Саяхатқа КӨЛІКПЕН шығатын адамдар НЕНІ БІЛУ КЕРЕК?

0
5 457

Өз автокөлігіңізбен саяхат жасау көптеген мүмкіндіктер сыйлайды.


Саяхатқа КӨЛІКПЕН шығатын адамдар НЕНІ БІЛУ КЕРЕК?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Саяхатқа көлікпен шығудың көптеген артықшылықтары бар: саяхатыңыз поезд немесе ұшақ кестесіне байланысты болмайды және көздеген жеріңізге жағымсыз жолсеріктермен бірге бармайсыз. Сонымен қатар, сапар бағытын өз еркіңізбен өзгертуге болады және қажетті заттардың барлығын өзіңізбен ала аласыз. Бұл кез-келген адам үшін ыңғайлы болары анық. Тек, алыс сапарға дұрыс «жиналу» керек! Сондықтан, бүгін көлікпен саяхаттайтын адамдарға арналған кеңестер ұсынамыз.

Керек-жарақтың тізімі:

Егер, Сіз ешқашан ештеңе ұмытпаймын деп ойласаңыз, онда қателесесіз. Өйткені, ұсақ-түйек былай тұрсын, маңызды затарды да жиі ұмытып кететін кездер көп кездеседі. Жарты жолдан қайтып келмеу үшін, мына тізімдегі заттарды түгелдеп алыңыз:

1. Жеке бастың, балалардың (бірге алып шығатын болсаңыз) және көліктің құжаттары;

2. Ақша және банк карталары;

3. Телефон, ноутбук, фотоаппарат секілді құрылғылар мен оларды қуаттау, ақпарат тасымалдау құралдары;

4. Навигатор немесе карта;

5. Жол жүру бағытының жоспары (жол картасы);

6. Толық құрамды дәрі қобдишасы;

7. Киімдер;

8. Жолға бұзылмайтын тамақ пен сусындар;

9. Ықшам көрпе-жастық;

10. Балаларға арналған керек-жарақтар.

Енді әрбір тармақты егжей-тегжейлі қарастырайық:


Құжаттарды дайындау

Саяхатқа шығатын барлық адамның төлқұжатын, балалардың туу туралы куәлігін, жүргізуші және көлік құжаттарын жинап, міндетті түрде олардың көшірмесін жасап алыңыз. Сонымен қатар, барлық құжаттарды сканерден өткізіп, электрондық поштаға сақтап қоюға болады.


Ақша

Қолма-қол ақшаны жанармай, жолдағы тамақ және оқыс жағдайлардағы сақтық үшін ғана алып, қаржының негізгі бөлігін банк карталарында сақтаған дұрыс.


Гаджеттер

Саяхат алдында навигатордағы карталарды жаңартып, көліктегі бейнетіркегіштің дұрыс жұмыс істейтінін тексеріңіз. Сондай-ақ, телефон, планшет және басқа да құрылғыларды қуаттап алыңыз.


Жол жүру бағытын әзірлейміз

Ол үшін қағазға түсірілген немесе навигатордағы картаны пайдалануға болады.


Дәрі қобдишасында не болу керек?

• анальгетиктер, спазмалитиктер;

• антигистаминді дәрілер;

• дене ыстығы көтерілгенде, асқазан ауырғанда қолданылатын және тұмау мен суыққа қарсы дәрілер;

• мұрын бітелгенде қолданатын сұйықтық;

• термометр;

• таңғыштар құралдар;

• йод, зеленка, сутегі тотығы.


Киімдер

Ең бастысы киімді жыл мезгіліне орай таңдау қажет және сөмкеге жаңбырда киетін жұқа күртеше салып алған дұрыс.


Тамақ пен сусын

1. Тоңазытқыш немесе термос сөмкелерді пайдаланыңыз. Олар саяхат үшін өте қолайлы;

2. Тамақты сынбау үшін шағын герметикалық пластик ыдыстарға салған дұрыс;

3. Жолға – шұжық, котлет, алма, ірімшік, нан, тазартылған жұмыртқа, жаңғақ және т.б. тағамдарды алған жөн. Өйткені, олар жүріп бара жатып жеуге анағұрлым ыңғайлы;

4. Егер, Сізге сұйық, ыстық тамақ қажет болса, ыдыс дүкенінен тамаққа арналған термос сатып алыңыз;

5. Ауызсу – газды немесе газсыз. Бірақ, тым көп алудың қажеті жоқ, суды кез келген жолдағы дүкеннен сатып алуға болады. Ал, өзге аймақтың суы жақпайтын болса, өзіңізге көп мөлшерде құйып алыңыз;

6. Сергіткіш сусындар да жүргізушіге өз пайдасын тигізеді;

7. Ылғал сулықтар мен бірнеше азық-түлік қоқысына арналған пакеттер.


Балалар үшін ең қажетті заттар:

1. Гигиена заттары: ылғал сүлгілер, бір реттік жаялықтар және т.б;

2. Балалар тағамы мен ыдыстар;

3. Киім-кешек;

4. Кішкентай көрпе;

5. Ойыншықтар;

6. Тәттілер, тамақ пен сусын.

7. Планшет немесе ноутбукқа мультфильмдерді жүктеп алуға болады.


Барлық керек-жарақты жыйнап болғаннан кейін, жолға шығар алдында көліктің мына жерлерін тексеру немесе мамандарға тексерту қажет:

• Тежегіш жүйесі;

• Дөңгелектің ауа қысымы;

• Қозғалтқыш майының, тежегіш және радиатордағы салқындату сұйықтығының деңгейі;

• Барлық фаралардың жанып тұрғандығы.

Сонымен қатар, көлікте міндетті түрде жарамды өрт сөндіргіш, сүйреуге – трос, домкрат, дөңгелектердің бұрандасын босатуға арналған кілт, қосалқы дөңгелек, ұсақ құрал-саймандар жиынтығы, фараларға арналған қосалқы лампалар, апаттық тоқтату белгісі, жел бергіш құрал және өзге көліктің аккумуляторынан тоқ алмасатын сымдар болуы керек.


Саяхат басталғанға дейін не білу керек?

• жол бойындағы қонақүйлер;

• ірі сауда орындарының;

• автотұрақ және демалыс орындары, жақсы жанармай құю бекеттері;

жол бойындағы ауруханалар мен дәріханалар;

• асхана, дәмхана немесе мейрамханалардың мекен-жайы.

Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Қазақ жеріндегі «Қазына түбегіне» барып көрдіңіз бе?

БАҚЫТТЫ болғыңыз келсе, САЯХАТ жасаңыз