18 жастағы миллионер: шымкенттік жас кәсіпкер арманға апарар жолын 12 жасында бастаған

0
2 370

Бұл саланы Ташкент қаласына барып үйреніп келген.


18 жастағы миллионер: шымкенттік жас кәсіпкер арманға апарар жолын 12 жасында бастаған

Астың дәмін келтіретін тек тұз ғана емес, білікті аспаз. Осы ретте нарықта үнемі сұранысқа ие мамандықтардың бірі осы аспаз екені даусыз.

Біз көбінесе бұл салада әйелдер қауымын көріп жатамыз. Алайда тұрмыста асүйдің сәнін келтіруші әйел заты болғанымен, асты ерекше етіп дайындау ер адамдардың қолынан жақсы келеді.

Аспаздық – үлкен өнер. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де аталған сөзіміздің дәлелі болатын шымкенттік жігіт, шебер аспаздардың бірі Балтабаев Кудратилла Каримбекұлы.

Кейіпкеріміз бұл салаға 15 жасынан бастап аяқ басқан. Аспаз - бүгінде көптің ізденісіндегі, аса сұраныстағы мамандықтың бірі. Кудратилла бұл саланы Ташкент қаласына барып үйренген. Аталған салада қос дипломы да бар көрінеді.

Кудратилла ас дайындаудың барлық түрін меңгерген. Тек ыстық тағам ғана жасаумен шектелмей, дастарханды гүлдей жайнатып, түрлендіріп те береді. Жеміс-жидек пен көкеністерді сәндеп тураудың да хас шеберіне айналған. Одан бөлек түрлі тәттілерді де пісіруді қолға алған. Атап айтатын болсақ, еуропалық торттадың көптеген түрін жасайды. Әсіресе құрамында бисквиті жоқ, тек қаймақтан тұратын жасалуы ерекше торттарды пісіруді жақсы меңгерген.

(фотолар: кейіпкердің жеке мұрағатынан)

«Өзім бала кезімнен осы салаға қызығатынмын. Дәмді ас пісіру, түрлі тәттілерді жасауды кішкентайымнан қаладым. Осы ретте ата-анамның еңбегі зор. Ол кісілер мені қолдады, маған сенім білдірді. Сол кісілердің арқасында өзім ұнатқан маман иесі болып қана қоймай жеке кәсіпкер де болып үлгердім. Ол кісілердің сенімі мені алға жетеледі», - дейді ол.


12 жасынан, мектеп қабырғасында оқып жүріп үй жағындағы тойханаға даяшы болып жұмысқа тұрған. Айтуынша, сол тойханада жүріп, көптеген дүниелерді үйреніпті.


Мектепті аяқтаған соң, бірден Ташкентке оқуға кетіп, түрлі мықты аспаздардан дәріс алып, аспаздықтың қыр-сырын меңгеріпті.

Оқуды аяқтап келген соң, бірден ұсыныстар түсе бастаған. Басында түрлі тәтті-дәмдіні пісіріп үй маңындағы дүкендер мен дәмханаларға таратыпты. Жеке кәсіптің алғашқы баспалдақтары осылай басталғанын айтады жас аспаз жігіт.


Қазір жасы небәрі 18-де болса да Кудратилла бүтіндей бір кәсіпті жүргізіп, басқарып отырған жайы бар.

Бүгінде оның бүтіндей командасы бар. Қарамағында 10-15 жұмысшысымен бірге жеке тапсырыстар алып, үйде өтетін той-жиындарға бірегей қызметін ұсынады. Яғни тойдың дастарханынан бастап, үстелдер, даяшылар, тіпті ыдыс-аяқты жалға беруге дейін барлығы қызметті қамтып алған.

Жас кәсіпкердің бұл салада алғашқы миллион теңге табысына қол жеткізгенін де жасырмады.

«Біз үйде 3 баламыз. Қонақ келгенде барлық дастарханды өзім жасаймын. Тағам дайындаудан бастап, дастарханды сәндеу де менің мойнымда», - дейді Кудратилла.


Аспаз жігіттің (@grand.sweets) болашаққа деген жоспарлары да аз емес. Сол армандарының алғашқыларына қол жеткізіп те үлгерген. Бұрыннан армандап жүрген кондитерлік цех салу жұмыстарына кірісіп кетіпті. Бұдан бөлек өзінің жеке дәмханасын ашуды да жоспарлап жүргенін айтты. Осылайша өз кәсібіндегі үздіктер қатарына қосылуды, бренд қалыптастыруды армандайды.


Ұлбосын Әбілсейітқызы,

ERNUR.KZ