​Шетелде той жасау үшін не істеу керек?

4
5 139

Үйлену тойыңның шетелде өткенін армандайсың, бірақ оның мүмкін екеніне сенбейсің бе? Бекер-ақ. Себебі, қазір шетелде неке қию не той рәсімін өткізу қолжетімді әрі тиімді. «Тиімді» дегенге таң қалып отырсыз ба? Ол рас.


​Шетелде той жасау үшін не істеу керек?

фото: kudago.com

Үйлену тойыңның шетелде өткенін армандайсың, бірақ оның мүмкін екеніне сенбейсің бе? Бекер-ақ. Себебі, қазір шетелде неке қию не той рәсімін өткізу қолжетімді әрі тиімді. «Тиімді» дегенге таң қалып отырсыз ба? Ол рас.

Шетелде той жасайтын болсаңыз, елдегідей аумағы ат шаптырым тойхананы толтыратын қонақ шақырмайсыз. Ең жақындармен шектелесіз. Ас та төк дастархан жасап әбігерленбейсіз. Есесіне, екі оқпен бір қоян атасыз — үйлену тойы және бал айы.

Арманыңыздың орындаларына аз да болса сенім ұялай бастады ма? Ендеше, іштей және ақпараттық тұрғыдан дайындала беріңіз. Ең алдымен мына сұраққа жауап табыңыз: «Не себепті тойыңызды шетелде өткізгіңіз келеді?» Жауап мына нұсқалардың бірі болуы мүмкін.

  • Ауа райының қолайсыздығымен бетпе-бет келгіңіз келмейді. Себебі, Жердің басқа бір бұрышында жыл он екі ай жаз, көктем не күз болып тұратын, табиғат көрінісі еш өзгермейтін аймақтар бар.
  • Дәстүрді дастархан жаю үлгісінен, бір-бірін қайталай беретін той сценариінен жалықтыңыз.
  • Бұл — сәнді және романтикаға толы.
  • Шет елге бал айы саяхатына шығасыз, «неге некені де сол жақта қимасқа?» деп ойлайсыз.
  • Неке сарайындағы ұзын-сонар кезек пен күн сайын той болып жататын мейрамханалар той әсерінің жартысынан астамын жойып жібереді. Өзіңізді таңдаулы, сүйікті сезіне, тойым болады деп қуана алмайсыз.
  • Мүлдем басқа атмосферада, мүлдем өзгеше өткенін қалайсыз.
  • Бұл сіздің екінші некеңіз және бұл жолы бәрінің алдыңғыдан өзгеше болғанын қалайсыз.

Нақты себепті тауып алсаңыз, ары қарай кеттік. Біз сіз үшін арнайы арманыңызды жеңіл жүзеге асыратын елдер тізімін жасадық.

Куба

Онда жыл он екі ай жадыраған жаз. Естелік суретіңіздің артқы фонында тамаша табиғат тұрады. Тропикалық бақтар, тұп-тұнық су мен таза жағажайлар, «қыдырып жүрген» қоқиқаз бен бірқазандар — бәрі де көңіл-күйіңізді барынша көтереді. Әрі етегі дөңгеленген, ауыр да ыңайсыз той көйлегі мен қақиған костюм киюден құтыласыз.

Неке қию салтанатын ресми түрде де, символикалық түрде де өткізуге болады. Арнайы сертификат күту мерзімі — 3-4 ай.

Мальдив аралдары

Климаты ыстық бұл елдің адамдары өте қонақжай. Үстелінен жеміс-жидек үзілмейтін су жағасындағы бунгало, бір-бірімен көкжиекте табысқан зеңгір көк пен теңіз суы, яхтамен серуендеу, құм бетіне шырағданмен жол жасау.... Мальдив аралына ағылған әр жастың көксейтіні осы.

Мұнда той маусымы жыл бойына созылады. Ерекше күніңізді өткізу үшін кішігірім аралды таңдауға болады. Дегенмен, Мальдив аралдарында неке қию салтанаты символикалық түрде ғана өткізіледі.

Шри-Ланка

Мұнда той салтанаты үшін Үнді мұхиты жағалауынан кішігірім вилла жалға алуға болады. Қаласаңыз, еуропалық үлгіде өткізесіз. Таңдауыңыз жергілікті дәстүрлі тойға түссе, сари мен саронг киіп, ұлттық әуені аясында ұлттық биін билеп көңіл көтересіз.

Той салтанатынан соң оңаша романтикалық кешкі ас алдыңызға тартылады.

Шри-Ланка жерінде шетелдіктерге ресми және символикалық той салтанатын өткізуге рұқсат берілген. Ресми сертификатты алу үшін 2 ай шамасында күтесіз.

Доминикана

Бұл аралда жыл бойы пальма ағашы жайқалып, ақ құмы табанды қыздырып жатады. Мұнда той рәсімі тура су жағасында, гүлден өрілген доға астында, доминикандық музыканттардың ұлттық әуені аясында өткізіледі. Салтанаттан соң яхтамен серуендеп, экзотикалық дәм түрлерімен романтикалық кешкі асқа отырасыз. Қаласаңыз, джунглидің ну ормандарына саяхатқа шыға аласыз. Ресми және символикалық той салтанатын өткізу қарастырылған. Ресми сертификатты күту уақыты — 1-1,5 ай.

Грекия

Грекияаралдық мемлекетінде күннің шығуы да, батуы да, теңіз бен тау да керемет көрініске ие. Әсіресе, Санторини аралын тура бір той өткізуге арнайы безендірілген бе дерсің.

Жас жұбайлардың өтініші бойынша ресми де, символикалық та рәсім өткізіп бере алады. Ресми салтанатты таңдасаңыз, сертификат алу үшін 2-3 күн ғана күтесіз.

Тойыңыз қай жерде, қай елде өтсе де, ары қарайғы отбасы бақыты өз қолыңызда екенін ұмытпаңыз.

Дайындаған: А.Бекұрғанова

ERNUR.KZ