Жуырда әлемдегі ЕҢ ҰЗЫН аспалы көпір ашылады

0
3 830

Әлемде мұндай туристік нысан жоқ!


Жуырда әлемдегі ЕҢ ҰЗЫН аспалы көпір ашылады

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Біраз уақыт бұрын дүниежүзіндегі ең ұзын аспалы көпірдің құрылысы аяқталды. Бұл жолы әлемдік рекордты Португалия бұзды. Дегенмен бұл көпірдің құрылысын жүргізгендер айналып келіп Қытай технологиясын қолданған екен. Ұзындығы 516 метрді құрайтын аспалы көпірді экстремалды аттракцион десек те болатын шығар. Өйткені ол Агиейрас сарқырамасы мен Пайва шатқалын байланыстыратын болады.


Аталған көпір арқылы туристер әжемптәуір уақыт үнемдеп, бұрынғыдай екі сағат емес, он минутта сарқырама мен шатқала арасын жүріп өтеді. Бірақ, биіктен қорқатын туристер үшін нағыз сынақ болары сөзсіз. Көпірдің ресми ашылу салтанаты кейінірек болатынына қарамастан, жергілікті тұрғындар терең шатқал мен арқырап аққан сарқыраманың арасындағы көпірмен жүріп өтіп, керемет эмоцияны бастан кешіріп үлгеріпті. Бұл көпірдің аты әлі-ақ әлемге әйгілі болатынын білдіріп тұрғандай. Сондықтан Португалияның солтүстігінде орналасқан ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасына кіретін Арука геопаркінің көркем таулы ландшафтындағы көпір жайлы тарқата айтуды жөн көрдік.

Көпірмен алғашқы болып жүріп көргендердің айтуынша 175 метр биіктіктегі ерекше көпірден қорқудың қажеті жоқ. Себебі көпірдің қос қапталы адам бойымен шамалас тормен тоқылған. Сонымен қатар, жел тұрса көпір қозғалатынын айтқан жүргіншілер, бұл сәттен де ерекше адреналин алуға болатынын айтады.

Тағы бір айта кетерлігі – осындай биіктікте, осыншама қаіпсіз ұзын көпір салу бойынша төрткүл дүниеде португалдық инженерлер мен сәулетшілер және қытайлық көпір салу технологиясына тең келер ешкім жоқ екен.


Олар бұл көпірді Тибет стилінде жасап шыққан. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілер жолы мен рельс өте берік болаттан тор түрінде жасалған. Мұндай қадамға бару себебі – адамдар аяғының астындағы қорқынышты шатқалды, Пайва өзенінің суы мен тау бөктерін жауып тұрған жасыл желектің сұлулығын, керемет сарқыраманы толығымен тамашалай алады.


Португалияның Itecons компаниясына бұл көпірді салу үшін 3 жыл және 2,8 миллион доллар қажет болған. Көпір құрылысын 2020 жылдың шілдесіне дейін аяқтау керек болғанымен, пандемия кезіндегі қатаң шектеулерге байланысты нысанды пайдалануға беру мерзімі созылған. Бірақ, қазіргі уақытта 516 Arouca Bridge көпірі барлық жағынан дайын тұр.

Арука қаласының мэрі Маргарида Белен де бұл көпірге қатысты мәлімдеме жасап үлгерген.

"Геопарктегі көпір жайдан-жай пайда болған жоқ. Бұл – аталған аймаққа мүмкіндігінше көп адамды көшіп келуге және сол жерде тұрып жұмыс істеуге шақыратын үлкен саясаттың бір бөлігі. Біздің алдымызда осындай күрмеулі мәселелер көп болды. Соларды шешу үшін осындай алып құрылыс жүргіздік. Қазір әлемде мұндай көпір жоқ", – дейді.

Қарапайым қала тұрғындары да жаңа көпір шаһар мен геопарктің әл-ауқатын көтеріп, тұрмыс-тіршілігін жандандырады деп үміттененіп отырған көрінеді. "Бұл біздің еліміз үшін жаңа леп, өйткені ол инвестиция мен адамдарды молынан тартады", – дейді олар. Сарапшылардың айтуынша, бүгінге дейін бұл аймақтың жастары үлкен қалаларға кетуге тырысып, тек қарттар өмір сүріп келген екен. Осы тұрғыдан алғанда әлемдегі ең ұзын көпі туристерге де, тұрғындарға да пайдалы болатын секілді.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Сенесіз бе? Гитлер туризмнің дамуына МОЛ үлес қосқан


Ұшақта бұл заттарға қол тигізсеңіз не болатынын білесіз бе?