Шығыс Қазақстанда шетелдегідей демалуға болады

0
3 923

Шығыс Қазақстан облысы Еуразияның жүрегі саналатын Қазақстан, Ресей, Қытай және Монғолия елдерінің шекарасы тоғысқан жерде орналасқан.


Шығыс Қазақстанда шетелдегідей демалуға болады

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Онда барып Орталық Азияға тән пейзаждардың барлық түрлерін: құмды шөлдер, сазды каньондар, далалар, таулар, жапырақты және қылқан жапырақты ормандар, альпілік шалғындар және тау шыңдарын көруге болады.

Осындай ерекше географиялық жағдайға байланысты мұнда бірнеше түрлі дәстүрлі мәдениет қалыптасқан. Яғни, Шығыс Қазақстанға саяхат жасау барысында балықшылар, мал шаруашылығы және көшпенділер өркениетімен таныса аласыз.Сонымен қатар, тау шаңғысы спорты, альпинизм, аң аулау, балық аулау және жаяу туризм саласы айтарлықтай дамыған. Егер, Сіз осы ғажайып өлкеге саяхаттауды жоспарласаңыз, біз ұсынған орындарға баруды ұмытпаңыз.


1. От түсті құздар

300 гектар аумақты алып жатқан Кейін-Керіс сала батпақты учаскесі – бұл эрозиямен ашылған түрлі-түсті балшық қабаттары. Мұндағы су мен желдің әсерімен жайылған балшықтар ерекше көрініске ие. Алыстан қарағанда қызыл балшықты құздар мен Кейін-Керіс құлама жарлары лапылдап жанған отқа ұқсап тұрады, сондықтан оларды «Лапылдаған құздар» деп атап кеткен.


2. Белуха

Белуха тауы – Шығыс Қазақстандағы табиғи көрікті орындардың бірі. Бөктерінде б.д.д. III-II ғғ. жататын көптеген қорғандары мен патшалық жерлеу орындары бар тауға жыл сайын туристер мен альпинистер көптеп келеді. Сонымен қатар, таудың пирамидаларға ұқсайтын екі шыңы бар және осы аумақтан Қытай, Моңғолия және Ресей шекаралары кесіп өтеді.


3. Марқакөл ұлттық саябағы

Марқакөл ұлттық саябағының аумағында Шығыс Қазақстан мен Алтайдың ең көрікті көлі – Марқакөл орналасқан. Ал, көлдің негізгі байлығы еш жерде кездеспейтін лосось балығы – ускуч. Сондай-ақ, бұл жер әсем табиғатымен, тұнық өзендер мен сарқыраған бұлақтар және ну ормандарымен ерекшеленеді.


4. Ертіс өзеніндегі аспалы көпір

Семей қаласы, Ертіс өзеніндегі сәулет өнерінің туындысы – дүниежүзі бойынша он жетінші орындағы теңдесі жоқ аспалы көпір болып есептеледі. Ал, қараңғы түскенде көпірге сән беретін жарықшамдар оны одан сайын көрікті ете түседі.

Айта кетейік , өткен ғасырдың соңындағы көпірдің ашылуы бүкіл Қазақстан үшін нағыз мерекеге айналған болатын.


5. Ақбауыр үңгірі

Бұл – Ұлан ауданы, Бестерек ауылының солтүстігінен 3 шақырым жердегі Ақбауыр тауының етегінде орналасқан қола дәуірінің ескерткіші. Ал, үңгірдің қабырғасына салынған петроглифтер б.з.д. үш мыңжылдықтың бас кезіне жатады. Төбесі қуыс күркеге ұқсайтын үңгірдің кіре берісіне қарсы орналасқан суреттерге толы қабырға көп адам табынатын, киелі орын болып есептеледі.


6. Бұқтырма су қоймасы

Бұқтырма су қоймасы әлемдегі ең үлкен және әдемі жасанды су қоймаларының қатарына кіреді. Адам қолынан шыққан бұл туындыны Алтай тауларының қалың тоғайы қоршап тұр. Бұл аумақта балық аулау жақсы дамыған және көптеген демалыс, сауықтыру орындары, пансионаттар салынған. Мұнда келіп, ғажайып жартастармен, көркем табиғатпен танысуға және жағажайда демалуға болады.


7. Абай мұражайы

Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы – Абайдың өмірі мен ақындық жолына байланысты жәдігерлер жинақталған мәдени мекеме. Мұражайдың архитектурасы сол қалпында сақталған. Мұнда келіп Араб, Перс, Түрік, орыс тіліндегі кітаптар, бейне құжаттар және Абай замандағы экспонаттармен таныса аласыз.


8. «Рахман қайнары» шипажайы

Рахман қайнары – ШҚО Қатонқарағай ауданындағы шипалы жылы су көзi. Оңтүстік Алтайдың кiшкене тектоникалық ойпатында, Арасан көлі жағасында, теңiз деңгейiнен 1750 м биiктiкте айналасын биiк тау мен орман қоршаған өте көрiктi жерде орналасқан. Тереңнен шығатын қайнардың шипалық қасиетi ертеден белгiлi және оны Рахманов деген аңшы 1763 жылы ашқан.

Ел аузындағы аңызға сенсек, ол саятшылық құрып жүріп, мылтығымен маралды жарақаттайды да артынан қуады. Жануар қашып барып, осы суға түскен екен. Күшін жоғалтқан жаралы марал біраздан соң әл жинап, қайнардан секіріп шығады. Содан кейін, осындай кереметке куә болған аңшы судың бір ерекшелігі бар екенін түсінген.

9. «Язовое» көлі

Язевое – Белуха тауының Оңтүстік-Батысына жақын орналасқан көркем көл. Көл жағасы отбасымен немесе достармен демалуға қолайлы орын. Сондай-ақ, құмды жағажайында демалып жатып, тау көрінісін тамашалауға болады.


10. Катон-Қарағай ұлттық табиғи паркі

Катон-Қарағай ұлттық паркінің аумағы Алтай-Саян экоауданының қазақстандық бөлігіне кіреді және ол – еліміздегі ең үлкен ұлттық парк. Бұл жерде флора мен фаунаның алуан түрі шоғырланған және Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген түрлері сақталған.

Қорғаудың құқықтық режімі бойынша парк аумағы қорық және қорықша зоналары мен кіші зонаға бөлінген. Соның ішінде тек кіші зона ғана туристерге қызмет көрсете алады.

Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


КӘУӘП, РАТАТУЙ, ПАЛАУ мен БАЛМҰЗДАҒЫ әлемге танылған қай елдер?

Шетелге саяхаттағанда ТАКСИСТ, ҰРЫ және ЖАН-ЖАНУАРЛАРДАН сақтану керек