«Адал көмек»: Шымкентте кезекті қабылдау өтті

0
828

Қоғамдық қабылдау барысында сұрақтардың басым бөлігі бала күтіміне байланысты демалысқа қатысты болды.


«Адал көмек»: Шымкентте кезекті қабылдау өтті

«Адал көмек» жобасы аясында Шымкентте «Аntikor ortalyǵy» алаңында қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Б.Қалжанов және Қоғамдық кеңес жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарын бақылау жөніндегі тұрақты комиссияның мүшеcі Ә.Әбжанов азаматтарды қабылдап, кеңес берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қоғамдық қабылдау барысында сұрақтардың басым бөлігі бала күтіміне байланысты демалысқа қатысты болды. Мәселен, Ж. есімді азаматша бала күтіміне байланысты демалыстан ерте шыққысы келгенімен, жұмыс жасайтын мекеме орын жоқтығын алға тартқандығын айтып, кеңес сұрады.
Қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов азаматшаның құқықтарын түсіндіре келе, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс уақытында жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) сақталатындығын жеткізді.
Сондай-ақ бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс аяқталғанға дейін жұмысқа шыққан жағдайда, жұмыскер жұмыс берушіні өзінің ниеті туралы жұмыс басталғанға дейін бір ай бұрын хабардар етуге міндетті екендігін айтты.
Айта кетейік, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына өмірлік маңызды мәселелерді шешуде заң көмегін көрсету мақсатында қолға алынған «Адал көмек» жобасы енді офлайн форматта жүзеге асырылуда.
Бастамашысы ретінде танылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен әр бейсенбіде «Аntikor ortalyǵy» алаңында түрлі сала өкілдерімен өткізілуде.

Айта кетейік, «Адал көмек» жобасы аясында монополистердің қатысуымен офлайн форматта азаматтарға кеңес ұйымдастырылды. «Антикор орталығы» алаңында өткен іс-шарада қала тұрғындарына Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дархан Қаинбердиев, Қоғамдық кеңес жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарын бақылау жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі Ө.Шыныбекұлы, Қуатжылуорталық-3, «Су ресурстары - Маркетинг» ЖШС, «Энергопоток» ЖШС, ҚазТрансГаз Аймақ, Су құбыры және канализация басқармасы мекемелері өкілдері кеңес берді.