Өз бетінше саяхаттайтындар МЫНА КЕҢЕСТЕРГЕ құлақ асуы қажет!

0
3 975

Саяхат сәтті өту үшін осыларды естен шығармаңыз.


Өз бетінше саяхаттайтындар МЫНА КЕҢЕСТЕРГЕ құлақ асуы қажет!

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Көптеген адамдар саяхатты өз ойымен жоспарлаудан аяқ тартады. Оған қаржыны жұмсау, тіл білмеу, қауіпсіздік секілді мәселелер әсер ететіні белгілі. Егер, өз қорқынышыңызды жеңіп, өз бетімше саяхаттаймын десеңіз, сапарыңыз сәтті өтуге көмектесетін кеңестерді ұсынамыз.


САПАРҒА ДЕЙІН


Банкке ескерту керек

Қазір көпшілігіміз қаржыны бан картасында ұстап, сол арқылы қолданамыз. Ал шетелде жүргенде сол карта бұғатталып қалса, қиынның қиыны сол болмақ. Өйткені, кейбір банктер ел шекарасынан тыс жерде ақша аударымдары жүріп жатса, тұтынушының қаржысын алаяқтар пайдаланып жатыр деген негізбен картаны бұғаттап тастайды. Сондықтан, қызметін белсенді қолданатын банкке саяхатқа шығып бара жатқаныңыз туралы ескерте салған дұрыс. Қазір бұл әрекетті онлайн жасай беретін мүмкіндік қарастырылып қойған.


Қалтаның қамын ойлаңыз

Қонақүй, билет секілді қызметтерге алдын ала тапсырыс берер кезде қаржы тұрғысынан әбден зерттеп, салыстырып алыңыз. Сонымен қатар, сізге қандай қызмет ұсына алатынын білген жөн. Мысалы, қонақүйде Wi-Fi желісі, ыстық су және т.б. бар ма? Ол қандай жерде орналасқан? Қауіпсізбе? Тамақтанатын орындарға жақын ба? Сондай-ақ, алдын ала тапсырыс бермей тұрып, бұл қызметтерді сізден бұрын қолданғандардың пікірін оқып шығыңыз. Сосын, ақпарраттар мен суреттердің шынайы екеніне көз жеткізіп алыңыз.

Әуежайда уақытты тиімді пайдалану

Әуежай қызметін қолданатындардың ең басты мәселесі уақытты тиімді қолдану. Сол үшін әуежайға ертерек келіп, ең бірінші жүгіңізді тиеуді ойлаңыз. Өйткені, кей кездерде жолаушы көбейіп, қарапайым әрекеттерді орындау тым ұзақ уақытқа созылып кетуі мүмкін. Сосын, жолда әрнәрсеге алаңдамай, демалып алғаныңыз жөн.



Ұшақтағы жайсыздық

Рейс барысында ауа қысымның төмендеуі сіздің денеңізге, әсіресе қан айналымына теріс әсер етіп, аяғыңыз ісінуі мүмкін. Егер, солай болса, қарапайым жаттығуларды жасап отыруға болады. Ал, жол ұзақ болса, арагідік ұшақ бортын бір айналып бой жазып қайтқан абзал. Сонда ғана қан айналымы дұрысталады. Сонымен қатар, өзіңізді сыпайы ұстасаңыз, айналаңыздағылар да сізге жылы шырай танытатынын ұмытпаңыз.



САЯХАТ КЕЗІНДЕ


Жақсы жоспар — сәттілік кепілі

Діттеген жерге жеткесін қандай жерлерге баратыныңызды жүйелі түрде жоспарлап алыңыз. Қазір ғаламтор арқылы немесе туристерге қызмет ететін орталықтардың көмегімен мұндай маршруттардың түр-түріне қол жеткізуге болады.


Жергілікті тұрғындардан ақпарат алыңыз

Алдымен, қонақүй қызметкерлері немесе пәтер қожайынынан кеңес алып, барған жеріңіз туралы сұраңыз. Тамашалайтын, демалатын және тамақтанатын орындар жайлы олардан артық ешкім білмейтін шығар. Бірақ, бәріне бірдей сене беруге де болмайды.


Сеніңіз, бірақ тексеріңіз

Жат жерде жүргенде барлық маңызды ақпараттарды тексеріп алған дұрыс. Әйтпесе, ниеті теріс адамдар сізге қандай да бір қастық ойлауы мүмкін ғой. Сондықтан тәулік бойы қызмет ететін қолдау орталықтарымен байланыста болыңыз. Бұл жағдайда тіл білгеннің көмегі мол болмақ.


Бірінші – қауіпсіздік

Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қажетті ресми мамандардың, шұғыл жағдайда көмектесетін мекемелердің нөмірлерін біліп алу қажет. Әгәрәки, бірдеңе бола қалса сізге олардан басқа кім көмектесе алады?


Жалпы, жеке саяхат жасаудың қызығы да, қиыншылығы да мол. Не істейтініңізді өзіңіз білесіз, бірақ көптеген мәселені өзіңіз шешуге тура келеді. Бастысы – денсаулық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет. Ол екеуі дұрыс болса, әлі талай саяхаттайсыз! Сапарыңыз сәтті болсын!


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Бұл табиғи құбылыстарды ӘР АДАМ өз көзімен КӨРУІ КЕРЕК!


Миллиардерлер мен олигархтар осындай жерлерде демалады