3 жасар бүлдіршіннің өлімінен кейін бірқатар медицина қызметкері жауапкершілікке тартылды

0
1 522

Инфекционист-дәрігер қызметінен шеттетілді


 3 жасар бүлдіршіннің өлімінен кейін бірқатар медицина қызметкері жауапкершілікке тартылды

ERNUR.KZ. Шымкент қалалық инфекциялық ауруханасында 3 жасар бүлдіршіннің өлімінен кейін бірқатар медицина қызметкері жауапкершілікке тартылып, жұмыстарынан босатылды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қалалық инфекциялық ауруханада қаза тапқан 3 жасар балаға қатысты қызметтік тексеру жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша бірқатар қызметкерге шара қолдынылды. Нақтырақ айтқанда, екі медбике жұмыстан босатылды. Сондай-ақ аурухананың 9 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, яғни сөгіс жарияланды. Ал аурухананың бас дәрігері мен емдеу ісі жөніндегі орынбасарына қатаң сөгіс берілді. Бұдан бөлек, инфекционист-дәрігер қызметінен шеттетілді», - делінген қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінде.

Еске салайық, үстіміздегі қыркүйек айының 9-ы, сағат 10.55-те 3 жасар бүлдіршін жедел жәрдем көлігімен қалалық инфекциялық ауруханаға жеткізілді. Оның іші ауырып, құса берген. Қабылдау бөліміндегі дәрігерлер баланың жағдайы орташа деңгейде екенін анықтайды. Алайда бүлдіршіннің әжесі оны ауруханаға жатқызудан бас тартады. Осы күні сағат 14.24-те балаға қайтадан жедел жәрдем шақыртылады. Ол кезде де әжесі ауруханаға жатуға қарсы болады. Дәл сол күні сағат 16:55-те аталған ауруханаға өздері келіп, науқас бала жатқызылған. Ол кезде «Тамақтан улану токсокоинфекциясы» диагнозы қойылды.

10 қыркүйек күні сағат 21:10-да баланың жағдайының нашарлауына байланысты, ол реанимациялық бөлімге ауыстырылған. Ал сол күні сағат 22:30-да ИВЛ-терапия мен жүрегіне қайта тірілту жасалуына қарамастан, қыздың жүрек соғысы тоқтайды. Реанимациялық жұмыстар оң нәтиже бермеген.

Клиникалық негізгі диагнозы: «Сепсис, септицемия». Асқынулар: «ЖЖӨЖ. Бас миының қабынуы, 3-дәрежелі септикалық шок». Осыдан кейін туыстары патологиялық-анатомиялық тексеру өткізуден бас тартып, баланың денесін алып кеткен. Медицина қызметкерлеріне ешқандай шағымы жоқ екені туралы қолхат жазып қалдырған. Баланың анасында да улану белгілері болған. Анықталғандай, олар бір күн бұрын дәмханадан пицца мен суши жеп, сүтті коктейль ішкен. Кейін олар тамақтанған дәмханаға және тапсырыспен алдырған тамақтарына санитарлық тексеру жүргізілді.

Дәмхана аспаздарынан стафилакокк таяқшасы, ал тапсырыспен суши дайындайтын асханадан бактериялар табылды. Арнайы комиссия қалалық жұқпалы аурулар ауруханасын да жаппай тексерді.

Шымкент қаласының әкімдігі 3 жасар сәбидің ауруханада қайтыс болуына қатысты мәлімдеме жасады.

Шымкенттегі 3 жасар қыздың өлімі пицца мен сушиден болуы мүмкін.