталған. Кез келген талғамға арналған қар трассалары бар және курорттың басты ерекшелігі – әдемі жарықтандырылған беткейлерде сағат 23:00-ге дейін сырғанауға болады.

Қалай жетуге болады?

Бұл жер Өскеменнен 35 шақырым жерде орналасқан, ал қаладан курортқа көлікпен баруға болады.

Қонақүй мәселесі

Нуртауда жоғарыда және төменде орналасқан «Стандарт» және «Люкс» атты котедждер қалашығы бар. Ондағы үйлерге 2-ден 9 адамға дейін орналасуға болады.

Сырғанаудан бөлек немен айналысса болады?

Нұртауда тек шаңғы немесе сноубордпен сырғанап қана қоймай, ойын-сауық кештерінде көңіл көтеріп, тау шыңындағы панорамалық мейрамханада кешкі ас іше аласыз және ағаш моншада шомылуға мүмкіндік бар.


Қасқасу тау-шаңғы курорты

Сондай-ақ, Түркістан облысы Төлеби ауданы, Қасқасу елді мекені, ««Еco Village Кaskasu» демалыс аймағындағы «Қасқасу» тау-шаңғы курорты да қазіргі таңда туристер көп келетін демалыс аймағына айналып келе жатыр. Оның бір дәлелі ретінде жақында ғана халықаралық сарапшылардың басын қосып, демалыс аймағында өткізген дөңгелек үстелін айтуға болады.


Қазақстанның үшінше мегаполисі Шымкент қаласына жақын орналасқан бұл демалыс орнында көркем табиғат аясында тамаша демалыс өткізуге болады. Сондай-ақ, демалыстан кейін Қасқасу-Шымкент-Түркістан бағытымен экскурсия жасап, киелі орындар мен, тарихи жәдігерлермен танысуға да мүмкіндік бар.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Қыста да ЖАЗДАҒЫДАЙ демалуға болады

Қыста саяхатқа шығатын адамда МЫНА ЗАТТАР болуы керек



Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет