Мына әдістерді ҚОЛДАНЫП, күзгі демалысты ЕСТЕН КЕТПЕСТЕЙ етуге болады

0
4 406

Бұл кеңестерді іске асыра алсаңыз, ұмытылмас әсер сыйлайды.


Мына әдістерді ҚОЛДАНЫП, күзгі демалысты ЕСТЕН КЕТПЕСТЕЙ етуге болады

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Жылдың қай мезгілі болмасын, өз демалысыңыздың естен кетпестей болып өтуі өзіңізге байланысты. Яғни демалысты қалай, немен шұғылданып өткізгеніңізге. Сондықтан, біз өз оқырмандарымызға тиімді кеңестерді ұсынуды жөн көрдік. Егер, сіз күзде демалысқа шықсаңыз, біз айтқан әрекеттерді ұйымдастырып көріңіз. Олар қандай әдістер?


1. Велосипедпен серуендеу

Егер, далада қар болмаса, суықтан қорықпай, велосипедпен саяхаттаған өте тиімді. Көптеген адамдар әсіресе күзде бұл әрекеттің ерекше әсер сыйлайтынын айтады әрі денсаулыққа пайдасы мол. Сонымен қатар, ұйқыны жақсартып, төзімділікті арттырады, жасушаларды оттегімен байытады және қан айналымын тұрақтандырады. Оған қоса, аяқтың бұлшықеттерін нығайтып, тыныс алу және жүрек-тамыр жүйесінің жақсаруына көмектеседі. Сондай-ақ, бұл бос уақытты тиімді өткізудің тамаша тәсілі. Мысалы, сіз влосипедпен саяхатқа шығып, көптеген жерлермен танысасыз, таза аумен серуендеп, әрі денсаулыққа пайдалы әрекетпен айналысасыз. Бұл «бір оқпен екі қоян ату» емей немене? Тек велосипедпен жүруге ыңғайлы әрі жылы киім киіп, қажетті құрал-сайманды сайлап алуды ұмытпаңыз.


2. Белсенді ойындар

Егер, достар немесе отбасымен күзгі табиғатқа шыққыңыз келсе, ауа райынан қорықпаңыз. Ал, жаурамас үшін кезз келген доп ойынын немесе жүгіруден жарыс ұйымдастыруға болады. Бұл әдіс те демалысты қызықты етіп қана қоймай, дененің шымырлануына, денсаулықтың нығаюына көмектеседі. Тек, алдын ала жаңбыр немесе қар жаумайтынын анықтап алу қажет.


3. Пейзаж фотосессиясы

Күз келгенде қолға камераны алып, алтын түске боялған табиғаттың түрлі көрінісіне фотоаңшылыққа шығуға да болады. Сонымен қатар, таныстарыңызбен суретке түсіп, бір біріңізге керемет көңіл сыйлауды да ұмытпаңыз. Әрине, ол үшін қымбат фотоаппаратыңыз болуы шарт емес. Мақсат – айналаңыздағы табиғат пен адамдардың қарым-қатынасын сезініп, қоңыр салқын мезгілде жанға жылу сыйлау.


4. Жылы елдерге саяхат

Жылдың суық мезгілінде демалысқа шыққан кей адамдар жылы елдерге саяхат жасап жатады. Мысалы, көптеген адамдар оңтүстіктегі теңіздерге барып демалғанды ұнатады. Бұл кезде бір жағынан өзге жерді тануға мүмкіндік болса, екінші жағынан туристер азайғасын, демалыс орындарындағы бағалар да арзандайды.


5. Балық аулау

Бұл тыныштықта демалуға арналған нұсқа. Егер бұрын-соңды балыққа шығып көрмесеңіз, осы бір аңшылыққа құмар достарыңызға қосылуға болады. Балыққа барғанда да қызықты сәттер көптеп орын алады. Мысалы, балық аулаудан жарыс ұйымдастыруға болады. Сосын, сол ұстаған балықты қуырып немесе қайнатып дайындаған тағамдардың дәмі өте керемет болады.



7. Табиғатта демалу

Күздің салқын күндеріндегі демалысты табиғат аясында өткізу де тамаша шешім. Өзіңіз ғана емес, достарыңызды шақырып, жаз бойы пісіп-жетілген өнімдермен дастархан жайыңыз. Қазан-ошақ құрып, тамақтың түр-түрін істеңіз. Алау жағып, айналасында ән айтыңыз. Міне, осындай демалыс адам жанына рахат сыйлап, қарым-қатынасты жақсартып, көңілді көтереді емес пе? Бірақ, қоқысты шашпауды, отты өшіруді ұмытып кетпеңіздер.


8. Көрікті жерлерге бару

Кез-келген қала, аудан мен ауылдың өзіне тән көрікті жерлері бар. Күзгі демалысты пайдаланып, сол көрікті, тарихи орындармен танысуға болады. Соның арқасында түрлі аймақтың тыныс-тіршілігі, мәдениеті, өмір салтымен де танысып аласыз. Бұл – рухани ой демалысы шығар, мүмкін.


Жалпы, жоғарыда айтқанымыздай жылдың қай мезгілі болса да демалысты ұмытылмастай өткізуге мүмкіндік көп. Оған тек ынта мен ізденіс болса, жеткілікті. Күн суыса да, көңіліңіз суымасын.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз:


Қазан айында ҚАНДАЙ елдерге саяхаттаған дұрыс?


«Ирандық қыз-келіншектер орамал тағады, бірақ беттерін тұмшамаламайды»: нұр-сұлтандық тарихшы