ҰШАҚТА ҰЙЫҚТАУдың соңы АУРУға соқтыра ма?

0
1 575

Ұшу кезінде дұрыс жасалмаған кей әрекеттер ауруға ұшыратуы мүмкін екен.


ҰШАҚТА ҰЙЫҚТАУдың соңы АУРУға соқтыра ма?

Ұшақ бортындағы бірнеше сағат – өмірдің бір бөлшегі іспетті. Алайда, күнделікті өмірде қалыпты болатын кей жағдайлар әуе көлігіне отырғанда аса қауіпті болуы әбден мүмкін. Әуе сапарында ағзамызға айрықша қамқорлық қажет болады. Бұл қамқорлық қауіпсіздік белдігін тағумен, апатты жағдайда жасау керек әрекеттермен танысумен шектелмейді. Олармен қоса, мынадай жағдайлардан да сақтанған дұрыс.


Шөлдеу

Ұшақ салонында шөлдеп, тамағыңыздың құрғап отыруы қауіпті. Жердегіге қарағанда, әуе сапары барысында ағзаның су теңгерімін сақтау маңыздырақ. Жоғарыдағы ауаның ылғалдылығы төмен. Әрі атмосфералық қысымның бірден өзгеруі бар. осылардың салдарына ағза сусызданады. Оның жұтқыншақтың жыбырлауынан, кеңсіріктің кебуінен, көздің құрғауынан аңғарасыз. Осындай жайсыздықты болдырмау үшін сұйықтықты молырақ ішу керек. Есіңізде болсын, ешқандай газдалған сусын, кофе, шай дегендер көмектеспейді. Керегі – тек таза су мен жаңа сығылған шырындар.


Жанаспалы линза тағу

Көзіңізде жанаспалы линза болса, әуе сапары алдында шешіп қойған абзалырақ. Ұшақ салонындағы тым құрғақ ауа көздің шырышты қабығына кері әсер етеді. Осындайда көзде жанаспалы линза болса, азғана минуттан соң-ақ көздің құрғауын, тітіркенуін сезінесіз. Линза киген қалыпта ұйықтап қалу тіптен қауіпті. Көру қабілетіңіз тым төмен болса, көзілдірік киіңіз. Оған мүмкіндік болмаса, ылғалдандырғыш көз тамшыларын алыңыз. Бірреттік линза тауып тақсаңыз, тіптен жақсы.


Ұйықтау

Ұшақта көзін таңып алып ұйықтап жатқан жолаушылар көрінісі қалыптыға айналып кеткен. Алайда, бұл да қауіпті жағдайлардың бірі. Әсіресе, ұшақтың ұшу және қону кездерінде. Бұл уақытта салондағы ауы қысымы бірден өзгереді де, құлақ пердесіне үлкен қысым түсіреді. Салдарынан құлақ бітіп, ауырсыну пайда болады. Кейде тіпті саңыраулыққа апарып соқтыруы да ықтимал. Мұндай жағымсыз салдардан жиі жұтыну, есінеу құтқарады. Осылайша бұлшықеттерді белсенді жұмыс істетіп, құлақтың ортаңғы бөлігіндегі қысымды қалпына келтіреміз. Ал, ұйықтап жатқан адамның мұндай әрекеттерді жасай алмайтыны белгілі. Осыдан келіп құлақтың атмосфералық жарақатын алады.


Қозғалыссыз отыру

Ұзақ уақыт бойы қозғалмай отыру қанайналымды баяулатып, қанды қоюлататыны белгілі. Бұл қауіпті тромбоздың тууына себеп болуы мүмкін. Сондықтан, ұшу кезінде сағат сайын орныңыздан тұрып не отырған қалыпта жаттығу жасауды ұмытпаңыз. Әсіресе, аяғыңызды жиірек қозғалтыңыз. Сондай-ақ, еркін қимылдауға, қанның жақсы жүруіне кедергі жасайтын тар киім кимеген жөн. Әуе сапарына киегн киіміңіз табиғи материалдан тігілген, кең, жұқа әрі бірнеше қабат болғаны ыңғайлы.

Жалаңаяқ жүру

Ұшақ салонында ешқашан жалаңаяқ жүрмеңіз. Ондағы еден – қауіпті микробтардың ордасы. Олардан шұлық та құтқара алмайды. Сондай-ақ, табаны жылтыр резеңке сүйретпе кию де дұрыс таңдау емес. Тосын жағдай туғанда ондай аяқкиіммен ұшақ салонында жылдам жүгіру қиындық туғызады. Абзалы – ауа өткізетін, аяқты қыспайтын және ісіндірмейтін кроссовка немесе жайдақ табанды туфли.


Макияж жасау

Әуеде ұшудың теріге де кері әсері бар. Бұл тағы да ұшақтағы ауаның құрғақтығымен, ылғал жоғалтумен байланысты. Осындай жағдайда терінің беткі қабатында декоративті косметика болса, жағдай одан әрі ушығады. Тері құрғап, қабыршақтанып, бөртпелер шығуы мүмкін. Сондықтан ылғалдандырғыш маска, патч, ВВ немесе СС крем, ерінге арналған бальзам қолданумен шектелген дұрыс.


Желдеткішті сөндіру

Төбеден төніп жел үрлеп тұрған желдеткішті сөндіру де дұрыс әрекет болмайды. Дәрігерлер әуе сапарының соңына дейін оның қосылып тұрғаны жөн дейді. Әсіресе, жақын маңда денсаулығында кінәраты бар кісіні байқасаңыз. Осылайша жолаушы өзін ауа арқылы таралатын инфекциядан қорғай алады екен. Ең төменгі жылдамдықта жұмыс істегеннің өзінде айналаңызда инфекцияларға қарсы қорғаныш бөгетін құрады. Сондықтан егер жаурасаңыз немесе суық тигізіп алам деп қорықсаңыз, қалыңырақ киініңіз. Тек желдеткішіңіз қосулы болсын.

Әр сапарыңыз сәтті әрі қауіпсіз болуы үшін өзіңіз қам жасаңыз.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


"10 жылдық арманым": ДУБАЙға сапар шеккен АУЫЛ КЕЛІНІ қызықтарымен бөлісті


КОРОНАВИРУСТАН КЕЙІН: енді бұл заттар қонақүйлерде БОЛМАЙДЫ