Теңіз түбіндегі ғажайыптар: Әлемдегі ЕҢ КЕРЕМЕТ су асты мұражайлары

0
6 261

Әлемде қанша мұражай бар екенін есептеуөте қиын. Бірақ олардың кейбірін ғана шын мәнінде бірегей деп атауға болады.


Теңіз түбіндегі ғажайыптар: Әлемдегі ЕҢ КЕРЕМЕТ су асты мұражайлары

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Жер ғаламшарының әр бұрышында ерекше экспонаттары бар мұражайлар ашылып жатады. Ал, мына нысандар су астында орналасқан және бүкіл әлемнің назарын аударып тұр.


Су асты мүсіндері мұражайы, Канкун, Мексика

Бұл «Museo Subacuatico de Arte» деп аталатын ғажайып су асты мұражайы ресми түрде 2010 жылдың 27 қарашасында ашылған. Ол Канкун курортты қалашығының жанында Кариб теңізінің түбінде орналасқан. Ал ондағы 487 мүсінді мұражайдың негізін қалаушы Джейсон де Кайрес Тэйлор жасаған. Алғашқы кезінде төрт мүсін (2009 жылы) орнатылған керемет орындағы экспонаттар саны 2013 жылдың соңына қарай 500-ге жеткен және олар 420 шаршы метр аумақты қамтитын мұражайдың 2 метрден 10 метрге дейінгі тереңдігінде орналасқан. Оларды көру үшін арнайы жабдықтарды киюге және дайвингпен айналысуға тура келеді. Тиісінше, мұражайдың керемет атмосферасы ешқашан ұмытылмайды.


Атап айтсақ, мүсіндер коллекциясында ежелгі майя мен қазіргі заманға дейінгі адамдардың тарихы, "Жаулап алу", "Революция", "Тәуелсіздік" сияқты оқиғалар көрсетілген. Негізінен коллекциядан – адамдарды, көліктер мен үйлерді көруге болады.

Сондай-ақ, әрбір жәдігері цемент, силикон және шыныдан жасалған мұражай Machones және Punta Nizuc деп аталатын екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігіндегі экспонаттар 8 метр тереңдікте, ал екіншісіндегілер 4 метр тереңдікте орналасқан. Тіпті, Punta Nizuc бөлігінен түбі шыныдан жасалған қайықта көруге болады.


Қызықты дерек!

Бұл мұражайды мүсінші Джейсон де Кайрес Тэйлор коралл рифтерін зерттеу мақсатында Кариб түбіне бата отырып, жыл сайынғы миллиондаған туристердің теңіз тіршілігіне келтіретінін залалын ойлап, қоршаған ортаны қорғау үшін құрған.


Су асты мұражайы, Лансарот, Испания

Museo Atlantico – 2017 жылы Испанияда құрылған Джейсон де Кайрес Тэйлордың алдыңғымен мақсаттас тағы бір жобасы. Бұл мұражай теңіз тіршілігіне зиян тигізбеу және миллиондаған туристерді тарту үшін де тиімді болды.

Ерекшелігі неде?

Бұл мұражай Еуропадағы алғашқы және әзірге жалғыз мұражай болып тұр. Сонымен қатар, оның экспозициясы Атлант мұхитының түбіне қойылған және ауқымдылығымен таң қалдырады. Елестетіп көріңізші – 12-15 метр тереңдікте 2 500 шаршы метр аумақта орналасқан тамаша су асты мүсіндері!.. Керемет емес пе?!



Айта кетейік, мұражайдың негізін қалаушы мұндағы 300-ден астам экспонатты зиянды қоспасыз және металсыз цементтің ерекше түрінен жасаған.


Су асты әскери техникалар мұражайы, Иордания

2019 жылы Иорданияда экспонаттары әскери техникалардан тұратын су асты мұражайы ашылды. Ол Акаба жағалауында Қызыл теңіз түбінде орналасқан. Мұнда 3 метр тереңдікте XX ғасырдың танкілері, Иордания Қарулы Күштерінің ВВС AH-1 °F Cobra соққы тікұшағы, бронетехника сияқты әскери техниканың 19 түрі қойылған.


Бір қызығы, суға батар алдында жәдігерлер қоршаған ортаға зиян келтірмеу үшін барлық қауіпті жабдықтары алынып тасталған.


Кораллариум, Мальдив

Осы орайда тағы да дарынды мүсінші, экологиялық мәселелер мен адамның су асты әлеміне араласуына қамқорлық жасаған Джейсон де Кайрес Тэйлорға ораламыз. Ол коралл рифтерін сақтау, сондай – ақ мұхитты мекендеушілерге өз популяциясын кеңейтуге көмектесу мақсатында Мальдивтен тағы бір мұражайды құрған.

Тэйлор Кораллариумды өзінің ең амбициялық жобасы деп санайды. Өйткені, ондағы 6 метр өлшемі бар үлкен текше туристерді ерекше мүсіндерді көру үшін өзіне еріксіз тартып алады. Ал, мүсіндердің жанынан жүзіп өтетін, тіпті сол мұражайда мекендейтін теңіз «тұрғындарын» тамашалау ерекше әсер қалдырады.

Атап айтсақ, бұл кешен суға жартылай батып тұр және үш секциядан тұрады. Сондықтан фигуралардың кейбірі ған толығымен су астында. Мұражай жағалаудан 150 метр қашықтықтағы Мальдив атоллдарының бірінде орналасқан.


Байя антикалық су асты мұражайы, Италия

Біз мұхит түбіндегі ең керемет мұражайлар туралы айттық және Байя да осы тізімге қосылады. Ол Неаполитан шығанағының түбінде, Италия жағалауларында орналасқан. Байя ежелгі қаласының руналарымен көмкерілген су асты мұражайында 1700 жылдан астам су астында тұрған мәрмәр мүсіндер, мозаиктер, субұрқақтар, үйлер мен храмдар бар. Олар бір кездері Везувия жанартауының белсенділігінің нәтижесінде суға батқан.

Мұнда келген туристер жағалаудан 100 метр қашықтықта 3-20 метр тереңдікте орналасқан керемет өнер туындыларымен таныса алады. Бұл мұражай әлемдегі ең ұлы мұражайлардың бірегейі!


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


«Автокөлікті өзіне тартады»: Тылсым күшке ие трасса мыңдаған туристер мен ғалымдар назарына іліккен


ӨЗІҢІЗБЕН ӨЗІҢІЗ демалғыңыз келсе, мына жерлерге баруға болады