Саяхатшылар арасындағы ЕҢ ӨРЕСКЕЛ қателіктерді қайталамаңыз!

0
5 788

Олар сіздің көңіл күйіңізді түсіріп, зиянын тигізеді.


Саяхатшылар арасындағы ЕҢ ӨРЕСКЕЛ қателіктерді қайталамаңыз!

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Кей адамдар мүмкіндігінше жиі саяхаттап, жылына 1-2 рет қана емес, тіпті демалыс күндерін де басқа елдерде өткізгісі келеді және оған біреудің шамасы жетсе, енді бірінің ойы кейіннен орындалып жатады. Бірақ олардың басым бөлігі кейбір қателіктерге жиі бой алдырады. Мысалы, қаржы шығынының еселенуі, артық уақыт пен күш жұмсау және т.б. Сіз де сондай қателіктерді қайталамас үшін оларды жинақтап, назарыңызға ұсынып отырмыз. Егер керемет демалыстың шырқын бұзғыңыз келмесе, бұл олқылықтарды қайталамаңыз.


Ең арзан әуе билетін іздеу

Бір жағынан арзан билет саяхатқа кететін шығынды азайтатын шығар. Ал, екінші жағынан арзан ауекомпанияларының бағасы тиімді болып көрінгенімен, олар іс жүзінде бәрін үнемдейді. Нақтырақ айтсақ, ұшаққа арзан билетпен мінгеннен кейін, тіркелу үшін, орын таңдау үшін, сөмке үшін, тіпті қарапайым ауызсу үшін қосымша ақша төлеуге тура келеді. Егер, осы шығындардың барлығын жинақтайтын болсақ, ұшу құны бастапқыдан бірнеше есе өскенін және сол қаржыға стандартты қызметтер жиынтығы бар билетті сатып алып, барлық жағдай жасалған ұшақпен артық шығынсыз ұшуға болатынын түсінеміз. Сондықтан, тым арзан дүниеге қызыға бермеген жөн болар.

Қосымша «багаждан» бас тарту

Егер, сіз әуе билетінің құнын арзандату үшін қосымша «багаждан» бас тартып, алайда қыдырып барған еліңізден жақындарыңызға кәдесый алып қататын болсаңыз, әрбір қосымша сөмкеге белгілі мөлшерде ақша төлейтініңізді біле жүріңіз. Өйткені ұшақтардың барлығында дерлік өзіңізбен бірге 10 келідей ғана жүк алып жүруге рұқсат берілген. Тіпті, кей әуе компаниялары билетте көретілмеген қосымша жүкті тасымалдауға тыйым салуы да мүмкін. Осы шығындарды ескерсек, қосымша багажсыз билет тек өзі қыдырып барып, сол күйі ешқандай кәдесыйсыз қайтатындарға арналғанын білеміз. Бірақ, бұл өзге елден базарлықсыз қайтпайтын қазақстандықтар үшін тиімсіз екені анық.


Медициналық сақтандырудан бас тарту

Кей адамдар "маған 5-6 күнде ештеңе бола қоймас" – деп, туристік сақтандырудан бас тартады. Иа, сіздің демалысыңыз ойдағыдай өтіп, ешқандай дәрігердің көмегінсіз өтуі мүмкін. Бірақ, егер кенеттен қандай да бір қолайсыз жағдай орын алып, денсаулығыңызға қауіп төнсе ше? Өкінішке орай, мұндай жағдайда жергілікті медициналық мекемелерге хабарласып, емдеудің ақысын өз қалтаңыздан төлеуге тура келеді. Оның үстіне шет елде мұндай қызметтің құны қанша екені де белгісіз. Сондықтан саяхатты жоспарлау кезінде сақтандыру компаниясының қызметтерін сызып тастауға болмайды, себебі бұл сақтандыру сізді емдеуге кеткен барлық шығындарды өтеп береді.

