Жаздың соңында ТАҒЫ БІР РЕТ саяхаттағыңыз келе ме?

0
2 510

Тағы бір рет саяхат жасап, өзіңізге демалыс сыйлау ойыңызда болса, Сіз үшін пайдалы кеңестер ұсынамыз.


Жаздың соңында ТАҒЫ БІР РЕТ саяхаттағыңыз келе ме?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Жұмыстан босап, жаныңызға рахат сыйлаған жазғы демалыстың да аяқталуына аз күндер қалды. Мүмкін, Сіз осы уақытқа дейін бір жерлерге саяхаттап қайтқан боларсыз немесе бос уақытты пайдаланып, үйдің шаруаларымен айналысқан шығарсыз. Дегенмен, жаздың аты – жаз, көп адам тағы да демалғысы келеді. Сондықтан, бүгін жаздың соңындағы демалысқа арналған ең жақсы 10 бағытты ұсынамыз.


1. Тенерифе, Испания

Тамыз – Канар архипелагының аралындарындағы ең жылы ай. Бұл кезде мұхит суы +25℃-ге дейін қызады. Ал, Тенерифе аралы сол архипелагтағы танымал демалыс орындарының бірі. Сондай-ақ, отбасылық демалыс үшін таптырмайтын бұл аралда теңіз өнімдері өте мол.

Тенерифенің ерекшеліктері:

● тау шыңына көтеріліп тамашалай алатын көрші аралдар;

● қара жанартау құмы бар жағажай;

● «Тейде» ұлттық паркі және т.б.

2. Канкун, Мексика

Канкун – Мексиканың ең үздік курорттық қаласының бірі. Ондағы жағажайлар тыныш болғандықтан, отбасылық демалысқа өте ыңғайлы. Бірақ, жастарға арналған ойын-сауықтар да жоқ емес. Ал, рухани азық алғыңыз келсе, Канкуннан 2 сағаттық жерде орналасқан ежелгі Майя үндістерінің сәулет ескерткіштерімен танысуға болады.

Канкунның ерекшеліктері:

● коралл рифіне су асты мотоциклімен саяхат жасау;

● интерактивті аквариум;

● тропикалық Джунглидегі әйелдер аралы және т.б.


3. Рио-де-Жанейро, Бразилия

Тамыз – Риодағы демалыс үшін тамаша мезгіл. Онда саяхаттаған адам Ипанема, Копакабана жағажайларында демалып, атақты Иса Мәсіхтің мүсінін, «Қант басы» тауын өз көзімен көріп, кереметін сезіне алады. Сондай-ақ, бұл қалада мәдени-тарихи ескерткіштер мен сәулет өнерінің тамаша туындылары да жетерлік.

Рионың ерекшеліктері:

● табиғат кереметтерін толық көрсететін аспалы жолдар;

● қазіргі заманғы өнер мұражайы;

● Жоатинг шөлді жағажайы және т.б.

4. Крит, Грекия

Критке барып, Жерорта теңізінде демалу кез келген адам үшін жақсы әрі қызықты болады. Мұнда барып теңіз жағасында серуендеуге, көптеген орындарға экскурсия жасауға және жергілікті тағамдардан дәм татуға болады. Сонымен қатар, Критте біраз тарихи ескерткіштер сақталған және отбасылық демалысқа арналған орындар баршылық.

Криттегі ерекшеліктер:

● балос бухтасындғыа үш теңіз суының кездесу нүктесі;

● Labyrinth отбасылық паркі;

● патша сарайында болу;

● әйгілі грек салаттарынан дәм тату және т.б.


5. Будва, Черногория

Будва – Черногорияның ең танымал курорттарының бірі. Бұл жер таза жағажайы және мөлдір суымен ерекшеленеді. Сонымен қатар, мұндағы асханалар мен мейрамханалардағы баға қолжетімді.

Будва ерекшеліктері:

● Тарихи орталықтағы көне шіркеулер;

● өз өлеңін алаңдарда оқитын заманауи ақындар;

● теңіз өнімдерінен жасалған тағамдар;

● Әулие Николай аралындағы жағажайда демалу және т.б.

6. Римини, Италия

Егер Сіз әлі Италияға бармасаңыз, онда саяхатты Риминиден бастау керек. Себебі, бұл – Адриатикадағы ең танымал демалыс орны. Сонымен қатар, бұл жер отбасылық саяхат үшін өте қолайлы.

Риминидің ерекшеліктері:

● Авгус императорының аркасы;

● Федерико Феллини мұражайы;

● ескі қалаға серуендеу барысында өтетін Тиберия көпірі және т.б.


7. Албена, Болгария

Албена – Балтата табиғи қорығында, Қара теңіз шығанағында орналасқан заманауи демалыс орындарының бірі. Ол жердегі қонақүйлер бес шақырымдық жағажайда орналасқан және жаныңызға керектің барлығы бар.

Албенаның ерекшеліктері:

● тарихи мұражайлар;

● ежелгі Балчик қаласы;

● балаларға арналған шексіз ойын-сауық бағдарламалары;

● жағажайда спорт түрлерімен шұғылдану және т.б.


8. Занзибар, Танзания

Занзибар – Үнді мұхитындағы архипелаг. Тамыз айында Занзибардың ауарайы тамаша болады: жаңбыр жаумайды, қатты ыстық емес және мұхиттан балғын жел соғып тұрады. Онда барып, ақ құмды жағажайда балық аулауға болады. Сондай-ақ, архипелагтың ірі аралдарында экзотикалық жануарлар жүретін орындар мен отаршылдық дәуірінің ескерткіштері бар.

Занзибардың ерекшеліктері:

● алып тасбақалар аралы және маймыл саябағы;

● дельфиндер келетін жағажай және т.б.

9. Гагра, Абхазия

Бір кездері гректердің мекені болған ежелгі қала бүгінде жылы теңіздегі ерекше демалыс аймағы. Қала шартты түрде ескі және жаңа бөлімдерге 50 шақырым жағалаумен бөлінген. Жаңа бөлікте ерекше ойын-сауықтары орталықтары шоғырланған, ал ескі бөліктің инфрақұрылымы нашар дамыған және мұнда тыныш, жалғыз демалуды қалайтын адамдар көп барады.

Гагра ерекшеліктері:

● римдіктер салған Аббат бекінісі;

● батыстағы қарау алаңынан қала көрінісін тамашалау;

● қаладан 15 км қашықтықта орналасқан әлемдегі ең терең үңгірге бару;

● кептірілген хурма мен табиғи Абхаз ірімшігінен дәм тату және т.б.


10. Ольхон аралы, Байкал (Ресей)

Байкал – Еуразиядағы ең үлкен және таза, тұщы көл, ал тамыз айында қызықты демалыс орны. Себебі, жаздың соңында Ольхондағы ауарайы жылы болады. Бірақ, түнде салқындау. Ол жерге барып, экскурсиялар жасауға, балық аулауға, атпен немесе квадроциклдермен серуендеуге болады.

Ольхонның ерекшеліктері:

● «Байкальский круиз» поезімен көлдің айнала саяхаттау;

● шығанақта шомылу және т.б.


Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


БАҚЫТТЫ болғыңыз келсе, САЯХАТ жасаңыз

Саяхатқа КӨЛІКПЕН шығатын адамдар НЕНІ БІЛУ КЕРЕК?