Автокөлікпен саяхаттау

Бірде Еуропаға көлікпен саяхаттауға бел буған келген досым "менің ең арзан әрі естен кетпес сапарым осы болады", - деп өз жоспарын «жерден жеті қоян тапқандай» айтып берді. Ал, оған шет елдегі жанармай бағасы, көлікті сақтандыру, кеденнен өту, ақылы жолдар мен тұрақтар, азық-түлікке кететін шығын туралы айтып, жұмсалатын қаржыны есептегенде ойланып қалғаны рас. Әрине, оның бәрі баратын елге, жолаушылар санына және автокөлік түріне байланысты. Алайда, кез келген жағдайға дайын болу қажет. Қысқасы «бір үміт, мың күдікпен» сапар шегетініңіз анық.


Арзан қонақүйді таңдау

Әрине, бұл өте қымбат қонақүйлерге жайғасу керек дегенді білдірмейді, бірақ кей адамдар ақша үнемдеуге тырысып, қолайсыз нұсқаларға ұрынып қалып жатады. Ал, ол мүлдем ұнамаса жатынжайды ауыстырып, басқа ыңғайлы пәтер үшін қосымша ақы төлеуге тура келеді. Сонымен қатар, кейбір қонақүйлерде таңғы ас бөлменің құнына енгізіледі және сіз оған келісіп, ақысын төлеп қоясыз. Алайда, шын мәнінде көптеген қонақүйлер таңғы асқа арзанқол тамақ дайындайды. Сондықтан ол жердің тағамы ұнамай қалса, тамағы тәтті мейрамхана іздеп, тамаққа қосымша шығындалуға тура келеді. Сол себепті, қонақүй таңдамас бұрын, онда болған адамдардың пікірлерін оқып шығыңыз, фотосуреттерді қараңыз, орналасқан жері мен басқа да ақпаратты зерттеңіз. Сонда ғана тұрғынжайға келгеннен кейін сіз үшін «бөлмеде кондиционер жоқ, терезелері көрші мейрамханаға қарайды, жуынатын бөлме көгерген, ал төсек-орын соңғы рет 5 жыл бұрын жуылған» деген сияқты тосынсыйлар орын алмайды.

Қолайсыз жерде орналасқан қонақүй

Көптеген саяхатшылардың тағы бір қателігі – өзі саяхаттайтын елдің тарихи және туристік орталығынан алыс орналасқан қонақүйді таңдау. Нәтижесінде, сіз қалада серуендеп, көрікті жерлерді зерттеп, жан сарайыңызды демалдырып болғаннан кейін, бірнеше шақырым шалғайда орналасқан қонақүйге жету керек болады. Алғашқы күндері жаңа сезімдер мен жергілікті өмірді сезіну үшін бұл сізді қызықтыруы мүмкін. Алайда, кейін бұл шексіз жол мен уақытты ысырап етуден шаршайсыз. Демалыстың соңында достарыңызға қалада не көргендеріңіз туралы емес, көлігіңізді күтіп, асығыс уақытта автобуспен қалай жүргендеріңіз туралы айтып бересіз. Айтпақшы, кейбір елдерде жол жүру құны қымбат екенін ұмытпаңыз. Сондықтан, мүмкіндігінше жолға кететін ақшаны пәтер ақшасына қосып, туристік маршруттарға жақын қонақүй табыңыз.


Жергілікті бағаларды білмеу

Қаржыны жоспарлау кезінде кейбір туристер ұмытып кететін тағы бір мәселе – шығын. Мысалы, сіз бір елге арзан билетпен ұшып бардыңыз, бірақ ондағықонақүй, мейрамхана, дүкен бағасы «удай» қымбат. Әлбетте, бұл тым жақсы жоспардың астаң-кестеңін шығарады. Сондықтан ел таңдап, арзан билет сатып алмасбұрын, алдымен ондағы өмір сүру шығыны туралы зертеп алыңыз. ақпаратты оқып, содан кейін ғана шешім қабылдаңыз.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз:


5300 жастағы мумияның асқазанынан құймақ табылған


Әлемдегі ЕҢ ТАНЫМАЛ саябақ ХАЛЫҚ ҮШІН салынған